Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұрат 1959 жылы қарашада Атырау облысына қарасты Қосшағыл поселкесінде дүниеге келген. Қызмет жолын 1983-1990 жылдар аралығында «Білім және еңбек» журналынан бастаған ол, «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Горизонт»-«Өркен» газетінде редактордың орынбасары, «Жалын» журналының жауапты секретары, Қазақстан ЛКЖО ОК жастар бұқаралық ақпарат құралдары секторының меңгерушісі болып жалғастырды. Кейін он жылға жуық ҚазМУ-дің филология факультетінде оқытушы болды. Кейін «Қазақ әдебиеті»газеті, «Ана тілі» газеті, «Астана» журналы сынды іргелі басылымдарда басшылық қызмет атқарды.
Қаламгер «Шәңгерей: жасампаздық өмірі», «Батыс Алаш-Орда: биобиблиографиялық сөздік тәжірибесі», «Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы», «Кәбиса жыл: зерттеу, эссе, әдеби толғамдар», «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің мәлімсіз майданы», «Димаш. Когда жаждут крика» кітаптарының және мерзімді басылымдар бетінде жарияланған жүзге тарта мақаланың авторы.
Марқұм «Egemen Qazaqstan» газетіне берген соңғы сұхбатында Ақселеу Сейдімбектің сөзін еске алған еді:
«Ахаң ұстазым қайтарының алдында: «Ай, Мақсатжан, жазатыныңды 65-ке дейін жазып қал, одан әрі – шабаш!» деп еді, білгендей-ақ айтқан екен, жарықтық. Сонда өзі 67-де екен ғой, қарап отырсам. Ал жазушы үшін жаза алмай қалу – өте ауыр, тіпті өкінішті, қайғылы жағдай болуы керек».
Мақсат Тәж-Мұрат та 66 жасында фәни жалғанмен қош айтысты.