Кеңеске Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, облыс әкімдері және ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев қатысты.

Олжас Бектенов Президенттің 2029 жылға дейін Қазақстан экономикасына 150 миллиард доллар шетелдік инвестиция тарту жөніндегі стратегиялық міндетіне назар аударды.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13,8 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5%-ға артық. Ең жоғары өсім энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және көлік салаларында байқалған.
Инвестициялардың басым бөлігі жылжымайтын мүлік, көлік және тау-кен өнеркәсібіне бағытталған. Өңірлер арасында Астана қаласы мен Түркістан облысы жоспарды орындауда көш бастап келеді. Ал Қарағанды, Атырау, Ұлытау және Абай облыстары белгіленген межеден артта қалып отыр.
Бірыңғай ұлттық пул шеңберінде биыл 185 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін тағы 268 жобаны іске қосу жоспарланған.
«Жалпы тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) көлемі $10,1 млрд-ты құрады. Өңдеу өнеркәсібі, қаржы секторы, көлік, байланыс және энергетика салаларына қаражат белсенді тартылуда. Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстары, сондай-ақ Астана қаласы ТШИ бойынша мақсатты көрсеткішке қол жеткізуде көш бастаса, оның қатарында Павлодар, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бар», делінген хабарламада.
Премьер-министрдің айтуынша, негізгі капиталға инвестиция тарту жоспары 52,7%-ға, ал тікелей шетелдік инвестициялар жоспары жартысынан аз деңгейде орындалған. Ол жобаларды жүзеге асырудың баяу жүруін мемлекеттік органдардағы артық бюрократиялық рәсімдер мен мерзімдердің кешіктірілуімен байланыстырды.
Атырау облысында негізгі капиталға инвестиция тарту жоспарының орындалуы 42,8%, Ұлытау облысында 61,5%, Абай облысында НКИ бойынша 70,4%, ал ТШИ бойынша 26,2% болған. Мұнда мыс балқыту зауыты мен күнбағыс майын өңдеу цехы сияқты бірқатар жобалар жабдықтардың кешігіп жеткізілуіне байланысты түйткілді мәселелер туындап отыр.
«Әкімдер мен министрлер инвестиция тарту мәселелерімен күн сайын тікелей айналысуы тиіс. Бұл ең маңызды мәселе. Инвестиция болмаса, экономикада ешқандай даму болмайды. Артта қалған өңірлердің әкімдеріне инвестициялар бойынша нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін өз орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын», деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар жиында инвесторларды сүйемелдеу жүйесінің тиімділігін арттыру шаралары да қаралды. Ірі инвестициялық жобаларды уақтылы іске қосу үшін инфрақұрылым салу мәселелеріне көңіл бөлінді. Сондай-ақ инвесторлар құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.
Тізілімге енгізілген инвесторларға қатысты «прокурорлық сүзгіні» енгізу 380 заңсыз тексеру мен 450 әкімшілік өндірістің және екі 200-ге жуық шектеу шарасының жолын кесуге мүмкіндік берді. Ел экономикасына қосқан үлесі шамамен 19 трлн теңгені құрайтын 1800 инвесторға көмек көрсетілді.
Кеңес қорытындысында Премьер-министр инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыруды, өңірлердің белсенділігін арттыруды және бюрократиялық кедергілерді жоюды тапсырды.