Фото: dzen.ru
Отырыста Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов бұл мәселе жөнінен әр мемлекеттік орган өз бағыттары бойынша қаржылық ресурстарына қарай салалас зерттеу жүргізгенін айтты.
– Барлығы ашық түрде жарияланды. Мысалы, Оқу-ағарту министрлігі балалардың әл-ауқат индексін әзірледі. Сонымен қатар құқық қорғаушы ұйым Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қоры мемлекеттік органдардың деректерін талдау және қорытындылаудың негізінде өзінің жеке зерттеуін жүргізді. Биыл шілде айында нәтижелерін көпшілікке таныстырды. Зерттеу нәтижелері ұйымның ресми сайтында қолжетімді және Мәжіліске де жолданды, – деді Е.Кочетов.
Зерттеу отандық және шетелдік ғалымдардың әлеуметтік және психологиялық зерттеулеріне сүйеніп әзірленген. Аталған қор басшысының айтуынша, онда ақпараттық кеңістіктің жасөспірімдердің сана-сезіміне әсері, сондай-ақ дәстүрден тыс қатынастарды насихаттау формалары (мультфильмдер, балалар әдебиеті, сериалдар және т.б.) жіті талданған.
– Былтыр қабылданған «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң аясында, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген еді. Бұл нормалар өз тиімділігін көрсетті: биылғы алғашқы 9 айдағы қорытындысы бойынша мұндай қылмыстардың саны 18%-ға төмендеді. Сондықтан ақпараттық кеңістіктегі шектеу мен бақылау шаралары – балаларды қорғауда маңызды. Сонымен қатар отандық БАҚ пен әлеуметтік желілердегі ЛГБТ тақырыбының белсенділігі зерттелді. 2024 жылы осы тақырыпта 1 559 материал жарияланған. Әлеуметтік медиада бұл бағыттағы контент көбіне блогерлер мен белсенділер арқылы тарайды. Ал әлеуметтік сауалнама нәтижелері жастардың басым бөлігі дәстүрден тыс жыныстық қатынастар туралы ақпаратты ең алдымен әлеуметтік желілерден (63%), ал баспа БАҚ, телеарна және радиодан – шамамен тек 40%-ы алатынын көрсетті. Бұл интернет кеңістігінің жастардың көзқарасына әсер етуде шешуші рөл атқаратынын айғақтайды. Біздің қоғамның басым бөлігі ЛГБТ қозғалысына негативті немесе бейтарап көзқарас танытады. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 71-80%-ы бұл құбылысқа теріс көзқарас білдірген. Демек депутаттардың ұсынып отырған түзетулері қоғам тарапынан кең қолдау тауып отыр, – деді Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қоры басшысы Үсен Сүлеймен.
Ал «Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы» мемлекеттік мекемесі Бас директорының орынбасары Нәби Есімов балалар мен жасөспірімдердің дамып келе жатқан психикасына кез келген насихат – ашық болсын, жасырын болсын тікелей әсер ететінін жеткізді.
– Баланың сын тұрғысынан ойлау қабілеті әлі толық қалыптаспаған, ал оның миы икемді және сыртқы әсерлерге өте сезімтал келеді. Мысалы, көрнекі-бейнелі ойлау шамамен 6-7 жаста қалыптаса бастайды. Дәл осы кезеңде баланың санасына дәстүрден тыс немесе даулы құндылықтар жиі ұсынылса, ол оның өмірлік ұстанымдары мен мінез-құлқына ұзақмерзімді әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар жасөспірімдерге бағытталған идеологиялық мазмұндағы ақпараттың артықтығы психологиялық шамадан тыс жүктемеге әкеледі. Бұл өз кезегінде үрей мен мазасыздықтың артуына, өзін-өзі төмен бағалау және эмоционалды тұрақсыздыққа, әлеуметтік бейімделудің төмендеуіне, өзіндік идентификацияның бұзылуына әкелуі мүмкін. Яғни ЛГБТ тақырыбындағы насихат психикалық бұзылуға бейім жасөспірімдердің жағдайын күрделендіруі ықтимал. Сонымен қатар мұндай насихат жасөспірімдердің құндылықтық бағдарларын өзгертіп, қоғамдағы дәстүрлі моральдық ұстанымдарға және демографиялық жағдайға да кері әсерін тигізуі мүмкін, – деді Н.Есімов.
Дәстүрлі емес жыныстық қатынасты қолдаушы қоғам өкілі Сәрсен Әубәкіров ұсынылып отырған бастама халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін тілге тиек етті.
– Конституция заң алдында бәрінің теңдігін кепілдейді және шығу тегі, әлеуметтік жағдайы және басқа да белгілер бойынша кез келген кемсітушілікке тыйым салады. 2015 жылы Конституциялық кеңес «дәстүрлі емес қатынастарды насихаттауға тыйым салу» туралы заң жобасын Конституцияға сай емес деп таныған еді. Егер осындай мазмұндағы заң қайта қабылданатын болса, біз оны Конституциялық сотта қайта қарауға міндетті боламыз, себебі ол ұлттық және халықаралық құқық нормаларына қайшы келеді. Мұндай нормалар ақпарат алу және пікір білдіру еркіндігіне шектеу қояды және Қазақстанға берілген халықаралық ұсынымдарға да қарсы келеді. Еуропалық Адам құқықтары соты да осындай заңдардың дискриминациялық сипатта екенін және қоғамда стигма мен қорқынышты күшейтетінін бірнеше рет атап өткен. Мұндай түзетулер қоғамды қорғамайды, керісінше үрей, өз-өзін цензуралау және өшпенділікті арттырады. Қарапайым мұғалімдер, журналистер, психологтер, ғалымдар және ата-аналар бәрі де тек қабылдау мен құрмет туралы айтқаны үшін айыпталуы мүмкін. Кез келген ЛГБТ туралы пікір «насихат» ретінде бағалануы ықтимал. Бұл жағдайда буллингке, қысым мен оқшаулануға ұшыраған жастар ақпарат пен қолдаудан айырылады, – деді белсенді.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ-ға қатысты нормада насихатқа тыйым салу мәселесі көтеріліп отырғанын, бірақ жеке тұлғалардың құқығы шектелмейтінін түсіндіріп өтті.
– Біз бала құқығын қорғау, мәдениет саласы, кинематография, онлайн платформа және онлайн жарнамалау, масс-медиа сияқты заңдарды қарастырып отырмыз. Мұнда порнографияны, зорлық-зомбылықты, қорлауды, адам психикасына әсер ететін, әсіресе, балаларды құқық бұзушылыққа итермелейтін басқа да шараларды пайдалану заңмен қудаланады. Енді осының қатарына дәстүрлі емес жыныстық қатынас өкілдерінің насихатын да қостық. ЛГБТ өкілдері «біздің құқығымыз тапталып жатыр» дейді, біз «сіздің құқығыңыз тапталып жатқан жоқ, бізде ЛГБТ-ға тыйым жоқ, біз оны насихаттауға тыйым салу мәселесін көтеріп жатырмыз», дейміз. Ол екеуі – екі бөлек нәрсе. Сондықтан оның аражігін ашып алу керек, – деді Е.Жаңбыршин.
Мәжілісмен ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу қажет екенін, мұндай ұйымдар ұлттық құндылықтарымызды таптап, ұрпақ тәрбиесіне қауіп төндіретінін айтты. Оның айтуынша, ата-ана балаға өзінің жынысы мен рөлін түсіндіріп, дұрыс бағытта тәрбиелеуі керек. Сонда ғана қоғамдағы моральдық және психологиялық мәселелердің алдын алуға болады дейді.
– Біз тәрбие мәселесін білім ордаларына, мұғалімдерге ғана артып қоймауымыз қажет. Тәрбие отбасынан басталады. Сондықтан ұлттық құндылықтарға иек артып, салт-дәстүрге көбірек мән беру керек. Қыздың қыз екенін, ұлдың ұл екенін бала кезінен бастап түсіндіруіміз керек. Кейбір отбасыларда қызға ер баланың киімін немесе ер балаға қыздың киімін кигізіп қояды, ол – дұрыс емес. Бала өзінің кім екенін кішкентай кезінен біліп өскені абзал. Сол кезде ғана біз ұрпағымызды сақтап қаламыз, – деді депутат.
Жұмыс тобының отырысында бірқатар депутат елімізде ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын түзетулерді қолдады. Олар бұл шаралардың сәл кеш қолға алынғанын да айтып қалды.
– Кітап дүкенінен ЛГБТ-ны насихаттайтын басылымдарды көрдім. Онда екі ханзада бір-біріне ғашық болып қалады. Мұндай өте көп. Осыған ұқсас келеңсіздіктерді насихаттайтын мультфильмдер, журналдар, комикстер де бар. Бұғанасы қатпаған жасөсіпірімдерге мұндай түсінік тез сіңіп кетеді. Сондықтан бір жыныстық қатынасты насихаттаса, пропаганда жасаса, ұрандаса, онда тыйым салу керек. Өздері қалағанша өмір сүрсін, бірақ насихат жасамасын. Үйінде болғанның бәрі сол үйде қалсын. Негізі бұған тыйым салу шараларын сәл кеш қолға алып отырмыз. Десек те, балалар мен жасөспірімдерді қорғау әр кез маңызды, – деді депутат Ирина Смирнова.
Біраз уақытқа созылған талқылаудан соң, жұмыс тобы мүшелерінің қолдауымен норма қабылданды.