Өндіріс • Бүгін, 09:05

Алғашқы ферроқорытпа зауыты

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екібастұзда «KazFerroLimited» ЖШС-нің алғашқы ферроқорытпа зауыты іске қосылды. Жаңа кәсіпорын жылына 60 мың тоннаға дейін өнім шығарады.

Алғашқы ферроқорытпа зауыты

Суретті түсірген – Валерий БУГАЕВ

Жалпы құны 30,4 млрд тең­гені құрайтын бұл жоба – Павлодар облысы аумағында жүзеге асырылуы жоспарланған үш ірі өндірістік кешеннің алғашқысы. Барлық нысан іске қосылғаннан кейін еліміз қара және түсті металлургияда, машина жасау, көлік және басқа да өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылатын стратегиялық маңызды мате­риал – ферроқорытпа өндірісі бойынша әлемде 2-орынға шығуға мүмкіндік алады.

Зауыт халықаралық эколо­гиялық, технологиялық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келетін екі заманауи электр пеші­мен жабдықталған. Жоғары тех­нологиялық кәсіпорын 99,9% тиімділікпен ауаны тазартуды қамтамасыз ететін заманауи гибридті сүзгілермен жабдықталған және ең жоғары экологиялық талаптарға жа­уап береді. Жобаны жүзеге асыру аясында 350-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады.

«Бұл – Ертіс-Баян өңірі аумағында Қазақстанды ферро­қорытпа өндірісі бойын­ша әлемдік көшбасшылар қата­ры­на қосуға қабілетті толық­қанды металлургиялық клас­тер­ді құ­руға бағытталған стра­те­гиялық қадам. Екібастұз еліміз­дің негізгі өндірістік орта­лықтарының біріне айналып келеді, ал бүгінгі оқиға өңірдің индустриялық дамуының жаңа кезеңінің басталуын білдіреді», деді облыс әкімі Асайын Байханов.

Өңір басшысы мен «KazFerroLimited» ЖШС бас директоры Қайрат Нүкенов символдық түрде алғашқы электр пешін іске қосу рәсіміне қатысты. Одан соң өңір басшысы жаңа кәсіпорынның негізгі өндірістік аймақтарын аралап, технологиялық үдерісті толық бақылауда ұстайтын операторлық бөлімге барды. Сонымен қатар металдың алғашқы құйылу үдерісіне куә болды.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы