Экономика • Бүгін, 09:00

Инновация экономиканы өзгертетін күшке айналды

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Цифрлық технология – экономиканы жаңартудың басты тетігі. Әлем елдері ІЖӨ өсімін жеделдету үшін жасанды интеллектіні өндіріс, медицина, қаржы саласына енгізіп жатыр. Еліміз де бұл үдерістен шет қалмай, цифрлық басқару мен «ақылды» технологияларды алға оздыруды стратегиялық бағыт ретінде таңдады.

Инновация экономиканы өзгертетін күшке айналды

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жасанды интеллект ел эко­номикасының өсуіне айтар­лықтай әсер ете алады. Грузия экономистері Давит Гондау­ри мен Михаил Батиаш­вили жүргізген жаңа зерт­теу жасанды интеллект техноло­гияларының ішкі жалпы өнімді арттыра алатынын көрсетті. Ғалымдар ондаған елдің экономикасын зерттей отырып, жасанды интеллект жыл сайын ІЖӨ-нің өсімін 2,3%-ға дейін жет­кізе алатынын анықтады.

«Егер мемлекет цифрлық технологияларға нақты қар­жы салса, технопарктер ашып, жасанды интеллектіні мем­ле­кеттік қызметтерге, меди­ци­наға, өнеркәсіпке және көлікке енгізсе, нәтижесі көп күттірмейді. Мысалы, Германия мен Оңтүстік Кореяда жасанды интеллект өндірісті жаңартуға, қателіктерді азайтуға және тиімділікті артты­руға көмектесті. АҚШ-та ол медицина мен банк жүйесін жетіл­діруге ықпал етті. Үндістанда автоматтандыру жаңа жұмыс орындарының ашылуына себеп болды. PwC және McKinsey халықаралық сарапшыларының бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономиканың көлемін 15 трлн долларға ұлғайтуы мүмкін», деп жазылған зерттеуде.

Біздің ел цифрлық трансформация стратегиясын іске асырып келеді. 2023 жылы Үкімет ақпараттық технологиялар мен киберқауіпсіздікті дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн форматта көрсетіледі. eGov порталы мен мобильді қосымша арқылы 33 цифрлық құжатқа қолжеткізуге болады. «Цифрлық құжаттар» қызметін 12 млн-нан астам адам пайдаланған.

Қаржы министрі Мәди Та­киевтің айтуынша, Мемлекет басшысының көлеңкелі экономиканы азайту туралы тапсырмасын орындау барысында цифрлық технология экономикаға дендеп енген.

«Биылдан бастап көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша негізгі уәкілетті орган ретінде Қаржы министрлігі бекітілді. Осыған орай жаңа тәсілдер қабылданды, үйлесті­ру мен саясатты жүргізу министр­ліктің құзырына өтті. Мемлекеттік органдардың даму жоспарларында KPI көрсеткіштерін бағалау жүйесі енгізілді. Көпте­ген органның ережелеріне кө­лең­келі экономикаға қарсы іс-қимыл функциясы қосылды. Ал көлеңкелі айналымы жоға­ры салаларға Жол картала­ры әзір­ленді. Салықтық әкімші­лендіруде заманауи цифрлық құралдар еніп жатыр. Негізгі жоба – «Smart Data Finance» жүйесі. Бұл жүйе жасанды интеллект арқылы азаматтар мен бизнестің үлкен деректерін талдайды, салықтан жалтару схемаларын анықтайды және салық төлеушінің цифрлық профилін жасайды. Қазір жүйеге 74 дерек­көз қосылған, жыл соңына дейін тағы 30 мекеме, оның ішінде банк­тер мен мемлекеттік органдар қосылмақ», дейді министр.

Экономист Олжас Құдай­берген жасанды интеллектіні кеңінен енгізу еліміздің ішкі жалпы өнімін айтарлықтай арттырды деп бағамдайды. Бірнеше халықаралық зерттеулердің нәтижесінде генеративті жасанды интеллект Кавказ және Орталық Азия елдерінің экономикасына, соның ішінде Қазақстанға да, жыл сайын шамамен 10 мил­лиард доллар көлемінде қосымша үлес қосқан. Мысалы, былтыр еліміздің ІЖӨ-сі 288 миллиард долларға жеткен.

«Мемлекетіміздің инновация мен технологияға басымдық беруі – елдің болашағына бағыттал­ған дұрыс қадам. Технологиялық прог­ресс пен цифрландыру эко­номикамыздың бірнеше саласында нақты нәтиже беріп отыр. Мәселен, мемлекеттік басқаруда электронды үкімет жүйесі мен жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізілді. Ал ақылды көлік жүйелері қозғалысты бақылайды. Байланыс саласында 5G технологиясы жылдам интернет пен жаңа сервисті дамытты. Ауыл шаруашылығында цифрлық платформалар мен дәлме-дәл егіншілік технологиялары өнімділікті арттырды. Тау-кен және металлургия саласында өндіріс автоматтандырылып жатыр. Қаржы саласында финтех пен онлайн төлем жүйелері кең таралып, халыққа қызмет көрсету сапасы жақсарды», дейді экономист.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ ғылы­ми қыз­меткері Салтанат Ахметжа­но­ваның айтуынша, бүгінде еліміз Орталық Азия мен ТМД елдері арасында цифрлық басқа­ру деңгейі бойынша көш бастап тұр.

«Біз әлемдік рейтингтер­де де жоғары орындамыз. Электрон­дық мемлекеттік қызметтер мен экономиканы цифрландыру бағытында жақсы нәтижеге жеттік. 2029 жылға дейінгі жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Сонымен қатар мобильді және кең жолақты интернет желісінің қамтылу аумағы кеңейіп келеді. Мемлекеттік жоғары оқу орындарында жасанды интеллект негіздері бойынша оқыту міндет­ті пәнге айналып жатыр. Эко­номикалық тұрғыдан алған­да, цифрландыру мен жасан­ды ин­теллект бағдарламасы ел­дің құрылымдық дамуына сер­пін бере алады. Бұл елімізді ши­кізатқа тәуелді емес жаңа даму жолына шығарып, өнімділікті арттыруға және салық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді», дейді сарапшы.

Расында, мемлекеттік басқа­рудағы цифрландыру әкімшілік шығындарды азайтады, бизнес пен азаматтарға қызмет көр­се­ту үдерісін жылдамдатады әрі жемқорлық тәуекелін төмен­детеді.

«Нақты секторда жасанды интеллект өндіріс жабдықтары­ның тиімділігін арттыра алады. Ал ауыл шаруашылығында «ақыл­ды» технологияларды енгі­зу кли­маттық тәуекелді алдын ала бол­жауға жағдай жасайды. Экономика құрылымында да өзгеріс болады. Цифрлық клас­терлер пайда болып, ел білім мен ин­­новацияға негіздел­ген эко­но­­микаға көше бастайды. Бұл өзгерістер шикізатқа тәуелді­лікті азайтады. Цифрлық ко­декс цифрлық активтерді, онлайн қызметтер мен электрондық сауда алаңдарын реттеу үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл салық түсімдерін көбейтуге ықпал ете­ді. Мемлекеттік сатып алуларды автоматтандыру және онлайн бақылау бюджеттік шығындарды азайтады», дейді С.Ахметжанова.

Мәжіліс депутаты Берік Бей­сенғалиевтің пікірінше, жасанды интеллект пен цифрландыруды дамыту ел экономикасының тұрақты өсуінің басты бағыты болуға тиіс.

«Қазіргі жағдай күрделі, бірақ ел­дің басты мақсаты – тұрақты­лықты сақтау. Кейінгі жеті айда елдің ішкі жалпы өнімі 6,3%-ға өсті. Бір адамға шаққандағы табыс шамамен 1 770 долларды құрап отыр. Бұл көрсеткіш көрші Ресей мен Қытайдан жоғары. Мұнай өндірісі 7,5%-ға өсіп, тәулігіне 2 млн баррельден асты. Бұл – тарихи ең жоғары көрсеткіш. Елдегі оң өзгеріске қарамастан, Президент экономиканы одан әрі дамыту қажет екенін айтты. Эко­номиканың болашағы цифрлық технологиялар мен жасанды интел­лектіні қолдануға байланысты. Бұл тек өндіріс саласында емес, мектептегі білім беруде де маңызды рөл атқарады», деді депутат.

«Мемлекеттік егемендік туралы декларациясы» – еліміздің жаңғыру дәуірін бастаған аса маңызды құжат. Егемендік  елдің саяси еркіндігі мен эконо­ми­ка­лық дербестігіне жол ашты. Инновация бүгінде ел дамуының негізгі бағытына айналды. Цифр­лық технологиялар, «жасыл экономика», сондай-ақ деректерге негізделген шешімдер эко­но­ми­каның құрылымын өзгерт­­ті. Инновация енді тек тех­но­­логия емес, ойлау тәсілі мен басқару мәдениетінің бөлігіне айналып отыр. Бұл – елдің тәуелсіз дамуының жаңа кезеңі, еге­мен­дік­тің бүгінгі мазмұны.