Аймақтар • Бүгін, 16:10

Атырауда заңсыз айналымнан 30,6 мың литр алкоголь, 9,7 мың тонна мұнай алынды

60 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қарсы күрес шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда заңсыз айналымнан 30,6 мың литр алкоголь, 9,7 мың тонна мұнай алынды

Фото: Ашық дереккөз

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Айбек Бахтияровтың айтуынша, акцизделетін өнімдер айналымының заңдылығына, ал кәсіпкерлерге жұмысты ашық әрі ыңғайлы етуге басымдық беріліп отыр.

«Рейдтік тексерулер және камералдық бақылау нәтижесімен жыл басынан бері заңсыз 30 мың 635 литр алкоголь, 9 мың 714 тонна мұнай өнімдері, 187 мың 819 қорап темекі анықталды. Мұндай өнімдерді тасымалдау немесе сату кезінде міндетті түрде тауарларға ілеспе жүк құжаты рәсімделуі тиіс. Бұл тауарлардың қайдан шыққанын, қайда жеткізілгенін нақты анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде заңсыз тасымалдау мен көлеңкелі айналым азаяды», дейді Айбек Бахтияров.

Оның айтуынша, тауарларға ілеспе жүк құжаты электронды форматта толтырылады. Тауар жөнелтілген сәттен бастап дереу тіркелуі қажет. Ал бөлшек саудамен айналысатын немесе жанармай құю станцияларындағы сатылымдарға бұл талап қолданылмайды.

«Кейбір кәсіпкерлер құжатты толтыру кезінде деректерді дұрыс енгізбейді. Құжатты уақытында тіркемейді. Осындай олқылықтың алдын алу үшін түсіндіру жұмысын үздіксіз жүргізіп келеміз», деді Айбек Бахтияров.