Шаруашылық • Кеше

Егінжайдағы ерлік

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақмолалық диқандар егін орағын толық аяқтап, 7,6 миллион тонна астық жинады. Бұл өңір тарихында тұңғыш рет қол жеткізілген толағай табыс.

Егінжайдағы ерлік

Биыл жер емшегін емген диқандар 4,68 миллион гектар егістік алқабынан ел ырыздығын шашпай-төкпей жинап алды. Гектар берекесі орташа есеппен 16,3 центнерден айналды. Бір қуанарлығы, жиналған астықтың 75%-ы жоғары сапалы. Күзгі жиын-терін уақытын­да жанқиярлықпен жұмыс істе­ген ауыл шаруашылығы еңбек­кер­лері ала жаздай күтіп-бапта­­ған ал­қап­тар­дан 650 мың тонна ­май­лы да­қыл­дарды жинады. Бұл тараптағы өнім де рекорд­тық нәтиже.

Түнді күнге, күнді түнге ұлас­тырып, еселі еңбек еткен диқандар мұндай толымды табысқа ең алдымен ауа райының қолайлығы себеп болғандығын айтып отыр. Сан жылдар бойы бай тәжірибе жинақтаған дала ерлері заманауи агротехникалық шараларды тиімді пайдаланып, жердің тілін таба білгендігі де бар. Шаруа­ның тиянақты атқарылуына «Кең ­дала-2» бағдарламасы ар­қылы берілген қаржылық демеу де септігін тигізді. 930 ауыл ша­руа­шылығы құрылымы 118,5 млрд­ теңге болатын жеңілдетіл­ген несиеге ие болды. Егістік алқаптары 336 мың тонна минералды тыңайтқыштармен байытылды. Ауыл шаруашылығы құ­рылымдары 1,5 мың дана ауыл шаруашылығы техникаларымен жарақтандырылды.

Облыстық ауыл шаруашы­лығы және жер қатынастары бас­қармасының мәлімдеуінше, құт қамбасына құйылған астықтың сапалы болуы сұраныс көлемін ұлғайтады. Ішкі қажеттілікті өтеу­мен қатар, экспортқа шығаруға да жағдай бар. Облыстың астық қоймаларына 7,2 млн тонна өнім сияды. Бұл жай астықтың бағасы өскенге дейін сақтауға мүмкіндік береді.

Толағай табысқа қол жеткізу­дің сыры туралы бірауыз сөз айта кетелік. Ол ең алдымен ауыл шаруашылығы құрылымдары­ның материалдық-техникалық ба­за­сының көп-көрім жақсаруы­на байланысты. Онсыз көктемгі, к­үзгі дала жұмыстарын тыңғы­лық­ты жүргізу қиынға соғады. Жыл басынан бері өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 57,1 млрд теңге болатын 1 562 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде 159 астық комбайны, 319 трактор, 53 егіс кешені, өзге де техникалар бар. Фермерлерге әр литрі 254 теңге болатын 84,4 мың тонна дизель отыны жеңілдетілген бағамен бөлінді. Үкіметтің астық және майлы дақылдарды кеп­тіруге 11 мың тонна дизель отынын бөлгені де дер кезінде көрсетілген көмек болды.

Астықтың бойындағы ылғал­ды кептіруге де бар күш-жігер жұмсалды. 264 астық кептіретін құрылғы кідіріссіз жұмыс істеп тұрды. Келер жылдың қамын ойлаған диқандар 539,8 мың тонна сапалы тұқымды қамбаларына құйып алды. Сапалы тұқым келесі жылғы ырыздықтың кепілі. 2025 жылдың қорытындысында өңір еңбеккерлері 1,2 трлн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірді.

Береке ынтымағы ұйыған, ойға алған ісін тап-тұйнақтай етіп атқаратын жерге бітеді. Бітік егін өсіру жолында диқандар маңдай терін моншақтатып жүріп еңбек етті. 4,2 млн га алқаптың арамшөбін жою мақсатында химиялық өңдеу жүргізілді. Бұл көрсеткіш көзделген жоспардан 6%-ға артық. Шегірткеге қарсы 328 мың га алқап қорғалды. Көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 1,8 есе көп. Егістік алқаптарды зиян­кестер мен аурулардан сақтау мақсатында 2 млн га егістік алқабы өңделді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Минералды тыңайтқыштармен алқаптарды байыту көлемі де үш есе артты. Міне, осындай ілкімді істердің арқасында ақық дән аялаған өңір диқандары тамаша табысқа кенеліп, ел ырыздығын молайтуға үлес қосты.

Өңірдегі егіншілік мәдениетін жетілдіру арқасында мол өнім ал­ған шаруашылықтарды ерекше­ атап өткен жөн. Сандықтау ауда­нындағы «Свободное» жауап­кер­ші­лігі шектеулі серіктестігі ­13 993,5 га алқапқа дәнді дақыл­­­дар тұ­қы­мын сіңіріп, гектар бере­ке­­сін 37,4 центерден айналдыр­ды. ­Осы аудандағы «Белгород­ское» ­се­рік­тестігі 11 991 га алқап­қа егін еккен болатын. Әр гектардан 32,5 цент­нерден астық жинады. Бұланды ауданындағы жыл сайын жоғары көрсеткішке қол жеткізіп жүрген «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі әр гектардан 32,2 цент­нер­ден өнім жинады. Өңірде мұн­дай өнімді жұмыс істеген серік­тестіктер жетерлік. Жоғары өнім ерен еңбектің нәтижесі, диқан­дар қауымының қажырлы қимылының өтеуі.

 

Ақмола облысы