Әскер • Кеше

Ұландықтар Республика күнін атап өтті

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында Республика күніне арналған салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұландықтар Республика күнін атап өтті

Мерекелік жиынға «Шестой пост» фильмінде басты рөлді сомдаған Сануржан Сүлейменов арнайы шақырылып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген құқықтық тәртіп әскері өкілдеріне құрметін жеткізді әрі «Шестой пост» фильмінің түсірілімі кезінде әскери өмірдің жауапкершілігі мен ерліктің мәнін терең түсінгенін атап өтті.

«Әскерилердің еңбегі – көрінбей жасалатын, бірақ елдің тыныштығы үшін шешуші рөл атқаратын қызмет. Сол еңбекті бағалау – әр азаматтың борышы. Ел тыныштығын сақтап жүрген әр сарбазға алғысымыз шексіз, – деді С. Сүлейменов.

Салтанатты шара барысында қатысушыларды Республика күнімен құттықтаған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев, бұл мереке – ел тәуелсіздігі мен мемлекеттіліктің қалыптасу жолындағы халықтың бірлігі мен ынтымағын паш ететін маңызды күн екеніне тоқталды. "Республика күні – еліміздің жаңа дәуірге қадам басқан тарихи сәтін айшықтайтын ерекше мереке, әскери қызметшілердің міндеті – осы тәуелсіздіктің, тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі болу",- деді генерал-майор.

Мереке аясында қызметтік борышын адал атқарып жүрген әскери қызметшілер мен бірқатар кеш қонақтары марапатталды. Соның ішінде Сануржан Сүлейменовке ҚР ІІМ орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төс белгісі табысталды.

Іс-шара барысында Республика күніне арналған деректі фильм көрсетілді. Фильмде ел тәуелсіздігінің қалыптасуы, мемлекеттік рәміздердің қабылдануы және қазақ әскерінің даму тарихы баяндалды.