Теннис • Бүгін, 15:56

Астанада үстел теннисінен Президенттік кубок өтеді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жарысты Nomad үстел теннисі академиясы Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстанның үстел теннисі федерациясының қолдауымен ұйымдастырып отыр, деп жазады Egemen.kz

Астанада үстел теннисінен Президенттік кубок өтеді

NOMAD академиясының директоры Руслан Жетубаев болашақта Президенттік кубокты дәстүрлі турнирге айналдыру көзделіп отырғанын айтты:

«Бұл турнир Қазақстанның брендіне айналып, жыл сайын жас таланттар мен танымал шеберлер бас қосатын алаң болғанын қалаймыз. Бұл жай ғана жарыс емес – үстел теннисін дамыту мен халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуға жасалған қадам», деді ол.

Биылғы додаға 14 елден 300-ден астам спортшы қатысады. Олардың қатарында Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларынан келген спортшылармен бірге Оңтүстік Корея, Қытай, Венгрия, Мысыр, Малайзия, Иран, Сауд Арабиясы және өзге мемлекеттердің теннисшілері бар. Турнирдің жүлде қоры – 115 мың АҚШ доллары.

Айтулы іс-шараға ITTF әлемдік рейтингінің топ-100 спортшыларының қатысуы оның халықаралық мәртебесін айқындай түседі.

Кореялық спорт аңызы Joo Sae-hyuk ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, Қазақстанда үстел теннисін дамытуға ниетті екенін жеткізді:

«Мұнда болып, осындай ауқымды шараның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. 2027 жылы Қазақстан жаңа, жеңісті деңгейге шығады деп сенемін. Мен бар күшімді салып көмектесемін – келіп тұрамын, қатысамын және елдеріңізде үстел теннисінің дамуын қолдаймын».

Кубоктың басты тартыстарының бірі – әлемдік жұлдыздардың қатысуымен өтетін шоу-матч болмақ. Оған Қытайдың әйгілі теннисшілері Сюй Синь (әлемнің экс-бірінші ракеткасы), Фан Бо (әлем чемпионатының күміс жүлдегері), Австрияның 2003 жылғы әлем чемпионы Вернер Шлагер, сондай-ақ Кореяның әйгілі ойыншысы Джу Се Хук қатысады.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Маратұлы Жарасбаев турнирдің ел спорты үшін маңыздылығын атап өтті:

«2027 жылы Қазақстан үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдайды. Сондықтан мұндай деңгейдегі жарысты өткізу – үлкен мәртебе. Бұл іс-шара әлемдік додаға дайындық ретінде ұйымдастырылып отыр. Жарысқа шетелдік мықты спортшылар келеді деп жоспарланған. Солардың ойынын тамашалаған жас жеткіншектеріміз мол тәжірибе жинайды. Осы турнир арқылы ел үздіктерін және үстел теннисінің резервін байқауға болады», деді ол.

Президенттік кубок – еліміздің спорттағы беделін арттырып, елордамызды халықаралық үстел теннисі картасына енгізетін маңызды қадам болмақ.