– Кітапхананың білім берудан басқа, әлеуметтік маңызды қызметі жетерлік. Бұл туралы не айтасыз?
– Кітапхана – әлеуметтік теңдік принципін жүзеге асыратын мәдени институт. Әлемнің қай елін алсаңыз да, кітапхана – ақысыз қызмет көрсететін санаулы мекемелердің бірі. Мұнда қоғамның барлық мүшесіне бірдей мүмкіндік беріледі: біліміне, жасы мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, әр адам ақпарат пен білімге еркін қол жеткізе алады. Кітапхана қызметі көзге көрінбегенімен, мазмұны күрделі және жауапкершілігі жоғары сала. Кітапханашылар тек оқырманға кітап ұсынумен шектелмейді, олар дерек қорын жүйелейді, ақпаратты саралайды, қажет мәліметті дәл таба білетін кәсіби талдаушыға айналған. Бұл үздіксіз білім мен жоғары біліктілікті талап етеді. Сонымен бірге, кітапханашының еңбегі физикалық тұрғыдан да ауыр. Кітап тасу, шаң басқан қорда жұмыс істеу, ұзақ уақыт жасанды жарық астында отыру – денсаулыққа зиянды факторлар. Көп елдерде мұндай жағдайда еңбек ететін қызметкерлерге арнайы әлеуметтік үстемақы қарастырылған. Сондықтан кітапханашының еңбегін тек мәдени қызмет емес, қоғамның интеллектуалдық жүйесін ұстап тұрған әлеуметтік миссия деп қараған жөн.
– Кітапхана ісі әлем тәжірибесінде қалай дамып жатыр?
–Еуропаныңалдыңғы қатарлы елдері мен АҚШта кітапханалар жүйесі өте дамыған. Біздің кітапханалардың көбі кеңес одағы кезіндегі кітапханалар, жаңа салынғандары да сол ескі үлгіде. Ал дамыған елдердің кітапханалары өте кемел... Мұны мойындауымыз керек. Бұл жағынан қарағанда шетелдерден үйренетініміз көп. Кітапхана салғанда кәсіпқой маманның кеңесін алу керек. Өйткені кітапхананың ішкі талабы, қажеттілігі ескерілуге тиіс. Сондықтан дамимыз десек, кітапханадан қаржы аямауымыз керек.
– Қазіргі кітапхана қандай болуы керек? Оқырман сұранысына сай келуі үшін оған қандай жаңа функциялар қажет деп есептейсіз?
– Заманауилықты тек ғимараттың сәулетімен өлшеуге болмайды. Кітапхананың басты көрсеткіші – оның қоғамға қызмет ету әлеуеті. Яғни ол тек кітап сақтайтын немесе оқу өтетін орын емес, ой мен білім айналымын жандандыратын орталыққа айналуы тиіс. Заманауи кітапхана оқырманға қолайлы жағдай жасауымен ерекшеленуі керек. Мұнда оқу залдарымен қатар кеңес беру бұрыштары, ақпараттық талдау орталықтары, тіл мен сөйлеу мәдениетін дамытатын шағын студиялар, балалар мен жастарға арналған шығармашылық алаңдар болғаны жөн. Кітапхана тек ақпарат ұсынумен шектелмей, адамдарды ойлануға, өзара пікір алмасуға, мәдениетті сөйлесуге баулуы қажет. Қоғамда тіл табиғатының бұзылуы, сөздің мәнерінің жойылуы сияқты мәселелер байқалып отыр. Мұны тек мектеп пен университет шешіп бере алмайды. Себебі ол жерлерде оқыту белгілі бір уақытпен шектеледі. Ал кітапхана – өмір бойы білім алу мен тіл мәдениетін жетілдірудің үздіксіз ортасы. Мұнда адамды сауатты жазуға, мәнерлеп оқуға, орынды сөйлеуге үйрететін бағдарлама мен орта болуы керек. Осындай жүйе қалыптасқанда ғана кітапхана қоғамның рухани серігіне айналады.

– Мемлекет басшысы тәулік бойы істейтін кітапхананы жасау керектігін тапсырды. Бұл тұрғыда ілгірілеу бар ма?
– Тәулік бойы жұмыс істеу – кітапхана қызметін кеңейтудің бір нұсқасы ғана. Бірақ басты мәселе кітапхананың қашан ашылып, қашан жабылуында емес, оған оқырманның кез келген уақытта еркін келіп жұмыс істей алу мүмкіндігінде. Сондықтан ең алдымен кітапхана орналасатын жер мен инфрақұрылым дұрыс таңдалуы қажет. Ол қоғамдық көлікпен қатынауға ыңғайлы, адамдар жиі жүретін аймақта болғаны жөн. Жаңа кітапхана салу кезінде осы факторлар ескерілуі тиіс. Ғимараттың архитектурасы мен ішкі құрылымы заман талабына сай, көпфункциялы болуы маңызды. Онда оқу залдары мен зерттеу аймақтарынан бөлек, жеке жұмыс бөлмелері, демалыс және коммуникация кеңістігі де болуы керек. Бүгінде мұндай бағытта оң тәжірибе қалыптасып келеді. Мәселен, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы түнгі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл студенттер мен зерттеушілердің оқу процесін ыңғайлы ұйымдастыруына мүмкіндік беріп отыр. Демек, кітапхананың заманауилығы тәулік бойы ашық болуымен емес, оқырманға нақты қолайлы орта қалыптастыруымен өлшенеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Абзал МАҚАШ,
«Egemen Qazaqstan»