Саясат • Бүгін, 16:10

Су ресурстарын басқару саласын цифрландыру тетіктері қаралды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада елімізбен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Түркиядан келген мамандар, сондай-ақ ICARDA, IWMI және Noda Information Technologies секілді жетекші халықаралық ұйымдардың сарапшылары суармалы егіншілік пен су ресурстарын басқару саласын цифрландыру бойынша өтіп жатқан өңірлік тренингке талқылап жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Су ресурстарын басқару саласын цифрландыру тетіктері қаралды

Үш күндік іс-шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстарын ұтымды пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және климаттық тұрақтылықты арттыруға бағытталған ұлттық реформалары аясында, Су ресурстары және ирригация министрлігі Ислам ынтымақтастығы ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымымен (АҚИҰ) бірлесе және Ислам даму банкінің (IsDB) қолдауымен өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша бұл бастама Президент Қ.Тоқаев айқындаған басты стратегиялық басымдықтарды – Су кодексін реформалау, 2025-2029 жылдарға арналған Ұлттық даму жоспары мен Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруға бағытталған. Негізгі назар – ирригациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға, су ресурстарын басқаруды цифрландыруға және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға аударылған.

Сенаттың Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Әли Бектаев су ресурстары тек стратегиялық емес, сонымен қатар климаттың өзгеруі мен трансшекаралық тәуелділік жағдайында аса осал ресурс екенін ерекше атап өтті.

«Президент айтқандай «Су – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс». Су ресурстарын тиімді әрі ашық басқару, цифрлық технологияларды енгізу және білікті мамандарды даярлау – Мемлекет басшысы белгілеген маңызды бағыттар, олар бүгінде бейінді министрлікті құру, жаңа Су кодексін қабылдау және суару жүйелерін автоматтандыру бойынша кең ауқымды жобалар арқылы нақты іске асырылып жатыр. Ирригация және су ресурстарын басқару саласындағы цифрландыру – бұл жай ғана технологиялық үрдіс емес, ауыл шаруашылығы мен жалпы экономиканың орнықты дамуына қажетті нақты қадам»,  деді сенатор.

Бектаев

Сондай-ақ АҚИҰ Бас директорының орынбасары, елші Хусрав Нозири өңірдегі су қауіпсіздігі мен азық-түлік тұрақтылығына қол жеткізуде цифрлық трансформацияның шешуші рөліне тоқталды.

Ал АҚИҰ жобалар департаментінің директоры Исмаил Абдельхамид ұйымның Қазақстан мен өңірлік серіктестерді климатқа төзімді, цифрлық агроазық-түлік жүйелерін қалыптастыруда қолдауға әрқашан дайын екенін айта отырып, бұл бағыт Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айқындаған даму бағытына және мемлекеттік жаңғырту бағдарламасына толық сәйкес келетінін атап өтті.

Тренинг аясында Түркияның Мемлекеттік гидротехникалық құрылыстар басқармасы (DSİ) SUTEM цифрлық мониторинг платформасын, ал Өзбекстанның Су шаруашылығы министрлігі SRBISA деректерге негізделген суару жүйесін таныстырған арнайы техникалық сессиялар өткізді.

«Қазводхоз», Су ресурстары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы және өңірлік әкімдіктердің ұлттық сарапшылары су бөлуді оңтайландыру, спутниктік мониторинг және цифрлық есеп жүргізу бойынша практикалық тәсілдермен бөлісті.

Сарапшылар су ресурстарын басқаруда цифрлық технологияларды кеңінен қолданып, ирригация саласындағы саясат пен инвестициялық тетіктерді үйлестіру қажет екенін айтты. Бұған қоса трансшекаралық су пайдалануда өңірлік деректер мен озық тәжірибемен алмасып, кадрлық әлеуетті дамыту және мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру қажет екенін жеткізді.