Форум • Бүгін, 08:17

Іскер әйелдердің ілкімді ісі

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің құрылғанына 10 жыл толды. Осыған орай Шымкентте кәсіпкер әйелдердің ІІІ аймақтық бизнес форумы өтті. Аталған жиынға Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Шымкент қаласы әкімдігінің өкілдері, «ASMAR» Қазақстан кәсіпкер әйелдері ұлттық қауымдастығының жетекшілері, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген бизнестегі әйелдер қауымы қатысты.

Іскер әйелдердің ілкімді ісі

Форумның ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, іс-шараның мән-маңызы, әйелдердің қоғамдағы орны туралы айтты.

«Жалпы, еліміздегі әйел, қыз-келіншектер қашан да өзінің нәзік қалпымен отбасының шырақшысы болып келеді. Жарына сүйеу болатын да, бала тәрбиелеп, ана болатын да әйелдер. Сонымен қатар бүгінде әйелдер отбасы, ошақ қасында қала бермей, мемлекет ісіне араласып, экономиканың дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Қазірдің өзінде кәсіпкерлік саласында әйелдерді көп кездестіруге болады. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына жетекшілік ететін, тіпті ірі кәсіпорындарды басқаратын әйелдер бар. Олардың білімі мен біліктілігі ер азаматтардан бір мысқал да кем емес. Әйел басқарған ұжымда аналық мейірім сезіліп тұрады. Дала демократиясына сүйенген қазақ қоғамында әйелдің өзіндік құқығы мен еркіндігі болды. Соның бір дәлелі қазақ халқы қыз баласын қатты құрметтеген. Бұл салт бүгінгі заманға жетіп әлі күнге дейін сақталып келеді. Елімізде кәсіпкерлік, экономика саласынан бөлек, саясатта жүрген әйелдердің де қатары кейінгі уақытта артып келе жатқаны белгілі. Басқарушылық тізгін кімнің қолына тисе де, ең бастысы адалдық пен әділеттіліктің ақ жолынан адасып кетпеу маңызды. Теңдік пен еркіндік салтанат құрған қоғамда демократия қағидасымен бірге ережелер мен заңдар қатаң сақталатын құқықтық талаптар міндетті түрде орындалуға тиіс. Бұл – азаматтардың тегіне, жынысына қарамастан әрбір қоғам мүшесіне қойылатын міндеттер», деді С.Құранбек.

Жиын барысында қала әкімі­нің орынбасары бірқатар кәсіп­кер әйелді марапаттап, Алғысхат табыстады. Олардың қатарында Алма Архабаева, Фарида Баки­баева, Жанна Байтелиева, Нилу­фар Сайдуллаева, Меруерт Арха­баева, Диляфруз Мадиева, Анна Зарубина, Жанат Кенжеқұлова, Таисия Дигай, Диана Кара­мановалар бар. Олар – кәсіп бас­тап, шағын және орта бизнес саласының өркен­деуіне бір кісідей атсалысқан жандар. Бүгінде кәсіпкер әйелдер құрған компа­ния елге пайдалы өнім өндіріп, отан­дық өндірістің өркендеуіне жол а­шты. Одан бөлек жаңа кәсіпорын­дарда қаншама адам еңбек етіп, ел­дің әлеуметтік мәселесінің шешім ­та­буына оң әсерін тигізіп келеді. Іскер әйел­дер тәжірибеден бө­лек оп­тимистік яки халыққа бол­сын деген жана­шыр­лық көзқарасы­мен де дарала­нады. Осы қасиетінің ­ар­қасында бизнестегі қыз-келін­шек­тер бүгінде абыройдың биігіне шы­ғып, елдің алғысын арқалап жүр.

Шымкент қалалық кәсіпкер­­лер палатасының директоры Са­би­ра Адамбекова іскер азамат­тар­ға, оның ішінде қыз-келін­шек­­те­р­­ге көрсетіліп жатқан қыз­мет­, қолдау туралы айтып берді.

«Кәсіпкерлер палатасы қала­дағы кәсіпкерлікті дамыту жолында белсенді жұмыс атқарып келеді. «Азаматтарға арналған үкі­метпен» бірге палатада кәсіп­кер­лерге көпсалалы қызмет көрсету орталығы ашылды. Онда заңды тұлғаларға қатысты 800-ге жуық мемлекеттік қызмет «бір терезе» қағидасы бойынша іске асырылады. Статистикаға жүгінсек, жыл басынан бері кәсіпкерлерге 9960 қызмет ұсынылды.  Оның ішінде бухгалтерлік есеп жүр­гізу, статистикалық есепке алу сияқ­ты қызмет түрлері басым. Сонымен қатар бизнес-жос­пар түзу, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу, техникалық паспорт беру секілді қызметтер де көбірек сұранысқа ие. Бизнес-жоспар әзірлеу мен сүйемелдеу жұмыстарының нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілері жалпы сомасы 1 млрд 308 млн теңгеге қаржыландырылды. Сондай-ақ жаңа жобалар іске асуының арқасында 50-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Одан бөлек кәсіпкерлер палатасы бірнеше жылдан бері «Бір ауыл – бір өнім» жобасын сәтті жүзеге асырып отыр. Шымкенттік шеберлер­дің ісін дамытып, жергілікті өнім­дердің сапасын арттыруға, ілгерілетуге бағытталған бұл жобаға қатысушылар арасын­да іскер әйелдер көп. Олардың бас­тамалары тың жобаларды қол­ға алумен ерекше. Осылайша, әйел азаматтардың үлесінің нәти­жесінде мегаполисте шағын және орта кәсіпкерлік қанат жа­йып келеді. Ол өте жақсы үр­діс. Себебі экономиканы алға сүй­рейтін тап осы шағын және орта биз­нестің өкілдері. Шетелде оның үлесі жалпы өңірлік өнім көлемінде өте жоғары. Біз де осындай көрсеткішке қол жеткізуіміз керек. Сондықтан іскер әйелдер­ден де күтер үмітіміз мол», деді С.Адамбекова.

Жиынға кәсіпкерлер палатасы­ның шақыруымен арнайы қатыс­қан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Думан Бажикей жиналған қауымға бизнеске қаржылай, сервистік қолдау көрсету бағдарламалары ­туралы түсіндіріп берді. Оның айтуынша, «Даму» қоры кәсіп­кер­лердің екінші деңгейлі банк­терден ал­ған несиелерінің пайыз­дық мөлшер­лемесіне субсидия бөлумен қатар кепілдік қолдау көрсетуге де баса назар аударып отыр.

Форум барысында әртүрлі сала өкілдері сөз алып, Іскер әйел­дер қауымдастығының қыз-келін­шектердің кәсіпкерлік баста­масын жүзеге асырудағы маңы­зын атап өтті. Мәселен, «ASMAR» Қазақстан кәсіпкер әйелдерінің ұлттық қауымдастығы төрайымы Ләззат Рамазанова қоғамдық ұйымның құрылу тарихына тоқталса, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Баян Жандосова осындай ауқымды іс-шаралар жастардың қызығушылығын арттырып, жобаларды қалай сәтті жүзеге асыру тұрғысынан оларға үлгі-өнеге болатынын атап өтті.

Жиын барысында Шымкент қалалық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева ұйымның даму тарихы мен жетістіктері жөнінде әңгімелеп, кәсіпкерлер палатасымен бірге қолға алынған сәтті жобалар туралы айтып берді. Сондай-ақ форумға еліміздің өзге өңірлерінен келген Іскер әйелдер қауымдастығының жетекшілері де сөз алып, әртүрлі кәдесыйлармен марапатталды. Одан өзге сән үлгілерінен дефиле көрсетіліп, жергілікті шеберлердің туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды.