Экономика • Бүгін, 17:13

2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет бекітілді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс Үкімет ұсынған 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды қабылдады, деп жазады Egemen.kz.

2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет бекітілді

Фото: egemen.kz/Ерлан Омар

Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес әзірленген.

Сондай-ақ 2026-2028 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заң қабылданды. Жергілікті бюджеттердің кірістерінің болжамы жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің қолданысқа енгізілетіні ескеріле отырып қалыптастырылды.

Кірістер 2026 жылы 19,2 трлн теңге, 2027 жылы 21,2 трлн теңге, 2028 жылы 23,2 трлн теңге болады деп болжанып отыр. Шығындар, сәйкесінше, 27,7 трлн, 28,7 трлн және 29,7 трлн теңге болмақ.

Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын шамамен 2,8 триллион теңгені құрайды. Бюджет саясатының негізгі басымдығы мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық және уақытылы орындау, сондай-ақ ғылым, білім беру және медицинаны қолдауды арттыру арқылы адами капиталды дамыту болып қала береді. Сондай-ақ заң жобасын қарау барысында депутаттар өңірлерді дамытуда бюджеттік шығындарды ұлғайтуды көздейтін түзетулер ұсынды. Бұл мақсаттарға Үкімет резервінен қосымша 30 миллиард теңге және мемлекеттік қарызға қызмет көрсету есебінен 16,5 миллиард теңге қарастырылды. Бұл қаржы жылу, электр, газ, сумен жабдықтауды дамытуға, жағалауды нығайту жұмыстарына және басқа да салаларға бағытталады. Сонымен қатар ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету үшін заң жобасына 1 трлн теңгені қайта бөлу бойынша түзетулер енгізілді. Қаржы министрлігінің «Жаңа бастамаларға арналған шығыстар» бағдарламасы бойынша жоспарланған шығындар бюджет бағдарламалары әкімшілері арасында бөлінген. Бұл қаражат кейіннен отандық өндірісті дамытуға, өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдауға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, аграрлық секторды техникалық жаңғырту арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бағытталады.