19 Ақпан, 2015

Елімізде енді «халал» емес, «адал» тауар беріледі

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

19-02-15-halal-1

АСТАНА. 19 ақпан. Енді елімізде «халал» атауы «адал» болып өзгермекші. Халықаралық халал стандартының қазақстандық баламасын енгізуді мұсылмандар діни басқармасының өкілдері ұсынды. Бұл туралы bnews.kz хабарлады. Ислам дінінде «рұқсат етілген» деген мағынаны білдіретін «халал» сөзін «адал» деп өзгертуді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осыдан бірнеше ай бұрын ойластырған. Әлі заңдастырылмаған бастамаға сай, сертификатқа қол жеткізу үшін зауыттарда бейнебақылау камералары орнатылуы тиіс. «Осының арқасында сатып алушылар тауарлардың қалай өндірілетінін онлайн-режимінде бақылай алады», деп жазады портал. Жаңа талаптардың қыр-сырымен Қарағандының кәсіпкерлері де таныс. Халықаралық халал стандартының қазақстандық баламасының енгізілуін алғашқы боп естіген ет комбинатының басшылығы әсіресе бизнестері үшін алаңдайды. Өйткені, мұсылмандар діни басқармасы атауын өзгерткенімен, қаражат жағын қарастырмайды екен. Сондықтан жаңа ереже бойынша сатып алынған құралдардың шығынын әр компания өзі көтеруі тиіс. «Егер жаңа бастама заңдастырылса, жаңа өзгерістер пайда болады. Яғни біз шығындаламыз деген сөз. Біздің кәсіпорынның өнімдері халал стандартына сай келеді. Шұжық жасайтын құрылғыларымыз бен цехымыз бар. Мамандар халал өнімдердің шығарылуын таңертеңнен кешке дейін қадағалайды», - дейді Нұрлан Дүйсенбаев. Ал күнделікті халал өнімімен тұтынатын қарапайым халық өнімнің атауы емес, сапасы өзгермесе екен, дер тілейді. Қалай болғанда да, биылғы жылғы халал сертификаттардың мерзімі аяқталыпты. Қазақстан мұсылмандары діни бас басқармасының өкілдері өнімдердегі халал сөзін адал деп өзгертуге бел буып отыр. Тіпті, ол үшін жаңа талаптармен шығарылған өнімдерді растауға арнайы зертхана құрылып, 250 имам тәжірибеден өтіп келген. Мұрат Айтқожа.
Соңғы жаңалықтар