Медицина • Бүгін, 10:15

Елімізде соңғы үш жылда 633 медициналық нысан бой көтерді

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Соңғы үш жылда ел аумағында 633 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды. Олардың қатарында Астанадағы Ұлттық онкологиялық орталық пен Шұғыл медицина орталығы, сондай-ақ Алматы қаласындағы Инфекциялық аурулар орталығы секілді ірі жобалар бар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде соңғы үш жылда 633 медициналық нысан бой көтерді

Фото: Қырмызы Жұмағалиқызы

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы жылдың соңына дейін Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында көпбейінді аурухана, Өскеменде Гематология орталығының және Маңғыстау облысының Ақтау қаласында жедел жәрдем стансасының құрылысын аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 601 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны бой көтерді. Жыл соңына дейін тағы 54 жаңа нысанның құрылысы аяқталмақ.

«Сонымен қатар 32 аудандық аурухананы көпбейінді орталық аудандық аурухана деңгейіне дейін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Соның ішінде Ұлттық жоба басталғалы Қарағанды облысының Теміртау және Балқаш қалаларындағы, Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы орталық ауруханалар, Абай облысының Үржар аудандық орталық ауруханасы, сондай-ақ Жамбыл облысындағы Шу, Меркі және Талас аудандық орталық ауруханалары мен Маңғыстау облысындағы Бейнеу аудандық орталық ауруханасы – барлығы сегіз аурухана көпбейінді етіп қайта ұйымдастырылды», делінген хабарламада.

Айта кетейік, қаңтар-қазан айлары аралығында денсаулық сақтау саласына салынған инвестиция көлемі де айтарлықтай болған. Негізгі капиталға бағытталған қаражат 214,8 млрд теңгені құрап, жоспардың 89 пайызын құраған.