
Кейінгі екі жылда үш питчинг (киножобаны қаржыландыруға ниетті инвесторларды тарту мақсатында өткізілетін визуалды таныстырылым) өткізіліп, нәтижесінде 57 жобаның 40-ы жас кинематографистердің еншісіне бұйырған.
Былтыр конкурсқа іріктеу ашық өткен. Құжаттар электронды қабылданып, сарапшылар кеңесінің дауыс беруі жетілдірілді. Қазақ тіліндегі сценарийлер үлесі 75%-ға жеткен.
«Qaitadan» фильмі отандық прокатта 1 миллиард теңгеден астам касса жинап, жоғары нәтиже көрсетті. Туынды мемлекеттік инвестицияларды бес есе ақтап, мемлекеттік қолдау тетігінің тиімділігін дәлелдеді.
Қазақ кино өнері халықаралық деңгейде тұрақты орын ала бастады. Кейінгі 30 жыл ішінде алғаш рет еліміз Канн кинофестивалі аясындағы ірі «Marché du Film» кинонарығына қатысып, «KazakhCinema» ұлттық стенді арқылы отандық жобаларды дамытуға маңызды мүмкіндік туғызды. Канн қаласында Франция мен Грузияның ұлттық киноорталықтарымен меморандумдарға қол қойылды. Ал Ақтауда Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанның кино ұйымдарымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.
Халықаралық жобалар қатарында Локарно мен Пусан фестивальдерінде ұсынылған «Сказка о морских псах» атты деректі фильм және «Победителей видно на старте» атты бірлескен фильм бар. Осылайша, отандық кино өнері жаңа белестерді бағындырып, елдегі және шетелдік көрермен назарын аударуға жол ашып келеді.