Аймақтар • Бүгін, 10:35

Қуыршақ труппасы балаларға «Ұсқынсыз үйрек» қойылымын тарту етті

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық -драма театрының қуыршақ труппасы 41 маусымын  Г.Х.Андерсеннің  «Ұсқынсыз үйрек» спектаклінің премьерасымен ашты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қуыршақ труппасы балаларға «Ұсқынсыз үйрек» қойылымын тарту  етті

С. Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қуыршақ труппасына биыл 40 жыл толды. Осы мерейтойға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астанадағы М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының бас режиссері Бекпулат Парманов дат жазушы-ертегішісі Ганс Христиан Андерсеннің әлемдік классикаға айналған  «Ұсқынсыз үйрек» қойылымын балаларға тарту  етті. Қала мектептерінде оқитын оқушылар театрға келіп, қойылымды тамашалады.

Экспериментальдық бағыттағы спектакльде бұл жолы қуыршақтар емес, түрлі құс пішініндегі, жартылай маскадағы актерлер өздері ойнады.

Қойылымға үйректердің отбасында дүниеге келген балапанның  басынан кешкен оқиға арқау болады. Балапан қатарластарының ешқайсысына ұқсамайды.  Сырт келбеті ғана емес,  өзгеше ойлауы,  өзін басқаша сезінуі арқылы басқа балапандардан ерекшеленіп тұратын оны  «ұсқынсыз» деп жәбірлеп, қиянат жасайды. Тек  анасы ғана  оны  өзгелердің  жәбірлеуінен қорғайды. Келеке мен мазаққа шыдамаған  балапан өзін қабылдамаған   ортадан кетіп қалуға мәжбүр болады.  Бірақ ол мойымай, кездескен қиындық пен кедергіге қарсы тұрады. Жалғыздық жанына батса да өзіне деген сенімін жоғалтпай, зеңгір аспанда қалықтап ұшуды үйренеді. Қорғансыз балапан өсіп, көлдің көркі сұлу аққуға айналады. Өзін жақсы түсінетін сыңарын табады.

Қоюшы режиссер  Бекпулат Парманов «Спектакльдің желісі балаларға түсінікті әрі қызықты болуға барымызды салдық. Қуыршақ театры жас ұрпақты мәдениетке, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеудің құралы. Қуыршаққа жан бітіріп, ойнатып, құлпыртып жіберу оңай емес. Жасыратыны жоқ қуыршақ театрына кәсіби мамандар жетіспейді.  Театр үнемі ізденісте, жаңару жолында болуы керек...»   дейді.

Қойылымды көрген көрермен  нағыз сұлулық көзге көрініп тұрған сырт бейнеде емес, ішкі жан дүниеде - жүректе, бойдағы мейірім мен махаббатта, табандылықта деген ой түйеді.

Ұлытау облысы