Мәдениет • Бүгін, 12:30

Елордада «Kóshpendiler áýeni» IІ халықаралық этникалық музыка фестивалі өтті

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы елордада «Kóshpendiler áýeni» II халықаралық этникалық музыка фестивалін өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада «Kóshpendiler áýeni»  IІ халықаралық этникалық музыка фестивалі өтті

Жобаның мақсаты – тарихы тереңге жайылған өнер, ежелгі салт-дәстүр арқылы түркі халықтарының бірлігі мен руханиятын ұлықтауға бағытталған түркі мәдениетін дәріптеу. Фестиваль үздік өнерпаздар тәжірибе алмасып, ұрпақтар сабақтастығын насихаттайтын алаңға айналды. Сонымен қатар, жоба жас орындаушылардың көркемдік талғамын тәрбиелеуге және оларды үздік мәдени құндылықтарға баулуға бағытталған.

Концерттік бағдарламада көрермен фольклорлық дәстүрлермен тығыз байланысты, түркі әлемінің музыкалық мұрасын жаңа қырынан танытатын орындаушылардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ, дала әуендерінің байырғы үлгілері мен халық әндерінің заманауи өңделген нұсқалары, ұлттық аспаптарға арналған туындылар мен орындаушылықтың тың формалары ұсынылды.

Фестивальдің алғашқы күні Ресей Федерациясынан «Намғар» тобы (Бурятия), Закир Дүйшенбек (Қырғызстан) және Жәнібек Пиязов (Қарақалпақстан), сондай-ақ отандық «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Жошы» ансамблі, «Satzhan Project» тобы, Еділ Құсайынов, Қазыбек Әдікей, Аманжол Нығмет, Санджай Альмишев және Айхат Қазихан өз өнерлерін ортаға салды.

Фестивальдің екінші күні Арсланбек Сұлтанбеков (Түркия), «Зафар» тобы (Әзербайжан), Ресей Федерациясынан Эркин Алексеев (Саха Республикасы) және Азат Бикчурин (Башқұртстан), «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, «Түркістан» камералық ансамблі, Еділ Құсайынов және Салтанат Ерсұлтан өнер көрсетті.

Айта кетейік осыдан екі жыл бұрын алғаш рет өткен «Kóshpendiler áýeni» халықаралық этникалық музыка фестиваліне Якутия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түркия және Мажарстан елдерінің өнерпаздары қатысқан болатын.