Қоғам • Бүгін, 11:52

«Әскери баспана» жеңілдетілген ипотекасы қайта жанданады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов пен «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және «Әскери баспана» бағдарламасын қайта жандандыру жолдарын талқылады. Кездесу барысында әскери ипотеканың тиімділігін арттыру мен тұрғын үйге қолжетімділікті жеңілдету мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Әскери баспана» жеңілдетілген ипотекасы қайта жанданады

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігінде өткен кездесуде Дәурен Қосанов әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы министрліктің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. 

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – «Әскери баспана» бағдарламасын қайта іске қосу болды. Бұл бастама әскери қызметшілерге жеңілдетілген шарттармен баспана алуға мүмкіндік беріп, тұрғын үй тапшылығын азайтуға бағытталады.

«Әскери қызметшілер үшін жеңілдетілген ипотекалық несиелерге нақты қолжетімділік маңызды. Қазіргі уақытта ондай мүмкіндік жоқ, ал тұрғын үй бағасының өсуінен бастапқы жарна жинау іс жүзінде мүмкін емес», деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Сонымен қатар министр «Отбасы банк» мобильді қосымшасының жұмысын тұрақтандырудағы жедел әрекеті үшін Ләззат Ибрагимоваға алғысын білдірді. Сондай-ақ «Баспана.кз» порталындағы жаңа талаптардың кейбір әскери қызметшілер үшін қиындық туғызатынын атап өтті.

Дәурен Қосанов бұрынғыдай екінші деңгейлі тұрғын үй нарығынан баспана алу мүмкіндігін қалпына келтіруді де ұсынды. Оның пікірінше, әскери қызметкерлер дайын, инфрақұрылымы қалыптасқан және қызмет орнына жақын пәтерлерді көбірек қалайды.

Министрдің айтуынша, 15 мыңнан астам әскери қызметші отбасы тұрғын үй төлемдері жүйесі мен ипотекалық бағдарламалар, соның ішінде «Әскери баспана» арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартқан.

Кездесу соңында Қорғаныс министрлігі мен «Отбасы банк» әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесін кешенді түрде шешу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын дайындауға уағдаласты.