
Ерлікпен ұштасқан еңбегі еленгендер арасында Төтенше жағдайлар министрлігі «Апаттар медицинасы орталығы» ММ Шымкент қаласы бойынша филиалы «Қазығұрт» трассалық медициналық-құтқару пунктінің фельдшері Көбенов Тимур Қорғанбекұлы да бар. 2013 жылдан бері республикалық маңызы бар Термез - Ташкент - Алматы күре жолындағы апат орнына алдымен жететін кейіпкеріміз кәсібінің әр күні жедел әрекеттен тұратынын тарқата айтты.
«Жол мұраты - жету. Десе де жол бойы қауіпсіз, тосын оқиғалардан ада емес. Сондықтан жолаушылар діттеген жеріне жете алмай, жол-көлік оқиғалары тіркеліп жатады. Сондай сәтте зардап шегіп, өміріне қауіп төнгендерге алғаш болып медициналық көмек көрсетуге біз міндеттіміз. Олардың ауырсынуы, жарақаты ушығып, шокқа түсіп қалмауы үшін күш саламыз. Қажетті көмек көрсетілгеннен кейін ең жақын маңдағы ауруханаларға тасымалдаймыз», деген Тимур Қорғанбекұлы зардап шеккендердің жарақаты мүгедектікке айналмауы үшін едел-жедел еткен еңбегі ақталса, науқастың жүрегі қайта соқса міндетін мүлтіксіз атқарып жүрмін деп есептейтінін атап өтті.
«Қателікті кешірмейтін жол үстінде шалт қимылдауға болмайды. Адам тағдыры біздің дұрыс шешімімізге байланып тұрады. 12 жылдан бері осы міндетті атқарып, өмірге үміт беріп жүргенім марапаттың төресі», дейді ол.
Осылай әр секундтың қымбат екенін терең ұғынатын маман бүгін «Құрмет» орденін кеудесіне тақты. Кейіпкеріміз Мемлекет басшысының қолынан алған марапат жауапкершілік жүгін еселей түскенін, бұдан әрі де адамдардың амандығы үшін адал тер төгуге даяр екенін баса айтты.