Аймақтар • Кеше

Атырауда 7 жасар қызды зорлаған күдікті өмір бойына сотталды

110 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы маусымда Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында 7 жасар қыз жоғалып кеткен еді. Кейін оны зорлап, өлтірген күдікті ұсталған болатын, деп жазады Egemen.kz.

Атырауда 7 жасар қызды зорлаған күдікті өмір бойына сотталды

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында күдіктіге қатысты қылмыстық іс қаралды. Кәмелетке толмаған қызды зорлаған У. есімді күдіктіге Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігімен, 99-бабының 3-бөлігімен айып тағылған.

«2025 жылдың маусым айында Құлсары қаласында 7 жастағы қыз Құрсай өзенінің жағалауында серуендеп жүріп, үйіне қайтар жолда адасып кеткен. У. алкогольдік масаң күйде оған үйіне баратын жолды көрсететінін айтып, өзімен бірге жүруді ұсынған. Қызды өзен жағасына апарып, күш қолдану арқылы зорлаған. Жасаған қылмысын жасыру мақсатында қызды ұрып-соғып, кейін өзенге батырып жіберген», деп аталған соттан.

Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, бейнежазбалармен және сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді.

Сот үкімімен У. тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылды. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.