21 Наурыз, 2015

Азаматтық парызға адалдық танытайық

343 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
tu 11 Еліміздің шығармашыл және еңбек ұжымдары барша қазақстандықтарды президенттік сайлауға қатысуға шақырады Жергілікті жолдарға – басым назар     Мемлекеттің дағдарысқа қарсы саясатын талқылау Орталық коммуникациялар қызметінде Мәжіліс депутаттары Серікбай Нұрғисаев пен Сәкен Жылқайдаровтың қатысуымен өтті. Депутаттар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында үстіміздегі жыл бюджеті шығыстарын оңтайландыру және автожолдарды дамыту барысын сөз етті. Алдымен сөз алған Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сәкен Жылқайдаров үшжылдық республикалық бюджетке түзету енгізілген болжамда 2015-2017 жылдары базалық сценарий кезінде мұнай бағасының баррелі 80 АҚШ долларынан 50 АҚШ долларына дейін төмендеуі болжанғандығын алға тартты. Депутат бұл орайда Ұлттық қорға мұнай секторы ұйым­дарынан түсетін түсімдердің 2015 жылға арналған нақтыланған бол­жамы 80,5 млн. тонна мұнай өнді­ру көлемін, мұнайдың әлемдік бағасы 50 долл/баррельді және теңгенің АҚШ долларына бағамы 185 теңгені негізге ала отырып, 1 801,5 млрд. теңгені құрайтындығын атады. Сонымен, ішкі жалпы өнімнің өсімі 2015 жылы – 1,5 %, 2016 жылы – 2,3 % және 2017 жылы 3,4% деңгейінде бағаланған. Ал инфля­ция деңгейін бұрынғыдай 6-8% дәлізінде сақтау жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ, депутат 2015 жылы республикалық бюджет түсімдері 5 988,0 млрд. теңге көлемінде немесе бекітілген бюджетпен (6 858 млрд. теңге) салыстырғанда 870,0 млрд. теңгеге азайтыла отырып айқындалғанын қаперге салды. Шығыстарды оңтайландырудың негізгі бағыттарын санамалап өткен С.Жылқайдаров Мемлекет басшы­сының ағымдағы жылғы 11 ақпан­да Үкіметтің кеңейтілген отырысын­да берген тапсырмаларына сәйкес «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдар­ла­масының дағдарысқа қарсы жаңа шараларын іске асыру үшін Ұлттық қордан нысаналы трансферттер ұлғайтылғандығына назар аударды. Депутат бұл орайда мемлекеттің бұдан бұрын алған барлық әлеу­меттік міндеттемелерін орындау мақсатында бюджет тапшы­лы­ғының көлемі де 259,4 млрд. теңгеге ұлға­й­тылғандығын, ол 1 256,5 млрд. теңгені немесе ішкі жал­пы өнімге шаққанда 3 пайыз­ды құрайтындығын алға тартты. С.Жылқайдаров жақында өт­кен «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Мемлекет басшысы Н.На­зарбаев бес халықтық реформаны атап кеткендігіне, олар мемлекеттілігімізді нығайтып, еліміздің мемлекеттік басқаруы мен экономикалық дамуын жаңа, сапалы деңгейге шығарарын да ауызға алды. «Біз Елбасымыздың сенімді тұрақтылыққа және мемлекетіміздің дамуына алып келетін барлық идеяларын жүзеге асыру бойынша бар күш-жігерімізді салуға тиіспіз», деді ол өз сөзінде. Бұдан кейін сөз алған Эконо­микалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Серікбай Нұрғисаев «Нұрлы Жол» бағдар­ламасына бюджеттен 2,4 триллион теңге бөлінгендігін, өңірлердегі кездесулерде халықтың осы бағдар­ламаның орындалуынан үмітті екендігін алға тартты. 1956 жылы АҚШ-та басталған Ұлы депрессия кезінде осындай бағдарлама қабылданғанын айтқан депутат, сол кездің өзінде 6 мың шақырым жол салынғанына назар аударды. Сол жолдарға қойылатын ең басты талап елдің батысы мен шығысына немесе солтүстігі мен оңтүстігіне жеткізетін жолдарда жылдамдықты сағатына 120 километрге дейін жеткізе алу болған екен. Басында жол салуға кетуі тиіс шығын 27 миллиард доллар деп жоспарланса, артынан оның мөлшері 129 миллиардқа дейін жетіпті. Алайда, одан түскен пайда 20 есе болғандығын С.Нұрғисаев ерекше атады. Депутаттың мәліметіне қара­ғанда, бүгінгі таңда АҚШ-та жалпы жолдардың ұзындығы 6 миллион 600 мың шақырымға жетіпті. Және де бұл жолдар жоғары деңгейде жұмыс істеп жатыр. Ал Қазақстан «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 7,5 мың шақырым жолды реттеп алуды көздеп отыр, бірақ жергілікті жолдардың жағдайы қалай болары туралы аландаушылық та жоқ емес, деген Серікбай Өрікбайұлының сөзі әсерлі шықты. Депутат осы мәсе­ленің шешімі болуы үшін Пре­мьер-Министрдің атына сауал да жолдапты. Мысалы, еліміздегі республикалық жолдардың ұзын­дығы 23 мың шақырым болса, жер­гілікті жолдар 86 мың шақырымға жетеді екен. Жыл сайын 2,5 мың километр жолды күрделі және өзге де жөндеуден өткізгеннің өзінде еліміз жолдарын ретке келтіру үшін де көптеген жылдар керектігін (бас жағы жөнделіп біткенше, соңғы жағы қайта бұзылып үлгереді) жеткізген депутат, бұған жеке секторды да тарту жайын өз сауалында келтіргендігі белгілі болды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».

Жастық жігер

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақстан студенттері Альянсының жастар форумы өтті. Жастар елдің біріктіруші күші, ешқашан сарқылмайтын қуат көзі ХХІ ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеяларының тұғыры. Форумға қатысушылар жас­тар­дың патриоттық белсенді­лігінің жоғарылауы, Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілігінің нығаюы Қазақстанның алға қарай қарыштап дамуының алғышарты болып табылатынын айтты. Форумда белсенді жастар сөз алды. Қостанай мемлекеттік педагогикалық инс­титуты қазақ және орыс филологиясы факультеті жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы Әсел Ғазез жастар үшін жаңа мемлекеттік бағдарламалардың маңызы зор екенін еске салды. Жастарды «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламасына қаты­суға шақырды. Өзі де білім ор­дасын бітірген соң ауылға баратындығын мәлімдеді. Мінберге Қазақстан халқы Қостанай мемлекеттік педагогика институты студенттер ассамблеясының төрағасы Дәмер Батырғожин көтерілді. – Әр елдің өз тарихы, дәс­түрі бар. Біздің елімізде ұлт­тар дос­тығының керемет үлгісі – Қазақстан халқы Ассамблеясы өмір сүріп келеді. Оның құрыл­ғанына 20 жыл болды. Біздің әкелеріміз көптеген қиындық­ты бірге көрді, бірге жеңді. Біз, жастар, әкелер дәстүрін жал­ғастыруымыз керек. Жұ­дырықтай жұмылған бірлік, келісім, тұрақтылық қана тастүйін болашағымыздың кепілі! – деді. Ол «Біз еліміздің патриотымыз!» деп дауыстаған жастар еліміздегі басты саяси оқиға – сайлауға бір кісідей баратындығын мәлімдеді. Мұнан кейін облыс орта­лы­ғындағы З.Алдамжар атындағы әлеуметтік-техникалық университет студенттері де білім ордасы алдында флэш-моб түзді. Қолдарына көк Туымыздың белгісіндей жалауша ұстаған жастар «Алға, Қазақстан!» деп дауыстады. Флэш-мобтың ерек­шелігі, оған қатысқан студент­тердің барлығы дерлік сайлауға биыл бірінші рет қатысқалы отыр. – Мемлекет басшысын сайлау – елдің болашағы үшін әр­кімді толғандыратын саяси науқан. Ал елдің бірлігін, экономиканың ырғақты дамуын, әлеуметтік бақуат тірлігімізді кім қаламайды дейсіз? Қазір әлемде болып жатқан келеңсіз көріністерді көріп отырған үлкен де, кіші де елдің тілегін тілейді. Сондықтан 26 сәуір күні өтетін президенттік сайлауға біз алғаш рет қатысатынымызды қуа­нышпен айта отырып, бар­лық қазақстандықтарды сайлау­ға белсенділікпен келуге шақы­рамыз, – деді университеттің құ­қықтану факультетінің 2-курс студенті Айдана Жақаева. Флэш-мобта музыка ырға­ғымен би қимылдарын жасай тұрып, жастар сайлауға келе­тін­дік­терін білдірді. Олар Прези­денттік сайлаудың өте маңыз­ды саяси науқан екеніне жұртшы­лықтың назарын осылай аударды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.

Студенттер сайлауда белсенділік танытады

Алдағы сайлауға қатысты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың экономика және бизнес жоғары мектебінің мәжіліс залында «Президент сайлауы жаһандық сын-қатерлерге берілген тиімді жауап ретінде» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға университет басшылығы, саясаткерлер конгресінің мүшелері, әкімшілік құқық кафедрасының профессорлары қатысты. Қазақстан халқы Ассам­б­леясының Кеңесінде ұсынылған кезектен тыс Президент сай­лауы бүгінгінің басты жаңалығына ай­налғаны рас. Өйткені, президент қызметі – жария қызмет, үл­кен жауапкершілікті талап етеді. Бір ұлттың тағдыры, яки бола­шағы басшының сол елге жаса­ған қызметінен, игілікті ісінен көрінері хақ. Осы орайда, заң ғылымдарының докторы, «Құқықтық тәрбие» орталығының директоры Арықбай Ағыбаев: «Бүгінгінің күн тәртібінде тұрған бірінші мәселе «тіл» мәселесі. Президент үлкен лауазымды тұлға болғандықтан, одан мемлекеттік тілді талап етеміз. Ал Парламент депутаттары мен әкімдерден мұны неге талап етпейміз? Мемлекеттік қызметтегі адам мемлекеттік тілді жетік білетін болса, ұлттың болашағы зор, келешегі кемел болады. Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың қалай және қай күні өтетін мерзімін тізбектеп жариялады. Конституциямызда Президент болуға әркімнің өзін ұсынуға дейін құқығы бар екендігі айтылады. Ендеше, халқымыздың өркендеп өсу жолында аянбай тер төгетін абзал жанның саясатын қолдайық, дауыс берейік», деді. Ал философия ғылымдарының докторы, дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Тұрсын Хафизұлы «Сайлау негізінен батыс өркениетіне тән. Олардың түсінігіндегі демократиямен және саяси таңдаумен біз шара жүргізуіміз керек. Шын мәнінде, сайлаудың да мақсаты өз халқына, өз адамдарына еркін таңдау жағдайын туғызып, адамдық ынтымақтастықты арттыру көзі болып табылады. Біздің елдегі сайлаудың кеңейтілген тәртібі осылай қалыптасқан», деп өз пікірін ортаға салды. Жастардың атынан сөз сөйлеген ҚазҰУ-дың Жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Нұрлан Әбдіқадыров ҚазҰУ жастары кезектен тыс президенттік сайлауды толығымен қолдайды, дей келе университеттің студенттері бір кісідей сайлауға қатысып, өзіндік үлесін қосуға ниетті екендігін жеткізді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.

 Ұлттық ядролық орталықтағы жиын

Еліміздің ұлттық ядролық орталығының ұжымы алдағы кезектен тыс президенттік сайлауға бір кісідей қатысатындықтарын жеткізді. Жалпы, Ұлттық ядролық орталығы ұжымының саяси белсенділігі жоғары. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың 27 ақпанында президенттік сайлауды өткізу туралы Жарлыққа қол қойғанда да курчатовтық ғалымдар аталған шешімді өздерінің қызу қолдайтындықтарын білдірген еді. Бұл жолғы жиынға кәсіпорынның 200-ден астам қызметкері қатысты. Ұлттық ядролық орталықтың бас директорының міндетін атқарушы Сергей Березин, Курчатов қалалық аумақтық комиссиясының төрағасы Самат Смағұлов, «Нұр Отан» партиясы Курчатов қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Любовь Киселева, Экология және радиациялық қауіпсіздік институтының ғылыми хатшысы Нүрия Қадырова съезд қорытындылары мен Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру және сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне атсалысу қажеттігі жөнінде әңгімеледі. Жиында алғашқы кезекте электоралдық науқан кезеңдері талқыланып, учаскелік және аумақтық сайлау комиссиялары туралы мәселелер қаралды. Курчатов қаласы бойынша 1 аумақтық және 4 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Онда кезектен тыс сайлауға дайындық жұмыстары басталып та кетті. Сайлау учаскелерінің шекаралары анықталып, қаладағы дауыс берушілерді хабардар ету үшін мерзімді баспасөзге жарияланды. Кездесуге қатысушылар комиссияның жұмыс кестесі, бекітілген талон бойынша және үйде дауыс беру мүмкіндіктерін сұрады. Сондай-ақ, Ұлттық ядролық орталық қызметкерлері барша отандастарымызды алдағы 26 сәуір күніне тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауға бір кісідей қатысуға шақырды. «Қазақстанның осынау тарихи маңызды кезеңінде еліміздің әр азаматы кезектен тыс өткізілетін президенттік сайлауға дауыс беруге қатысуы тиіс», делінген еңбек ұжымы қабылдаған үндеуде. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы.

 Тағдыр ортақ, мүмкіндіктеріміз тең

Сәрсенбі күні Алматыда Үкіметтік емес ұйымдар көш­бас­шыларының кездесуі болып өтті. Жалпықалалық конференция бары­сында Елбасының «Нұрлы Жолболашаққа бастар жол» Жол­дауының жүзеге асырылуында азаматтық сектор не атқарып отыр деген сауал төңірегінде әңгіме өрбіп, алда келе жатқан Президент сайлауына қатысты ұстанымдар ортаға салынды. Конференцияда «Шырақ» ҚҚ төрайымы Ләззат Қалтаева, «На­мыс» ҚҚ төрағасы Қайрат Иман­алиев, Алматы қалалық мүге­дектер қоғамы басқармасының төраға­сы Әли Аманбаев пен өзге де ардагерлер, қоғамдық және Үкі­меттік емес ұйымдардың өкілдері сөз алып, көзқарастарын білдірді. Сол сияқты «Халықаралық құ­қық қорғау орталығы» ҚҚ төрағасы Жанділда Жақыпов: – Біздер, ҮЕҰ көшбасшылары конференциясы, қазіргі тағдыр­шешті тарихи кезеңнің маңызды­лығын түсіне отырып, барлық қазақстандықтарды 2015 жылдың 26 сәуірінде өтетін Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті сай­лау­ы­на дауыс беруге шақы­ра­мыз. Бүгінгі Қазақстан – тең құ­қықты, бірдей мүмкіндіктерді, кон­фессияаралық және этносаралық келісімді, қоғамдық үдерістер мен экономиканы жаңғырту жолын таңдаған ел. Біздер кезектен тыс сайлау өткізу шешімін қазіргі аласапыран, аумалы-төкпелі кезеңдерде сыртқы қауіптен сақтанудың бірден-бір жолы ретінде қарастырып, түсіністікпен қабылдаймыз. Біздің әрқайсымыз діни сенімімізге, ұлтымызға қарамастан, ешқандай алалаусыз жақсы білім алуға, медициналық қамқорлыққа, мансап қууға, тұлға ретінде қалыптасуға құқылымыз. Азаматтық қоғам да жоғары мақсаттар, бақуаттылық пен елдің көркеюі жолында жұмыла алады, – деді. Маңызды мәжілісте ҮЕҰ же­тек­шілері кезектен тыс Президент сайлауын қолдайтындықтарын білдіріп, өз пікірлерін дәйектеді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.