
Фото: Ашық дереккөз
Израиль Ливанның оңтүстігіндегі Небатия, Саида, Марджаюн және Бинт Кубейль қалаларына, сондай-ақ елдің шығысындағы Бекаа өңіріндегі Баальбек қаласына соққы берді. Әуе шабуылдары кезінде карьерлер мен цемент зауыттары зақымданған.
Сондай-ақ әскери ұшақтар Небатия маңындағы Румин мен Хумин арасындағы аймақты нысанаға алса, ұшқышсыз ұшу аппараты Февка қаласының солтүстігіндегі Али-эт-Тахир төңірегіне соққы жасаған. Саида маңындағы Бенафул ауылына екі, ал Сарафанд пен Бейсария арасындағы Хербе Дувейр аймағына бір әуе соққысы бағытталды.
Израильдің дрондары Шаркия мен Кусрия эс-Сайяд ауылдарының арасындағы жолға басқарылатын зымыранмен шабуыл жасап, жолда үлкен кратер қалдырған.
2023 жылдың қазан айында басталған Израиль мен Ливан арасындағы қақтығыс 2024 жылдың қыркүйегінде кең ауқымды соғысқа ұласқан.. Қантөгіс салдарынан 4000-нан астам адам қаза тауып, 17 мыңға жуық адам жараланған, 19 адам тұтқындалған.
Өткен жылы қарашада Хезболла мен Израиль арасында атысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, Израиль бұл шартты 4500 реттен астам бұзып, жүздеген бейбіт тұрғынның өмірін қиды және жаралануына себеп болды.