Форум • Бүгін, 08:48

Креативті жастарды қолдау

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірде үш жылдан бері «Saraishyq Upgrade – 2025» халық­аралық жастар форумы өткізіліп келеді. Биылғы басқосуға еліміздің барлық өңірі мен Қырғызстаннан, Әзербайжан мен Өзбекстаннан, Ресей Федерациясынан 300-ден аса жас қатысты.

Креативті жастарды қолдау

Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен үшінші форумға креативті индустрия, технология мен жастар саясатына үлес қосып жүрген танымал сарапшылары мен өнер жұлдыздары шақырылды. Шеберлік сағатын өткізіп, тәжірибесімен бөліскендер арасында жас композитор, әрі өңдеуші Еділжан Ғаббасов, әншілер Ғалымжан Молданазар мен Бейбіт Көшқалиев бар. Олар қазақ өнерін дамытудың қыр-сыры туралы әңгімеледі.

Жастарды күн сайын мың құ­былатын нарықтағы маркетинг те қызықтырады. Осы саланың білгірі Ақсұлтан Қалиев арнайы дәріс өткізді. Ал продюсер, сценарист Анар Жүнісова мен режиссер Айтөре Жолдасқали кинематографияны өрістету бағытындағы ойын айтты. Сондай-ақ Бауыржан Сейфуллин мен Евгения Ли хореографиядан бағыт берді. Театр және кино актерлері Дулыға Ақмолда мен Әділ Ахметов кейіпкер сомдау қырын талдады.

Бүгінгі қоғамды толғандыратын жайттың бірі – жасанды интеллект. Аталған форумда жас буынның белсенді өкілдері Бақдаулет Бекжанов пен Азамат Ғалымжанов нарыққа дендеп еніп, барлық салада байқала бастаған жаңа құбылыстың жай-жапсарына кеңінен тоқталды. 

«Бұл форум креативті индустрияға тың серпін беретініне сенеміз. Еліміздің креативті жастары экономиканы дамы­туға, оның ішінде шикізатты өңдеу саласын ғана емес, ұлттық құндылықтарды сақтауға, мәдениет пен өнерді жан-жақ­ты танытуға үлес қосып келеді», деді об­лыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.

Форумда Бағыт Бисембай (хорео­графия), Әнуарбек Мағзомов (маркетинг), Махамбет Әбілов (музыка), Нұрпейіс Әділов (кинематография), Қуанышбек Айсағали (театр), Еркебұлан Балғабеков (жасанды интеллект) үздік деп танылды. Олардың әрқайсысына 500 мың теңгеден сыйақы берілді.

 

Атырау облысы