Құқық • Кеше

Жазасын өтеушілер жұмысшы мамандығын меңгереді

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сотталған адамдар да – қоғам мүшесі, уақытша шектелгенімен олардың да құқы сақталады. Оның үстіне арасында қылмыс әлеміне кездейсоқ қосылып кеткендері де бар. Сондықтан қоғам олардың да құқығын қорғауы керек.

Жазасын өтеушілер жұмысшы мамандығын меңгереді

Фото: inbusiness.kz: Әзиз Жанұзақ

Екі жыл бұрын азаптау мен қорлау­дың басқа да түрлерін жоюға, осы мәселе бойынша халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізуге, сондай-ақ сотталғандардың құқығын кеңейтіп, түрмедегі теріс субмәдениеттің қалыптасуына жол бермеуге бағытталған заң қабылданды. Заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер адам құқықтарын сақтауға берілетін кепілдіктерді арттырады. Сотталғандардың түзелуіне, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасау арқы­лы олардың түрмедегі жағдайын жақ­сартуды көздейді. Түрмеде жұмыс­шы мамандықтарын меңгеру де қарас­тырылған. Дәнекерлеуші, токарь, слесарь, бетоншы, краншы, т.б. маман­дықтарды алу сотталушының өмірге деген құштарлығын арттырады.

Жуырда Солтүстік өңірдің Кәсіп­керлер палатасы мен Қыл­мыстық атқару жүйесі департа­менті ынтымақтастық туралы мемо­рандумға қол қойды. Бұл құжат бойынша облыс аумағындағы №48, №50 түзету мекемелеріндегі жазасын өтеушілер арасында жұмысшы мамандығына оқыту және тәжірибелік сабақтар бағдарламасын іске асыруды қамтиды. Бастаманың негізгі мақсаты – сотталған адамдардың кәсіптік мамандық алуына мүмкіндік беру. Ал мамандығы бар адам ертең бостандыққа шыққанда қоғам өміріне еркін араласып, өзіне оңай жұмыс та табады.

Кәсіпкерлердің солтүс­­тік­-қазақ­стандық палатасының директоры Есжан Оразалиннің айтуына қарағанда, бұл құжат тәжірибелік қана емес, әлеуметтік маңызға ие.

«Біз бірлесіп жұмыс істесек, мамандық алуға ұмтылған сотталған адамдардың кәсіби тұрғыдан өсіп, шеберлігін шыңдауына мүмкіндік бар. Осының арқасында олардың қоғаммен жылдам араласып кетуіне оңтайлы жағдай туады», деді.

Кәсіпкерлер палатасы түзету мекемелерінде осы заманғы кәсіби жұмысшыларды оқытып, даярлау міндетін өз мойнына алады. Ал қылмыстық-атқару жүйесі оқу үйрету жұмысына өз алаңын ұсынады. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің орынбасары Қанат Есенов бұл шараның сотталушыларды жаңа өмірге ынталандыруда маңызы барын атап өтті.

«Егер азамат түзету орнынан мамандық алып шықса, ол қоғам өмірінде белсенділігі артып, жұмыс орнын табуына мүмкіндігі бар. Кез келген жұмыс орны қазір адамның кәсібилігіне қарайды. Жұмыс берушілер көшеден келген кездейсоқ адамды жұмысқа алмайды, ал жұмысшы кәсібі туралы куәлігі болса, ондай адамның жұмысқа тұру мүмкіндігі жоғары», деді ол.

Мұнда жұмысшы кәсібі ғана емес, кәсіпкерлік пен қаржылық сауат туралы да оқытылады. Алғашқы кезекте оқумен 120 адам қамтылады, одан әрі тағы 200 адам курстардан өтпек.

 

Солтүстік Қазақстан облысы