Сұхбат • Кеше

Серікбай ОНБАЕВ: Патриоттық тәрбие талбесіктен басталады

60 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қаласы филиалының төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Онбаев жасы жетпістен асса да, қоғамдық жұмыс арқылы елге қызмет етіп жүр. Ардагердің бастамасымен мектеп оқушылары, колледж бен университет студенттері арасында ұлттық, патриоттық тәрбиені насихаттау бағытында тындырымды тірлік атқарылып жатыр. Ендеше, патриоттық тәлім-тәрбиенің көрінісі қандай болу керек деген сауал төңірегінде қоғам қайраткерімен сұхбаттасқан едік.

Серікбай ОНБАЕВ: Патриоттық тәрбие талбесіктен басталады

– Серікбай Мейірбайұлы, жалпы патриоттық тәрбие дегеніміз не? Бұл қалай дәріптелу керек? Осы бағытта қандай жұмыс атқарылып жатыр?

– Мен қазіргі Түркістан облысы Сауран ауданы Шорнақ ауылында дүниеге келдім. Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірдім. Содан соң Мәскеудегі жоғары әскери оқу орнында төрт жыл білім алдым. Міне, содан бастап жарты ғасырдан астам әскери салада аянбай тер төгіп келемін. Еліміздің тәуелсіздігін мәңгі де баянды ететін – ол ішкі тұрақтылығы мен қуатты әскері. Ал әскер мықты болу үшін ел қорғайтын азаматтар отансүйгіш, батыл да жаудан тайсалмайтын ержүрек болуы керек.

Жастайынан туған жердің топырағында аунап, оның қадірін біліп өскен ер-азамат Отанын қорғауда жан аясып тұрмайды. Себебі Отан қасиетті мекен деген ұғымды ол бала күнінен құлағына сіңіріп өседі. Сондықтан ел алдындағы борышын өтеу перзенттік әрі азаматтық парызы деп біледі. Балаға жастай патриоттық тәрбие беру – мемлекеттік тұрғыда маңызды іс. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ХІ «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында жастарды жігерлендіретін, рухын көтеретін сөз арнаған еді.

«Жастар бейбіт заманның қадірін түсінуге тиіс. Жыл өткен сайын жаһандық шиеленістер өршіп, мемлекеттер арасында қақтығыстар жиілегенін көріп отырсыздар. Қазіргі аса күрделі уақытта елдеріміз арасындағы түсіністік, өзара сенім мен келісім өте маңызды рөл атқарады. Қуатты армия – тәуелсіздік тірегі, қарқынды даму кепілі. Бүгін сапта тұрған сарбаздар – нағыз отаншыл, батыл, мықты азаматтар. Қазақстан армиясының келешегі сіздердің қолдарыңызда! Әділетті және Қауіпсіз Қазақстанды құратын да – сіздер. Мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің білімді, адал, озық жастарына сенемін! Алдағы күндері сіздердің қаншалықты күшті әрі епті екендеріңіз сыналады. Әскери қызметтің қандай болатынын сезініп, заманауи армияның озық технологияларымен танысасыздар. Нағыз жауынгер табанды еңбек, қатаң тәртіп пен жауапкершілік қана жеңіске жеткізетінін біледі», деген еді Мемлекет басшысы.

Патриоттық тәрбие беру үшін бірінші кезекте не істеу керек? Ең алдымен, адамның өзі патриот болу керек. «Тәрбие – тал бе­сіктен» дегендей, әуелі тәрбие отбасында беріледі. Бұл жерде алдымен ата-ана көзі ашық, көкірегі ояу, мейірбан, ұлттық дәстүрді дәріптейтін жандар болуы қажет. Біздің қоғамдық бірлестік мүшелері Шымкент қаласындағы 285 жалпы орта білім беретін мектеп, 4 колледж, 9 жоғары оқу орнында, сондай-ақ былтырдан бас­тап ашылған Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы әскери колледжде, Шымкент гарнизонында орналасқан әскери бөлімдер мен мекемелерде «Ерлік» сабақтарын ұйымдастырып келеді. Осылайша, еліміздің бейбіт өмірі мен тыныштығын қорғайтын өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге үлесімізді қосып жүрміз.

«Ерлік» сабағында жан аямай Отанын қорғаған батыр ата-бабаларымыздың жеңісті жолдары туралы айтылады. Олар­дың жауды жеңу үшін қолданған әскери тактикалары мен айла-әдістері жайында әңгімеленеді. Мәселен, Орбұлақ шай­қасында қазақтар аз ғана қолмен жоңғардың мыңдаған әскеріне тойтарыс беріп, үлкен шабуылдың алдын алды. Сол секілді бас­қыншы Гитлердің танкті дивизия­ларын Мәскеуге кіргізбей, қала сыртында күйрете соққы берген қазақтың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлының тактикасы осы күнде шетелдің әскери оқу орындарында арнайы дәріс ретінде оқытылады. Бірлестік мүшелері осы секілді бабалар ерлігін жастарға үлгі етіп әңгімелеп береді. Олардың әскери айла-шарғылары туралы тарихи деректерге сүйене отырып баяндайды.

«Ерлік» сабағында балалардың денсау­лығына қатысты кеңес пен әртүрлі пайдалы насихат айтылады. Ер адам әрдайым атқа қонуға дайын жүру керек. Бұл – оның бұлжымас парызы. Ал жігіттердің денсаулығы жақсы болуы маңызды. Ол көбіне күнделікті жеп жүрген асқа, қимыл-қозғалысқа, физикалық жаттығумен бірге миды қозғайтын оқу-білімге келіп тіреледі. Денсаулыққа қарау дегеніміз – пайдалы тағамдар тұтыну, әртүрлі спорттық секцияларға бару, көбірек қимыл-қозға­лыста болу. Қаладағы тіршілік баланың қимыл-қозғалысын тежеп тастайтыны айқын. Оның үстіне бүгінде адамзаттың ажырамас бөлігіне айналған смартфондар жастар тұрмақ үлкендердің өзін арбап алды. Смартфон қимыл-әрекетке кедергі болса, оның ішіндегісі – адамның миына төнген үлкен қатер. Әсіресе жастар телефоннан әр нәрсе көріп, бүгінде ойлары бұзылып барады. Тыйым болмауының салдарынан кез келген ақпаратты қабылдап, миына тез сіңірген өскелең ұрпақтың санасы да, әдебі мен мінез-құлқы да өзгеріске ұшырайды. Бұл бір ғана елімізге тән көрініс емес, мұндай үрдіс қазір дүние жүзінде белең алған. Ал оған қарсы тұрар бір ғана иммунитет бар. Бұл – ұлттық тәлім-тәрбие мен патриотизм. Осы тұрғыда «Ерлік» сабағы жастарды тура жолға бастауда жарқын үлгінің мысалын көрсетіп жүр.

– Қоғамдық ұйым мүшелері мереке мен әртүрлі тақырыпқа сай ұйымдас­тырылатын іс-шараларға қаншалықты атсалысады?

– Біздің бірлестіктің басты мақсаты – жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, олардың бойына отансүйгіштік пен адалдық қасиетінің дәнін себу. Осы жоспарды іске асыру жолында жоғарыда аталған «Ерлік» сабағы қаланың мектептері мен колледж­дерінде арнайы өтеді. Сондай-ақ ардагерлер музейлерді де аралап, бабалардың даңқты жеңістері мен ерлік істерін насихаттап жүр.

п

Бірлестіктің патриотизмді насихаттау бағытында атқарып жатқан басқа да жұмысы жетерлік. Мәселен, Шымкент қаласында ауған, тәжік-ауған, Таулы Қара­бақ, Чернобыль, Семей сынақ полигоны, Желтоқсан көтерілісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Шекара қызметі, Қарулы күштер ардагерлері коалиция құрып, бір мақсатқа жұмылып үлкен істердің бастамашысы болып жүр.

Үкіметтің 2023 жылғы №1039 қаулы­сымен 2024–2030 жылға дейінгі 7 жылдық әскери-патриоттық тәрбие жос­парын басшылыққа ала отырып жұ­мысқа кіріскен. Одан бөлек, Қорғаныс министрлігінің әр жылға арналған әскери-патриоттық жоспарларын басшылыққа ала отырып, қалалық білім басқармасымен, Қорғаныс істері жөніндегі департаментпен меморандумға қол қойды. Осы аталған жос­­­парды орындауда Шымкент қаласының ардагерлер қауымдастығы елімізде жеті жыл қатарынан жүлделі бірінші орынды иеленіп келеді.

Мәселен, «Білім күніне» орай былтыр 40 патриоттық іс-шара өткізсе, биыл бір мезгілде 1-2 қыркүйекте 47 патриоттық іс-шара ұйымдастырды. Өткен жылы олардың жалпы саны 800-ден асып жығылды. Жастарға үлгі көрсетіп патриоттық тәрбие беруде талмай еңбек етудің өтеуі шығар деп ойлаймын, маған Шымкент қаласының құрметті азаматы атағы берілді. Мұндай құрметке биыл Чернобыль ардагерлер қоғамының төрағасы Сайрулла Нахбаев та бөленді. Мен 2023 жылы Астана қаласында өткен Бүкілармиялық жиында иығына погон таққан ардагерлердің атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында баян­­дама жасадым. Осынау бақытты сәттің маған бұйырғанын ешқашан ұмытпаймын.

Жалпы, Қорғаныс министрлігінің «Қарулы Күштер ардагерлері» РҚБ Шым­кент қаласы бойынша филиалы 2019 жылы құрылып жұмыс істейді. Бірлестіктің басты міндетін тағы да қайталап өтсек, бұл – өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп, батыр аталар мен апаларымыз сияқты еліміздің бейбіт өмірі мен тыныштығын қорғап қалу жолына дайындау. Бірлестік құрылғалы бері «Мектепке жол» акциясы аясында көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға 1 млн теңгеге дейінгі сомаға мектеп формаларын сатып әперді. Балаларды туберкулезден емдейтін диспансерге материалдық көмек көрсетті. 1 мау­сым – Балаларды қорғаудың халықаралық күні қарсаңында әртүрлі қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырады. Сонымен қатар Түркістан облысының Мақтаарал, Төлеби аудандарында болған көктемгі тасқын кезінде және еліміздің солтүстік, батыс өңірлерін алапат су басқан кезде бірлестік мүшелері ұйымдасып, қаржылай және материалдық көмек жөнелтті.

– Алғашқы әскери дайындық пәнінің патриоттық тәрбиеге баулудағы рөліне тоқталып өтсеңіз. Осы пән арқылы әскердің алғашқы әліппесін үйретуде қандай өзгеріс бар?

– Оқушыларға әскери өмірдің не екенін үйрететін сабақтың маңызы өте жоғары. Өйткені баланы жастайынан әскери тәртіпке үйрететін, осы салаға қызықтыратын бірден-бір жол – осы алғашқы әскери дайындық пәні. Тіпті Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, небәрі 20 жасында Кеңес Одағының батыры атанған армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов «Менің қабылдау бөлмем шалғай ауылдың мектебіндегі «алғашқы әскери дайындық» пәнінің кабинетінен бас­талады» деген екен. Мұны әскерилерді аудан орталығында орналасқан әскери комисса­риат­тан ғана көретіні себепті айтыпты.

Мектептегі әскери сабақ өте үлкен нәтиже беріп жатыр. Мәселен, қаладағы №68 мектептің «Алғашқы әскери дайын­дық және технология» пәнінің жетекшісі Асанбай Иманқұлов үш жыл қатарынан оқушыларымен бірге Қарағанды облы­сының Спасск далалық алаңындағы жа­рысқа қатысып келеді. Биыл Қытай, Үндістан, Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан секілді елдердің қатысуымен Ақтөбе қаласындағы әуе қор­ғаныс күштері институтының далалық жаттығу алаңында халықаралық «Айбын» жарысы өтті. Осы сынға №68 мектептен қатысқан 2 қыз бала арнайы аталым бо­­­йынша жүлделі орынға ие болды. Бұл – әрине, әскери жетекшінің төккен терінің өтеуі, көпжылдық дайындық пен еңбектің жемісі. Аталған білім ұясының шәкірттері Беларусь елінде өткен құтқарушылардың халықаралық жарысынан екінші орынды иеленіп қайтты. Ақтөбе қаласындағы биылғы «Айбын» жарысында Шымкенттен барған 10 ұл мен 5 қыз қатысқан команда жүлделі үшінші орынға көтерілді. Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы әскери колледж командасы болса, осы додада жүлделі екінші орынды иеленді. Осынау жеңістің барлығы Шымкенттің абыройын биікке шығарды.

Жарысқа аттанатын екі команданы барша ардагер батамызды беріп, шығарып салдық. Жүлдемен оралған жеңім­пазда­рымызды ата-аналары мен ардагерлер оркестрмен салтанатты жағдайда күтіп алдық. Кеуделерінде медаль жарқыраған жастарға келгеннен кейін де тілегімізді арнадық. Мемлекетімізде осындай өжет те өрелі жастардың өсіп келе жатқаны ерекше қуанышқа бөлейді.

– Оқушылардың спорттық әскери клубтарға баруына қалай қарайсыз? Шым­кентте осындай клубтар бар ма?

– Өз басым оқушылардың спорттық әскери клубтарға баруын толық қолдаймын. Шымкент қаласында үш Оқушылар сарайы бар. Онда ондаған үйірме жұмыс істейді. «Жас барабаншылар», «Жас домбырашылар», «Жас жол полицейлері», «Жас тоғызқұмалақшылар», «Жас шахматшылар», «Жас авиамодельшілер» секілді көптеген қызықты үйірмені атауға болады. Оған қоса, мектептерде әскери-патриоттық клубтар ашылған. Мәселен, «Сәуле» шағын ауданына қарасты №129 мектептегі 35748 әскери бөлімнің «Болашақ» клубын полковник Реймбай Халмуратов басқарады. Бұл клуб оқушылары 2022 жылы «Айбын» патриоттық «Жас сарбаздар» жарысында бірінші орынды иеленген болса, өткен жылы екінші орынды жеңіп алған. Сонымен қатар шаһардағы білім ұяларында «Жас сарбаз», «Жас құтқарушы», «Жас шекарашы», «Жас әскери полиция», «Жас жол полицейі», «Жас танкист», «Жас артиллерист», «Жас кадет» деген секілді сыныптар бар. Онда оқитын оқушылар арнайы формамен жүреді және басқа балаларға үлгі. Себебі олардың көпшілігі – тәртіпті, сабақтарын жақсы оқитын оқушылар.

п

Қалада батыр Сағадат Нұрмағамбетов есімін иеленген мектеп бар. Биыл Кеңес Одағы батырының мерейтойы тойланды. Осыған байланысты бірлестік мүшелері көптеген іс-шараны қолға алды. Мәселен, ардагерлер Халық қаһарманының туған жері Ақмола облысы Ақкөл қаласына 24 мамырда барып, оның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Құран бағыштап қайтты. Шымкенттегі №72 мектеп генерал С.Нұрмағамбетов атымен аталады. 2020 жылы мектеп қабырғасына арнайы тақтайша ілінді. Алдағы уақытта білім ұясының алдына батырдың мүсінін орнату жоспарланып отыр.

Сондай-ақ осы жылы 24 желтоқсанда қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Мо­мышұлының туғанына 115 жыл толады. Осыған байланысты бірлестік мүшелері батыр туған аймақ Жамбыл облысының Жуалы ауданына зиярат жасап бармақ ниетте. Қанмайданда асқан ерлігімен көзге түскен Бауыржан Момышұлы есімі бүгінде шартарапқа жайылған. Жоғарыда айтып өткенімдей, оның Мәскеуді қорғау операциясында қолданған «Спираль», яғни «Шиыршық» деп аталатын соғыс тактикасы сонау Кубадан бастап Израильге дейінгі әскери жоғары оқу орындарында әлі күнге дейін оқытылады.

– Мектеп, клуб бір бөлек, әкенің тәрбиесі бір бөлек қой. Осы жағынан келгенде ұлдарымыз қайсар, өр рухты болу үшін әкенің де тәрбиесі мықты болу керек шығар?

– Дұрыс айтасыз, «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» дегендей, балаға берілген үйдегі әкенің тәрбиесіне ешнәрсе жетпейді. Бұл орайда, Шымкент қаласында Әкелер алқасы ұйымы жұмыс істейді. Онда сабақтан тыс уақытта әке­лері де ұлдарының патриот болып тәрбиеленуіне атсалысады. Отбасы институтын күшейту бағытында елде атқарылған шаруа көп. Соның бірі – «Үлгілі отбасы» байқауы. Қала деңгейінде осы жарысқа талай отбасы қатысты. Менің пікірімше, әкелердің ұлдарымен жүгіру марафоны секілді әртүрлі спорттық жарыстарға бірге қатысуы немесе бала-шағасын ертіп табиғат аясында қыдыруы баланың бойына үлкен күш ұялатып, тәрбиенің тамырын тереңдете түседі. Кез келген істі бірге атқару әке мен ұлдың арасындағы нәзік иірімдерді қатайтып, берік байланыстырады. Сондықтан баланың нағыз ер жігіт болып өсуінде әке тәрбиесінің маңызы өте жоғары. Сол үшін де қоғамда әкенің рөлін ешқашан төмендетуге болмайды. Өмірде әр нәрсенің қайтарымы болады. Сол айтпақшы егер әке баласына дұрыс тәрбие бере алса, өскенде міндетті түрде оның нәтижесі мен жемісін көреді.

– Бүгінгі таңда мемлекет әскерді күшейту бағытында ауқымды өзгеріс­терді бастағанын білеміз. Одан бөлек, жастарды әскери борышын өтеуге жігер­лендіру үшін қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Еліміздің қорғаныс саласы заманауи техникалармен, дрондармен қамтамасыз етілген. Айбынды әскер ел қорғаны үшін керек. Сол үшін бүгінгі заманның ұрыс тактикаларын меңгеріп, соған сай атыс қаруларымен жабдықталып жатыр. Әскер қатарына шақырылушы азаматтың мойнында несиелік қарызы болса, ол 14 айға тоқтатылады. 12 айлық мерзімді қызмет кезінде жақсы қызмет етіп жоғарғы жетістіктерге жетіп, сертификат алған сарбаз өзі таңдаған мамандығы бойынша жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай, тегін грантқа түсуіне мүмкіндік алды. Жоғары оқу орнындағы әскери кафедраларға да грантпен оқуға түсіп, офицер болуына жағдай жасалған. Бұдан бөлек, әскери жоғары оқу орындарына емтихансыз оқуға түсіп, офицер қатарында елін қорғауға мүмкіндік берілді. Ақылы оқып білім алу көпбалалы отбасыларға, әрине, оңай емес. Сондықтан 12 айлық мерзімді қызметтегі сарбаздар осы жеңілдікті пайдаланып, бүгінде 10 мыңға жуық сарбаз студент атанып білім алып жатыр. Ең бастысы, ер-азамат елдің қорғаушысы екенін ұмытпауымыз керек. Қандай жағдай болсын әскери міндет ер жігіттің мойнында парыз болып қала береді. Жастар әскерге барарда қандай қиындық болса да Отан үшін бәрін жеңіп шығамын деген ойда болса, оған келешекте психологиялық тұрғыда әскери міндетін өтеу оңай болады. Сондықтан кәсіби әскери қызметшілер де, қарапайым сарбаздар да рухани өзін тәрбиелеп, жан дүниесін таза ұстаса, әскердің абыройы бұрынғыдан биіктей түсер еді деген пікірдемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Әнуар ЖҰМАШБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»