Ұлттық спорт • Кеше

Кішкентай шабандоздың төрт жүлдесі

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірде де ат бәйгесіне қызығушылық артып келеді. Республика күні қарсаңында Жылыой ауданында өткен аламанда 10 жасар шабандоз төрт жүлдеге ие болды.

Кішкентай шабандоздың төрт жүлдесі

Атбегілер дала төсін дүбірге бөлеген ат бәй­гесінің бес түріне желден жылдам шабатын 70-тен астам жүйрікті қосты. Бес бәйгенің жүлде қоры 21 млн теңгені құрады. Алдымен жұртшылықтың назары 33 шақырымға созылған аламан бәйгеге ауды. Ал атбегінің бәрі де ащы терін алып, баптаған жүйрігінің топтан озғанын қалады.

Бір қызығы, ер қанатына баланған ат бәйгесінде тақымы мықты 10 жасар шабандоз Шәкәрім Тәжінің бағы жанды. Ол тізгінін ұстаған жүйріктің бірі аламан бәйгеде топтан озды. Бәйгенің жүлдесі – 5 млн теңге. Кішкентай шабандоздың тағы бір жүй­рігі 6 шақырымдық құнан жарысында мәреге бірінші жетті. Ал тай жарысында екінші, топ бәйгеде үшінші орын алған Шәкәрім үйіне төрт жүлдемен оралды.

«Ағайым атқа мінуді үйретіп, көптеген бәйгеге даярлады. Жеті жасымнан бері шабандоз ретінде бәй­геге қатысып жүрмін. Жүйріктің тізгінін қай кезде жіберуді білемін. Осы кезге дейін Астана қаласында, Маңғыстау облысында өткен бәйгелерде жүлдегер атанған едім», дейді Ш.Тәжі.

 

Атырау облысы