Саясат • Бүгін, 08:55

Парламенттік реформа – эволюциялық жолдың жалғасы

40 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Пар­ла­менттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғаш­қы отырысы өтті. Пре­зидент сөзінің басында бұл реформаның ел тағдыры­на тікелей ықпал ететін мәселе екеніне баса мән беріп, осынау тарихи міндет жолында жұмыс тобының мүшелеріне сенім білдірді.

Парламенттік реформа – эволюциялық жолдың жалғасы

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Халықаралық үрдіс тәжірибесі

– Өткен аптада арнайы Жұмыс тобын құру туралы Өкім­ге қол қойдым. Парламенттік ре­фо­рма – еліміздің алдында тұр­ған аса маңызды, жауапты жұмыс. Жолдауымда бұл мәсе­ле азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ қазір­гі Парламентте жан-жақты талқы­лануы қажет деп нақты айттым. Бірінші отырысымызда Парламенттің, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің және саяси партиялардың өкілдері, заңгер­лер, ғалымдар, қоғам қайратк­ер­лері бар. Бәрі де – елге таны­мал азаматтар, түрлі сала­ның маман­дары. Тағы да қай­талап айт­қым келе­ді: Парла­менттік рефор­ма – елі­міздің, халқымыздың тағ­ды­­рына тікелей қатысы бар мәсе­л­е. Жұмыс тобының әр мүше­сі ос­ы тарихи міндетті дұрыс тү­сініп, белсенді жұмыс істейді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елімізде түрлі бағытта ауқымды өзге­ріс­­тер қолға алынып, саяси, әлеу­меттік-экономикалық рефор­ма­­лар жүзеге асырылып жатқа­нын атап өтті. Бұл ретте осы өзге­ріс­тер жалғасын табуы керекті­гіне тоқталып, бір орында тұрып қалуға болмайтынын алға тартты.

– Мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту стратегиясын «Күшті Пре­­зидент – Ықпалды Пар­­ламент – Есеп беретін Үкімет» тұжы­рым­да­масына сай жүр­гізе беру ма­ңызды. Бұл – еліміз­де Прези­денттік билік жүйе­сінің тиімділігі сақталады деген сөз. Жалпы, бір палаталы Парла­ментке көшу халықаралық үрдіс­ке толық сай келеді. Әлем ел­дері­нің үштен екісінде осындай пар­ламенттік жү­йе қа­лыптасқан. Дәл қазір біз­ге ке­регі – ортақ ұстаным және па­ра­сат­ты, салмақты ұсыныс. Сон­­дық­тан барлық ой-пікірді, ұсы­­ныс­ты мұқият зерттейміз, ег­жей-тег­жей қараймыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бір палаталы Парламент құру туралы бастама инновациялық саяси шешім болғанын айта келе, қазір ел ішінде, әлеуметтік желіде айтылып жатқан түрлі пікір жөнінде ой білдірді.

– Басым көпшілік мұны «әбден пісіп-жетілген мәселе» деп санайды. Тіпті «Халықтың көбі қолдаған бастаманы талқылап, референдум өткізудің қажеті жоқ» деген ойлар да айтылып жатыр. «Реформаны созудың қажеті жоқ, таяу арада қысқа мерзім ішінде жасай салуға болады» деген пікірлер де бар. Шын мәнінде, қай жағынан алып қарасақ та, мәселе өте өзекті. Аза­мат­та­ры­мыздың әртүрлі пікір айтып, бел­сенді болғаны – жақсы үдеріс. Де­ген­мен парламенттік рефор­ма – аса күрделі жұмыс. Асығыс­тыққа жол беруге болмайды. Себебі бұл – еліміздің тағды­рын шешетін жағдай. Бұл – мемле­кет­тің болашағына тікелей ықпал ете­тін қадам. Мұндай маңыз­ды шешім кең ауқымды талқы­лау арқылы қабылдануға тиіс. Қазақ­стан – халық үніне құлақ аса­тын Әділетті мемлекет. Бұл – мызғымас ұстаным. Мемле­кет басшысы ретінде мен үшін Пар­ламент – еліміздегі саяси жүйе­нің негізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конс­титуцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден аса кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. Әрине, бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

а

 

Ұстаным – кәсіби біліктілік

Осы орайда Президент алдағы рефор­маның кейбір концептуалды тұстарына қатысты ой-пікірін ортаға салды.

– Біріншіден, біз барлық реформаны тек эволюциялық жолмен ғана жүргіземіз. Яғни азаматтардың сұранысы, төл ерекшелігіміз бен еліміздің түпкі мүддесі ескеріледі. Парламенттік реформа кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан ауқымды саяси жаңғырудың қисынына сай келеді. Естеріңізде болса, саяси реформалардың төрт пакеті аясында парламенттік оппозиция туралы норма бекітілген еді. Онда өкілдері аз партияға Мәжілістің тұрақты комитеттерінің бірінде төрағалық лауазым атқару және парламенттік тыңдау өткізу туралы бастама көтеру құқығына кепілдік берілді. Бұдан бөлек, партиялар Парламентке өтуі үшін сайлаудың төменгі шегі азайтылды. 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформаның арқасында Мәжілістің құзыретін елеулі түрде кеңейттік. Нақты айтқанда, бүгінде Мәжі­ліс заң қабылдайды, ал Сенат мақұл­дайды. Бұл алғашқы қадамдар еді. Ен­ді кейінгі жылдары қоғамдағы саяси мә­дениеттің едәуір өскенін ескере оты­рып, бірте-бірте және байыпты жол­мен бір палаталы Парламентке өтуді бастаймыз.

Екіншіден, парламенттік реформа «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» саяси формуласына толық сай келеді. Жаңа да атап өттім, бұл – мемлекетіміздің құрылымын айқындайтын басты тұжырым. Түптеп келгенде, пар­ламенттік реформа және осыған дейін жүзеге асырылған реформалар біздің аймақта бұрын-соңды болмаған, шын мәнінде, жаңа басқару жүйесінің негізін қалайды. Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселеге назар аударғым келеді: Парламентті реформалау – Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беру­ге болмайды. Алдымызда тұр­ған мақсат – айқын. Біз өкілді билік тар­мағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Осы­лайша, азаматтарымыздың мүдде­сі мен тілек-ниетін білдіретін заң шығару­шы орган мүлде жаңа сипатқа ие болады.

Үшіншіден, алдағы реформа экономика, әлеуметтік және технологиялық даму секілді басқа да салалардағы жан-жақты жаңғырулармен үйлесім табады. Мысалы, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу күллі әлемдегі мемлекеттік басқару жүйесін өзгертетіні сөзсіз. Бірқатар елде қазірдің өзінде «электрондық немесе цифрлық парламент» элементтері сынақтан өткізіле бастады. Бұл азаматтарды саяси өмірге араластырудың жаңа формаларын қамтамасыз етіп, заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыру мақсатында жасалады. Келешекте бұл үрдіс күшейе түспек. Сондықтан біз де осы бағытқа саналы түрде күш саламыз. Алдағы уақытта e-Parlament қазіргі электрондық үкімет – e-Gov сияқты сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін. Сол себепті бір палаталы Парламентке өту бір есептен жұмыстың жаңа қалыбы мен қарқынына, тез шешім қабылдауға бейімделуді көздейді. Яғни заман өзгеріп жатыр, ол өз талабын орындатады, e-Parlament жүйесі қыр астында тұр. Жақында өмірімізге дендеп енуі мүмкін. Сондықтан заң қабылдауда мүлде қате жіберуге болмайды. Заң шығару жұмысын жақсартудың жаңа тетіктерін енгізу аталған үдеріспен қатар жүруі қажет. Мұны халықаралық тәжірибе де көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бұл ретте болашақ депутаттар корпусының білімі мен білігі маңызды факторға айналады. Олардың қатарында нағыз кәсіби мамандар болуы керек. Парламент кәсіби болуға тиіс. Бұл – өте маңызды міндет. Парламентті пропорциялық жүйемен, яғни партиялық тізіммен жасақтау туралы ұсыныс дәл осы міндеттен туындап отыр. Бір палаталы Парламентте партиялардың көп болуы саяси диалогті кәсіби негізде өрбітуге ынталандырады. Жаңа жағдай партия жұмысына тың талаптар қояды. Демек популизм цифрландыру кезеңінде маңызды рөл ойнамайды, керісінше, кәсібиліктің бәсі жоғарылай түседі.

– Парламент – тәуелсіздігімізді және мемлекеттігімізді айшықтайтын маңызды құрылым. Бұл – ешқашан өзгермейтін ақиқат, алдағы уақытта да солай болып қала береді. Жалпы, реформаның негізгі мақсаты, соған сәйкес істелуге тиіс жұмыстың бағыт-бағдары туралы Жолдауда кеңінен айтылды. Референдумға дейін атқарылатын жұмыстың бәрін мұқият ойластырып, байыппен жүргізу қажет. Білікті мамандар өз ойларын ашық айтып, тиімді ұсыныстар беруі керек деп санаймын. Түпкілікті шешім, яғни қоғам пікірі дұрыс болуы үшін осы мәселеге қатысты айтылатын әрбір ой-пікір де әбден тексерілген, екшелген, жан-жақты сарап­талған болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан Жұмыс тобы өз міндетін нағыз кәсіби ұстанымға сай атқаруға тиіс. Атап айтқанда, «е-Otinish» және «е-Gov» порталдары арқылы түскен барлық ой-пікірді сараптап, зерде­леу қажет. Біз Әділетті мемлекет ретін­де әр азаматтың ортақ іске пайдалы болатын ұсынысын ескеруіміз керек. Ата заңға енгізілетін әрбір өзгеріс мұ­қият пысықталып, дайындалуға тиіс. Әр баптың, әр норманың мән-мағына­сына терең бойлаған жөн, яғни құқық­тық, процедуралық мәселелерді нақты айқындап алуымыз қажет. Бұдан бөлек, басқа да көптеген мәселе пайда болуы мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытын­дылай келе, өте ауқымды бұл шаруада жұмыс тобына үлкен сенім артылып отырғанын атап өтіп, олардың істеріне сәттілік, табыс тіледі.

Жиынды Жұмыс тобының жетекшісі, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жүргізді. Сонымен қатар заң ғылым­дарының докторы Виктор Малиновский, Парламент Мәжілісінің депутаттары Үнзила Шапақ, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Марат Бәшімов, Парла­мент Мәжілісіндегі «Ақжол» партия­сы­ның фракция жетекшісі Азат Перуашев, «Amanat» партиясының фракция жетек­шісі Елнұр Бейсенбаев, Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Андрей Чеботарев сөз сөйлеп, ой-пікірлерін білдірді.

Соңғы жаңалықтар

Алматыда 6 мың жұмыс орны құрылды

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Республика күні Әл-Фараби көзімен

Республика күні • Кеше