21 Наурыз, 2015

Басын бәйгеге тіккен

337 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_7897тұғыры бөлек тұлғаға,  ұлт үшін туған жампозға ескерткіш-мүсін орнатылып, мұражай ашылды «Әр уақытта менің жүрегімнің төрінен орын алатын менің ер інім – Жұмабек». Дуалы ауыз Ғабит Мүсірепов Н. Хрущевтің құрық бойламайтын зымияндық саясаты салдарынан қазақтың ұлан-байтақ жері бөлшектеніп кете жаздаған тұста арыстандай айбат, жолбарыстай қайрат көрсетіп, ел тұтастығының сақталып қалуына себепкер болған ұлтжанды азаматтың ерлігін осылай бағалаған екен. Ол кездері бодандық қамытын киіп, отарлаудың теперішін әбден тартқан қазақ халқының жанайқайын Мәскеудегі билікке ашық айту мүмкін емес-тұғын. Басына қара бұлт үйірілетінін, қызметтен шеттетілетінін, қуғын­дауға түсетінін біле тұра екінің бірі тәуекел ете бермейтін қадамға баруын көзсіз ерліктен гөрі ата-бабамыз қасық қанымен қорғап, кейінге аманаттап кеткен атамекенге деген зор сүйіспеншіліктің ерен үлгісі деп түсінген дұрыс болар. Солтүстікқазақстандықтар үшін де Жұ­ма­бек Тәшеновтің орны бөлек. Саналы ғұмырының бес жылын Қызылжар өңірінде (1947-1952 жылдары-облатком төрағасының орынбасары, төрағасы) өткізген оның экономиканы, мәдениетті, руханиятты дамытуға қосқан үлесі өлшеусіз. Демек, нар тұлғалы аза­матты қалай ұлық­тасақ та жарасады. Көп­тен бері есімі елеусіз болып келген мем­лекет және қоғам қайраткерінің 100 жыл­дық мерейтойы қарсаңында Петропавл қа­ла­сындағы № 20 мектепке атын беру туралы көпшіліктің ұсыныстары Үкімет тарапынана қолдау тапты. Енді, міне, ұлттық тәлім-тәрбие беретін оқу ордасы алдына ескерткіш-мүсін орнатылып, марқұмның туған-туыстарының, зиялы қауым өкілдерінің, жастардың, оқушылардың қатысуымен өткен салтанатты шара ерекшелігімен есте қалды. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жинал­ғандарды айтулы оқиғамен құттықтап, та­ғылымды да тәлімді істері халық жадында өшпестей сақталып қалған тұлға жайлы толғана сөйледі. Марқұмның ұлы Саян Жұмабекұлы әке жайлы жылы естеліктермен, әр жылдары қызмет атқарған Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның құрметті азаматы Жақсылық Ысқақов, Григорий Кухарь, тағы басқалары жарқын бейнесі жайлы әсерлерімен бөлісті. Ескерткіш-мүсіннің авторы, В. Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік академиялық көркемсурет институтының түлегі, бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кафедра меңгерушісі қызметін атқаратын Мәлік Жүнісбаевтың есімі де қызылжарлықтарға жақсы таныс. Кезінде Үкілі Ыбырайдың мүсінін тамаша сомдаған шеберге таңдаудың түсуі бекер емес. Оның өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарып шыққаны бірден аңғарылады. Парасатты келбет, қайсар рух мүсінде керемет келісім тапқан. Айтулы шараға мектеп басшылығы, мұға­лімдер мен оқушылар ерекше ыжда­һат­ты­лықпен дайындалыпты. «Қайсар рухты азамат» деп аталатын стендте мол мағлұматтар топтастырылыпты. Мәртебелі қонақтар мұражайдың тұсаукесеріне қатысып, қайраткердің жеке заттарымен, еңбек, өмір жолдарынан сыр шертетін шығармалармен, естеліктермен танысты. – Мектепте 2010 жылдан бері «Іздеу» тобы жұмыс істейді. Оның мүшелерінің тынымсыз ізденістері арқасында көптеген тың деректер жиналды. Көрші облыстардан қолжазбалар, жәдігерлер алынды. Шымкент қаласына дейін барып қайттық,–деді сөйлескенімізде тарих пәнінің мұғалімі Клара Молдахметова. Акт залында жас өрендер ұйым­дастырған әдеби-композициялық кешке Ж.Тәшеновтің келіні Фатима Садыққызы ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.