
Маманның айтуынша, 9 ай ішінде 84 мыңнан астам адам ЖРВИ-мен ауырған. Оның көпшілігі балалар. Үш жүзден астам адам тұмауға шалдығып, көпшілігі А, В типтерін жұқтырған. Екі жүзден астам науқас тұмауға жатпайтын вирустық дертке ұшыраған. Олардың ішінде парагрипп, риновирус, аденовирус, коронавирус бар.
Санэпидемиологиялық қызмет өкілінің мәлімдеуінше, инфекцияның алдын алу мақсатында жергілікті бюджет есебінен тұмауға қарсы тез жұқтыратындар тобына жататын тұлғаларға екпе жүргізуге 150 000 доза «Гриппол+» вакцинасы сатып алынды. Мегаполис тұрғындарының вакцинамен қамтылу деңгейі 12% құрайды. Шымкентте тұмауға қарсы вакцина егу жұмыстары қыркүйек айының соңында басталды. Бірінші кезекте медицина ұйымының қызметкерлері, мұғалімдер, диспансерлік есепте тұрған, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ әскери қызметшілер мен созылмалы тыныс алу жолдары ауруымен, жүрек қан-тамыр дертімен ауыратындар егілді. Негізінен әртүрлі тұмаумен ауыратын кезең қазан мен сәуір айларын қамтиды. Осыған байланысты қалада дайындық жұмыстары қолға алынды. Емханаларда науқастарға кеңес беретін қосымша телефон нөмірлері іске қосылды. 71 автокөлік, үш жүзден астам төсек-орын қарастырылды. Жұқпалы аурулар ауруханасының тұмаумен түскендер жататын бөлімшесі 100 төсек-орынға ұлғайды. Инфекциялық індет жүретін кезеңде онымен күресуге жеткілікті деңгейде дәрі-дәрмек қоры жинақталды. Еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сай, 1 қазаннан бастап медициналық ұйымдарда бетперде тағу тәртібі енгізілді. Осы қаулыға сәйкес Шымкенттегі мектептерде тұмаудың оқушылар арасында таралуын болдырмау мақсатында таңертеңгілік сүзгі кезекшілігі қолға алынды. Осы профилактикалық іс-шара аясында тұмау белгісі бар оқушыларды ерте анықтау жұмыстары жүргізілді.
«Егер бір сыныпта оқитын оқушылардың жартысына жуығы тұмаумен ауырса, онда оқушылар онлайн сабаққа көшеді. Жалпы, ЖРВИ мен тұмау белгілері ұқсас болып келеді. Екеуінде де дене қызуы көтеріліп, тамақ қызарып, әлсіздік пайда болады. Бірақ екеуінің де асқынуы денсаулыққа ауыр тиюі мүмкін. Тұмаудың салдарынан ауру пневмония, менингит, отит, гайморит секілді ауруларға ұласып кетуі ықтимал. Кейде тұмаудың ауыр түріне шалдықса, адам өліп те кетеді. Сондықтан жұқпалы індеттің алдын алудың ең тиімді жолы – екпе салдыру. Ол пациенттерге барлық емханада қолжетімді», деді А.Тұрымбетова.
Брифинг барысында сөз алған қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Мұрат Ағабаев биыл жыл басынан бері құтыру ауруы жөнінде ешқандай дерек тіркелмегенін мәлімдеді. Бұл дер кезінде атқарылған профилактикалық жұмыстардың нәтижесі деді маман. Дегенмен қалада ит-мысық тістеген немесе тырнаған оқиғалар болған. Бірақ олардың ешқайсысы құтыру салдарына кірген жоқ. Ит-мысықтан зәбір көргендердің тең жартысы балалар. Маманның айтуынша, құтыру дертіне қарсы алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.