
Алайда ем-шара ешбір нәтиже бермеген соң операция жасатуға №1 қалалық клиникалық ауруханасына жүгінген. Дәрігерлер науқасқа қайтадан толық диагностикалық тексеру жүргізіп, операцияға дайындады. Сөйтіп, екі сағаттан аса уақытқа созылған операция барысында көлемі 10-11 сантиметрлік ісік алынып тасталды. Лапароскопиялық әдістің бір ерекшелігі операция тіліксіз орындалады. Соның арқасында науқас тез оңалып кетеді. Әрі тіліксіз операция косметикалық тұрғыдан да тиімді.
Ұйқы безінің қатерлі ісігі – ең агрессивті әрі емдеуі қиын ауру түрі. Оның алғашқы белгілері ісік айтарлықтай үлкейгенде немесе басқа ағзаға таралғанда ғана байқалады. Негізгі симптомдары іштің жоғарғы бөлігінде немесе арқада ауырсыну сезіледі, тәбетсіздік пайда болады, жүрек айнып, салмақ күрт төмендейді. Сондай-ақ кейбір жағдайда науқас қант диабетіне ұшырауы мүмкін. Осыған дейін ұйқы безіне лапароскопиялық операция Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында ғана жасалып келді. Енді мұндай операцияны шымкенттік дәрігерлер де меңгерді.
№1 қалалық клиникалық ауруханасы бірінші хирургиялық бөлімінің меңгерушісі Дәурен Қабылов жалпы жоғарыда аталған ауру белгілері науқаста байқалғанымен, ондағы ісік қатерлі емес екенін гистологиялық зерттеу анықтайтынын айтты.
«Науқастың жасы 21-де. Биыл ғана оқу бітіріп, жұмысқа енді тұрған екен. Жасының ерекшелігін ескеріп әрі болашақ ана ретінде денсаулығын сақтап қалу мақсатында лапароскопиялық әдіспен операция жасауды ұйғардық. Науқас екі күн тексеріліп, операциядан кейін бес күннен соң үйіне қайтарылды. Тіліксіз операцияның ерекшелігі сол, пациент тез оңалып кетеді. Тіпті операция біткен соң екі сағаттан кейін аяғына тұрып жүрсе болады. Операция барысында алынған түзілім гистологиялық зерттеуге жіберіліп, қазір анықталып жатыр. Нақты диагнозға қарай емдік шарасы тағайындалады. Ұйқы безі мен көк бауыр бір-біріне жақын жатқан орган. Екеуі бір-бірімен тығыз байланыста болғандықтан, ашық операция кезінде ұйқы безінің бір бөлігімен қоса көк бауыр да алып тасталады. Ал тіліксіз операцияда көк бауырды аман сақтап қалуға болады. Кешегі жағдайда науқастың көк бауыры сау күйінде қалды. Сол тұрғыда мамандарымыздың ауыр операцияларды жаңаша әдіспен жасап жатқаны үлкен жетістік. Мен өзім хирург-онкологпін. Маман ретінде айтарым, қазір ісік ауруларының бұрынғы кезбен салыстырғанда біршама өскені байқалады. Әсіресе жастар арасында онкологиялық дертке ұшырап жатқандар аз емес. Осының бәрі, менің пікірімше, дұрыс тамақтанбаудан болады. Бүгінде жастар көшенің жылдам әзірленетін тағамына әуес. Оның дәмі ерекше, қарынды тез тойдырғанымен, оны дайындайтын майдың адам ағзасына зияны орасан. Қолымыздан тастамайтын телефон мен ноутбуктер де өз бойынан зиянды сәуле шашатынын ұмытпау керек. Сондықтан адамдар, оның ішінде әсіресе жастар саламатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында смартфонға телмірмей, таза ауада көбірек серуендесе, ағзаға пайдалы тағамдар тұтынса деген кеңес беремін. Адамның денсаулығының мықты болуы экология, қоршаған ортаның әсері бар дегенімен тікелей өзіне байланысты», деді Д.Қабылов.
Дәрігердің айтуынша, бүгінде клиникалық ауруханада көп операциялар лапароскопиялық әдіспен жасалады. Бұл тәсілді меңгергенше, хирург мамандар көп еңбек етті. Шетелге шығып тәжірибе жинады. Елімізге келген шетелдік мамандардан үйренді. Айталық, аурухана хирургтері Ресей, Белорусь, Түркия елдерінде оқу-тәжірибелік тағылымдамадан өтіп қайтты. Жуырда Литваға барып, кеуде хирургиясы жөнінде арнайы курстан өтеді. Осындай шеберлік пен біліктіліктің нәтижесінде бүгінде клиникалық ауруханаға Шымкенттің өзінен ғана емес, портал арқылы еліміздің барлық өңірінен емделуге келіп жатқандар көп. Тіпті Үндістан, Түркия секілді елдерде операция жасатып, одан қайран болмаған соң қалалық клиникада қайтадан операцияға жатып, құлан-таза айығып кетіп жатқандар жетеді.
Хирургия бөлімінің меңгерушісі Д.Қабыловтың мәлімдеуінше, кейінгі жылдары мегаполис медицинасы дамып келеді. Соның ішінде №1 қалалық клиника үлкен жаңғыртуды бастан өткерді. Операция бөлімдері соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталып, заманауи медициналық аппараттар мен қондырғылар орнатылды. Операцияның ең күрделі түрлері жасала бастады. Осының өзінен шаһардың медицина саласы қаншалықты алға қарай қадам басқанын білуге болады. Жалпы, бұл тек бір қаланың емес, тұтас ел медицинасының жеткен жетістігі.
«Мен шетелде көп боламын. Рас, ол жақтағы клиникаларда соңғы үлгідегі заманауи қондырғылар бар. Небір түрлі аппараттар таңдай қақтырады. Алайда мамандарының тәжірибесі мен біліктілігі біздің хирургтерден соншалықты асып кеткен деп айта алмаймын. Керісінше, біздің дәрігерлердің білімі мен шеберлігі олардан бір саты жоғары тұратын секілді. Оның бір дәлелі хирургия саласында қандай күрделі операция бар, соның бәрін біздің мамандар шетінен игеріп келеді. Операция жасаудың тиімді әдісі саналатын лапароскопияны операцияның барлық түріне қолданып жатыр. Соның бірі – кешегі ұйқы безінің ісігін алып тастау операциясы. Ұйқы безі адам ағзасындағы ең нәзік орган. Қиындықтарға қарамастан, жергілікті хирургтер пациенттерді алысқа жібермей, барлық ем-домды өз қаламызда жасауға тырысып жатыр», деді Д.Қабылов.