21 Наурыз, 2015

Наурыз береке мен бірліктің мерекесі

820 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
а1Наурыз – жылдың әрі көктемнің бірінші айы. Мағынасы: парсының «нау» – жаңа, «руз» – күн, яғни «жаңа күн» деген сөзінен шыққан. Наурыз атауы бір-ақ күн жөнінде айтылғанмен ол толық ай атын иеленген. Наурыздың бірінші күні күн мен түн теңесіп, Жаңа жыл келеді. Наурызды жыл басы, көктем басы, мереке басы деп санайтын халқымыз – «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше құрметтейді. Жылдың бірінші күні (22 наурыз) мереке ретінде аталып өтеді.    Шығыстық данышпандар Махмұт Қашқари, Әбу Райхан Бируни, Ә.Фердоуси, Ә.Науаи, О.Хаямнан бастап, қазақтың Абай, Әлихан, Ахмет, Мiржақып, Сәкен сынды ғұламалары да наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, ұлағатты сөздер жазып қалдырған. Наурыз шығыс елдерi үшiн – бiрлiктiң, татулықтың, еңбектiң, көктемнiң, iзгiлiктiң, бақыттың мерекесi ретiнде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күнi шаттанбайтын, қуанбайтын, мейiрленбейтiн адам болмаған. Бұл күнi жақсы тiлек тiлеу, құттықтау, кешiрiм жасау, табысу сияқты адамгершiлiк қасиеттер көрiнiс тауып, кейiнгi ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгi алған. Наурыз көже дінмен үндеседi Қазiргi күндерi Наурыз мерекесiн «жақсы бидғат» деп тануға бола ма деген сыңайдағы сұрақтар жиі кездесiп жатады. Ханафи мазхабының шарттарымен Наурыз мерекесiн жақсы бидғат деп тануға толық негiз бар. Себебi, атақты имам Ағзам құқықтық мектебiндегi үкiм берудiң жетi қайнар көзiнiң бiрi – «әдет-ғұрып» болып табылады. Бүгiнгi дәстүрiмiздегi Наурыз мерекесiнiң исламға ешқандай ала-бөтендiгi жоқ. Мәселен, Наурыз мерекесiнде дайындалатын «наурыз көженiң» ислам мәдениетiндегi «ашура тәттiсiмен» мазмұны бiр. Нұх (ғ.с.) кемеден қауымымен жерге түскенде дорбаның түбiнде там-тұм қалған түрлi дақылдарды қазанға салып пiсiрiп, содан «ашура тәттiсiн» жасаған. Әрбiр жылы мұсылмандар Ашура мерекесi күндерi «ашура тәттiсiн» жасап, бiр-бiрiн қонақ етедi. Қазақтар да Наурыз мерекесiнде қыстан қалған дорбаның түбiндегi дән-дақылдан «наурыз көже» дайындап, жұртына дәм таттырады. Яғни,  қазақтың наурыз көже дайындау дәстүрi Ислам дiнiнiң жоралғыларына негiзделген. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген нақыл сөз бар Алла тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», – деп бауырмал болуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Үш адам жайлы сұрама, олар: «Жамағаттан бөлінген кісі, басшыға қарсы шыққан адам, күнә жасаған күйінде көз жұмған пенде», деп ескертті. Имам Бухаридің, басшыға бағынып, бүлік шығармауды үгіттеуінде үлкен мән бар. Ата-бабаларымыз: «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», – деп текке айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты назарда болмақ. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік керек. Мейрамда мейірім мен кешірімді болу Дініміз  әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Бұл шын мәнінде, халықтығымызға, елдігімізге ежелден бері өте жақын мәселе десек артық айтқандық емес. Қасиетті Құран Кәрімде былай дейді: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф-199). Ислам бізден үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Сөзімізді Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мына бір хадисімен аяқтайық: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7). Ағаш отырғызудың сауабы мол Халқымыздың тарапынан Наурыз мерекесiнде адамдарға ғана емес, табиғатқа да ерекше қамқорлық жасалып отырған. Ол жөнінде дана халқымыз: “Бір тал кессең, он тал ек”  деген қанатты сөз қалдырған. Мұны Ислам дiнi ерекше қолдайтын дәстүр деуге болады. Асыл дiнiмiзде табиғатты аялау және оны қамқорлыққа алу жайында  Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  тарапынан кеңінен айтылып өткен. Хадисте: «Қиямет-қайым басталған кезде кiмнiң қолында бiр құрма ағашының көшетi (тал шыбығы) болса, қиямет болмастан бұрын отырғызуға күшi жетсе дереу отырғызып үлгерсiн». «Бiр мұсылман бiр ағаш отырғызса немесе бiр нәрсе ексе және одан бiр құс, бiр адам немесе жануар жесе, ол адам үшiн садақа  болып есептеледi».  Iшiмдiкке жол берiлмеуi қажет Ұлыстың ұлы күнiнiң өзге ұлттардың жаңа жылынан бiр ерекшелiгi – тән тазалығына ғана емес, жан тазалығына да үлкен мән берiледi. Яғни, Наурызда  iшiмдiкке жол берiлмеуі керек. Бүгiнде Наурызға қатысты кейбiр жиындарда iшiмдiктерге жол берiлiп жататыны ара-кідік көрініс беріп жатады. «Арақтан сақтаныңдар, ол барлық жамандықтың кiлтi» делiнген Құран Кәрiмде.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) араққа қатысты он нәрсеге лағынет айтты: жасаушыға, жасатушыға, iшкенге, iшкiзгенге, көтергенге, көтерткенге, сатушыға, сатып алушыға, сыйға тартушыға, арақты сатып ақшасын пайдаланғанға. Сондықтан, әз-Наурызда арақ-шарапқа жол берiлмегенi ләзiм. Бірлік – біздің басты ұстанымымыз. «Алтауы ала» елдің алдағы уақыттан алары аз. «Төртеуі түгел» елдің болашағы зор. Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты. Бірлігімізге бекем болсақ, болашағымыз баянды, берекелі болары хақ. Наурыз мейрамы тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Ұлыс оң болсын, ағайын! Мұхамеджан қажы ЕСТЕМIРОВ, магистр.