
Мамандандырылған дәрігерлер тобы Жайпақ, Достық және Бескөл станцияларында қабылдау жүргізіп, тұрғындарға медициналық көмек көрсетті.
Сапар барысында тұрғындарға профилактикалық тексерулер, бейінді мамандардың кеңестері, бастапқы диагностика және алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Пойыз жұмысы барысында жалпы 2 855 адам, оның ішінде 1 241 бала тексеруден өтті.
Халыққа терапевт, педиатр, офтальмолог, кардиолог, маммолог және басқа да мамандар қызмет көрсетті. Қажет болған жағдайда пациенттерге қосымша тексерулер мен емделуге жолдамалар берілді.
Жоспар бойынша биыл пойыз барлығы 123 станцияға барып, 90 мыңға жуық қазақстандыққа көмек көрсетеді. Пойыздың маршруты толыққанды медициналық инфрақұрылымы жоқ елдің өңірлерін қамтиды.
Жобаны Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының атынан іске асыруда.
Медпойыздың өзекті қозғалыс кестесі: www.medpoezd.kz сайтында жарияланып отырады