Өндіріс • Бүгін, 09:10

Ұшақ отынының сапасын арттырады

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірдің дамуы өндіріс қуатымен тығыз байланысты. Павлодарда алдағы уақытта эко­но­­микаға тың серпін берер жоба іске асы­рылуға тиіс. Облыс орта­лы­ғында ұшақ отынын жоғары октанмен қам­тамасыз ететін алғаш­қы отандық зауыт салынып жатыр.

Ұшақ отынының сапасын арттырады

Павлодар облысында мұнай-химия өнімдерінің кластерін құру жобалары сәтті жүзеге асып келеді. Бұған дейін мұнай зауытында жүргізілген жаң­ғырту нәтижесінде көлік отыны­ның сапасы К5 стандартына дейін көтерілді. «ПМХЗ» ЖШС жыл басынан бері 3 млн тоннаға жуық дайын мұнай өнімдерін тиеген. Өнеркәсіп жоспарлы көрсеткіштен ауытқымай, өндірісті үдете түскен. «ПМХЗ» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Сергей Петруктың айтуынша, жылдың алғашқы 8 айында кәсіпорын 1044,4 мың тонна автобензин, 1281,2 мың тонна дизель отынын. 136,8 мың тонна авиаотын, 255,5 мың тонна мұнай битумын, 249,6 мың тонна көлемінде жағатын мазут өндірген.

«Энергетика министрлігі 2025 жылға бекіткен өндірістік жоспарға сәйкес зауытымыз 5,5 млн тонна мұнайды өңдеп, 1581,9 мың тонна автобензин, 1844,5 мың тонна дизель отыны, 200,0 мың тонна авиаотын, 366,0 мың тонна мұнай битумы, 455,7 мың тонна жағатын мазут шығаруға тиіс. Бізде сұйылтылған газ да шығарылады, жыл басынан бері 182,4 мың тоннасы өндірілді. Өндірістік технологияларымызда кідіріс жоқ», дейді кәсіпорын басшысы.

Ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылы кәсіпорын нарыққа 4 млн 799 мың тонна дайын мұнай өнімдерін жөнелтті. Мұнай өнімдерінің 95 пайы­зы елімізде қалса, өзгесі Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай елдеріне экспортталған. Зауыт сыртқы елдерге, негізінен, мұнай коксы мен техникалық күкірт және жағылатын мазутты экспорттайды. Ал былтыр кәсіпорын тұңғыш рет рекордтық көлемдегі 5,5 млн тонна мұнайды өңдеп, зауыттан 1 млн 607 мың тонна автобензин, 1 млн 849 мың тонна дизель отынын, 236 мың тонна әуе көлігі отынын, 321 мың тонна сұйылтылған газ шығарған. Ұшақ отыны бойынша өндіріс – 16,5%, бензин – 3,5%, сұйылтылған газ өндірісі 3,5%-ға көбейе түскен.

а

Қазір Павлодар облысында еліміз үшін бірегей жоба – жылына 100 мың тонна алкилат өндіретін алғашқы зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Іске қосылса, еліміздегі мұнай өндірісі алкилатты октанды арттыратын компонент ретінде пайдалануға көшеді. Мамандар бұл отандық отын сапасын арттыруға және қоршаған ортаға зиянды әсерді айтарлықтай азайтуға мүмкіндік бере­тінін айтады. Елімізде алкилат өндірісі жоқ. Ал жобаны іске асыру К-5 (Еуро-5) ең қатаң экологиялық стандартына жауап беретін жоғары сапалы отын өндіру жолындағы маңызды қадам болады. Әрі ол еліміз бен таяу шет мемлекеттердің нарығын ұшақ және көлік отынына арналған экологиялық таза жоғары октанды компонентпен қамтамасыз етеді.

«Алкилат өндірісі отын саласын эко­логияландыру жолындағы маңыз­ды қадам болмақшы. Алкилат – бензиннің жоғары октанды компо­ненті, ол бензиннің қасиеттерін едәуір жақсартуға және атмосфераға көмір­қышқыл газы мен улы заттардың шы­ғарылуын азайтуға мүмкіндік береді. Жоба жаңа технологиялық кәсіпорынды құрып қана қоймай, мұнай өңдеу тереңдігін арттыру барысындағы тиімді шешімдердің біріне айналады», дейді жобаны жүзеге асырушы «Intertrans
c. A.» ЖШС өкілдері.

пав

Облыс әкімдігінің дерегінше, жалпы құны 35,6 млрд теңге болатын алкилат өндіру жобасын 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Зауыт пайдалануға берілген уақытта 150-ден астам жұмыс орны құрылады.

Жергілікті мұнай зауытынан шы­ғатын авиаотын бағасы өзге өндіру­шілердікімен салыстырғанда 20%-ға арзан. Бұл артықшылықты Павлодар билігі орнымен пайдалану керек деген пікірде. Бүгінде облыс орталығындағы әуежайды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Әуежайдың ұшып-қону жолақтары кеңейтілген соң, ондағы жолаушылар ғимараты да жаңартылып, бұрынғыға қарағанда екі есе көп жолаушыны қабылдайды. Бұл жақын болашақта үлкен әуе кемелерінің Ертіс бойында тұрақты аялдап, авиаотын құйып алуына жол ашпақшы.

 

Павлодар облысы