Экология • Бүгін, 19:22

Шымбұлақта тянь-шань шыршаларын отырғызу науқаны басталды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Егер елдің есінде болса, 2011 жылы Іле Алатауында болған алапат дауыл жылдар бойы жайқалып тұрған қарағай мен шыршаларды жапырып кеткен еді. Содан бері орасан шығынның орнын толтыру үшін талай көшет отырғызылып келеді, деп жазады Egemen.kz.

Шымбұлақта тянь-шань шыршаларын отырғызу науқаны басталды

Мысалы, бүгін алматылықтар шаңғы мен сноубордтың орнына, күрек, кетпенін алып «Shymbulak» курортына көтеріліп, "Shyrshaly" жобасына қосылды.

Кіші Алматы шатқалын шыршамен көмкеруді көздейтін аталмыш курорттың экологиялық бастамасына Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Медеу табиғи саябағы мен өзге де ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өкілдері, экологтар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Сауапты бастама Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен тығыз әріптестікте жүзеге асырылып жатыр.

– Өздеріңіз білесіздер, 2011 жылғы қатты дауыл тауларымыздың экожүйесі мен табиғи келбетіне орасан шығын келтірді. 80 мыңнан астам ағаш құлап, оның орнын толтыру жұмыстары әлі күнге дейін толық аяқталған жоқ. Біз табиғат тепе-теңдігін қалпына келтіруге өз үлесімізді қосқымыз келетіндіктен, бүгін бұл істі өз үйімізден – «Shymbulak» курорты аумағынан бастадық. Ал алдағы жылдары жоба Кіші Алматы шатқалының басқа да осал аймақтарын қамтитын болады, – дейді «Shymbulak» тау курортының бас директоры Ринат Абрахманов.

Сонымен биыл ұзақмерзімді "Shyrshaly" бастамасыме «Shymbulak» тау курортының аумағында 500 тянь-шань шыршасының көшеті отырғызылмақ.

– Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағында «Shymbulak» тау курортымен бірлесіп Шренк шыршасын отырғызу жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Биыл бір гектар аумақта 500 шырша көшеті отырғызылады. Осы маңызды іске атсалысқан барлық қатысушыларға, сондай-ақ бастама көтеріп, серіктестік орнатқан «Shymbulak» курортының басшылығы мен ұжымына шынайы алғысымды білдіремін, – деді Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов.

Дегенмен, бұл аумаққа тянь-шань немесе Шренк шыршалары ғана отырғызылады. Өйткені, олар биік таулы аймақтың табиғи жағдайына жақсы бейімделген, өңірдің флорасының ажырамас бөлігіне айналған ағаштың түрлері. Тянь-шань шыршасы – 40 метрден асатын, 300 жылға дейін өмір сүре алатын ерекше ағаш. Алайда, жылына орта есеппен 10–15 сантиметр ғана, өте баяу өседі.

– Біз табиғатты қорғау, экологиялық ағарту мен ғылыми зерттеу бағыттарында үлкен жұмыс атқарып жүрген Іле Алатауы ұлттық паркімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Парк мамандарымен бірге отырғызуға лайық аймақтарды зерттеп, алдағы іс-қимыл жоспарын келістік, – дейді "Shyrshaly" жобасының жетекшісі Махамбет Абдуллаев.