
Мәулен Әшімбаев форумға қатысушыларға ілтипат білдіріп, еліміздің күн тәртібіндегі және заң шығару қызметіндегі маңызды мәселелерді бірлесіп жүйелі талқылау, сондай-ақ ортақ ұсынымдар мен талдамалық құжаттар әзірлеу үшін зияткерлік орта қалыптастырудың мәні зор екенін айтты. Палата спикері бес жыл ішінде «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жолында өздерінің тиімділігін дәлелдеген Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің жасампаз әрі біріктіруші рөліне де назар аударды.
«Taldau forum» сарапшыларды, белсенді кәсіби мамандарды біріктіретін «Taldau сommunity»-дің бес жылдығына орай өткізіліп отыр. Қазіргі таңда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде маңызды және кешенді реформалар табысты іске асырылып келеді. Біз теңгерімді және демократиялық саяси жүйе қалыптастырып жатырмыз. Нарықтық экономиканы дамытуға, саяси және қоғамдық институттарды нығайтуға да баса мән беріліп жатыр. Бүгінгі пікірталас Қазақстанның зияткерлік және сараптамалық әлеуетін арттыруға, еліміздегі реформалардың күн тәртібін тиімді іске асыруға өз үлесін қосады деп сенемін», деді М.Әшімбаев.
Отырыс барысында қатысушылар Қазақстанның дамуына қатысты мәселелерді талқылады және Нобель сыйлығының лауреаты, «Why Nations Fail», «Narrow Corridor», «Power and Progress» кітаптарының авторы Дарон Аджемоглумен перспективалық трендтер жөнінде пікір алмасты.
Профессор Аджемоглу өз сөзінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға беріп, саяси және экономикалық институттарды дамытудың, адам капиталын тұрақты инвестициялаудың маңызына ерекше тоқталды. Сондай-ақ ол экономиканы жаңғыртуға қатысты бірқатар идеясын ортаға салды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан дамудың маңызды кезеңінен өтіп жатыр. Еліміз алдында ауқымды мақсаттар мен міндеттер тұрған қазіргі таңда талдаудың және сараптамалық қолдаудың сапасы айрықша мәнге ие. Сапалы аналитика – елдің орнықты дамуына арналған тиімді шешімдер қабылдаудың негізі. Осыған байланысты бес жыл бұрын Сенат сарапшылар қауымдастығымен жүйелі байланыс орнатты. Басты мақсат – сарапшылардың жаңа буынын қалыптастыру және оларды заң шығару жұмыстарына тарту. Соның нәтижесінде бүгінде Сарапшылар клубы, «Талдау» мектебі, «Taldau talks» алаңы, «Taldau run» спорт қауымдастығы және серіктестеріміздің қатысуымен өтетін оқыту семинарлары мен тренингтерден тұратын «Taldau» интеллектуалды экожүйесі қалыптасты деп айтуға толық негіз бар», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат спикері «Талдау» мектебінің бесінші легіне іріктеу басталғанын жариялады. Сондай-ақ қауымдастықтың адалдық, ашықтық, үнемі өз бетімен жұмыс істеу, жауапкершілік және қоғамдық игілікке қызмет ету сияқты құндылықтарға негізделген қағидаларын қабылдаудың маңызды екенін тілге тиек етті. Сенат төрағасы өңірлерде «Taldau lectures» жобасын іске асыру және зерттеулер жүргізіп, жаңа идеялар қалыптастыратын алаң ретінде «Taldau lab» талдамалық зертханасын құру жөнінде де ұсыныстарын айтты.
Форум аясында елдің өркендеуіне үлес қосу мақсатымен қоғамдастықты дамытуға белсенді атсалысқан сарапшыларға «Taldau аwards» арнайы сыйлығы салтанатты түрде тапсырылды.
Айта кетейік, «Taldau forum» алаңында сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Онда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген адам капиталын дамыту және еліміздегі цифрлық өзгерістерге қатысты мәселелер сөз болды.
Панельдік сессияға Парламент депутаттарымен қатар, отандық және шетелдік сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың және азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.
Сонымен қатар бүгін форум аясында «Хабар» агенттігі Телевизиялық мамандықтар академиясының мамандары шешендік шеберлік және көпшілік алдында сөйлеу дағдысынан дәріс оқыды. Одан бөлек, «Meta» компаниясының өкілдері мен белгілі отандық медиа-тренерлер тартымды контент жасау, аудиториямен байланыс және әлеуметтік желілерде жұмыс істеудің тиімді медиа тетіктері туралы кеңес беріп, тәжірибелерімен бөлісті.