21 Наурыз, 2015

Отандық тауар өндірушілер қолдауға ие

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметiнде «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС бас директоры Серiкбек Елшiбеков, Мәжіліс депутаты Екатерина Никитинская және аталған әл-ауқат қорының Сатып алу мониторингі және методология департаментінің директоры Мұхит Мағажанов брифинг өткізді. Онда отандық тауар өндірушілерді қолдауға қатысты шаралар сөз болды. «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVI съезінде Мемлекет басшысы мүмкіндігінше отандық тауар өндіруші кәсіпорындарға қолдау көрсету керектігіне назар аударған еді. Негізі өз елімізде жасалған өнімдерді пайдалану арқылы кәсіпорындарды қолдау шарасы бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Десек те, соңғы уақыттағы әлемдік дағдарыс пен көрші Ресей елінің ұлттық валютасының еселеп құнсыздануы бұл шараны тағы да ширата түсуге мәжбүр етіп отыр. Отандық кәсіпорындардың шығарған тауарлары арзан бағамен ағылып келіп жатқан көрші тауарына төтеп бере алмай тұр. Осы орында отандық кәсіпорындардың жұмысын әлі де жан­дан­дыра түсу мақсатында «Самұрық-Қазына» қоры бірқатар қолдау шараларын қолға алыпты. Қордың компаниялар тобындағы сатып алудың ашықтығы мен қазақстандық үлесті арттыру жөнінде әңгімелеген С.Елшібеков сатып алу тәртібі қабылданған 6 жыл ішіндегі жетістіктерге тоқталды. «Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу тәртібін қор құрамына кіретін 250 ұйым іске асырып отыр. 2009 жылдан бері 150 мың сатып алу шарты жасалған. Қордың сатып алудағы 75 пайызы қазақстандық тауар өндірушілердің үлесінде және бұл көрсеткіш өсу үстінде. Қордың сатып алу тәртібіне сәйкес отандық өндірушілерге 14 жеңілдіктен тұратын преференциялар қарастырылған. Біз осы тәртіпке сатып алу саласындағы озық тәжірибелерді қолдандық, қатысушылардың пікірінше сатып алу үрдісі ыңғайлы әрі тиімді қалыпқа көшті. Нәтижесінде сатып алу, келісу мен шешім қабылдау шарттары оңтайланып, негізгі жабдықтаушыларға қойылатын талаптар жеңілдетілді», деді бас директор. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».