Алматы • Кеше

Алматыда ақылы автотұрақтар саны артады

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда заманауи әрі ыңғайлы автотұрақ жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілмек, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда ақылы автотұрақтар саны артады

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазір қалада 18 мыңнан астам тұрақ орны бар. Ал жыл соңына қарай олардың санын 30 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр.

– Ақылы автотұрақ көлік қозғалысын бақылауға және жүргізушілерді ереже сақтауға ынталандырады. Алматыда көлік санының көбеюіне қарай бұл маңызды шара. Жоба тұрақ орындарын оңтайландыруға және қозғалысты жақсартуға бағытталған. Ақылы тұрақтар енгізу кездейсоқ қойылған көлік санын азайтады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы тұрақ қарастырылады, - деді «Алматы Паркинг» мекемесі директорының орынбасары Талант Тайнов.

Сондай-ақ қала әкімдігі Алмалы, Әуезов, Бостандық және Медеу аудандарындағы көлік көп жүретін көшелердің бойында тротуар үлгісіндегі жаңа автотұрақтар ашылғанын атап өтті.

– Мұнда жақын маңда тұратын жандардың жайлылығына ерекше назар аударылады. Тұрақ 08:00-ден 19:00-ге дейін ғана ақылы, ал кешкі және түнгі уақытта тегін. Сонымен қатар, қазіргі уақытта тұрғындар үшін ай сайынғы абонементті енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Яғни, жеңіл тарифті резиденттік келісім қарастырылуда, - деп хабарлады әкімдіктен.

Ресми мәлімдемеге сәйкес, автотұрақ аумағын кеңейту – қаланың орталық аудандарындағы кептелісті азайту жөніндегі кешенді бағдарламаның бір бөлігі. Қажетті белгілерді орнату, белгілеу және ақпараттық тақтайшаларды монтаждау бойынша барлық жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіледі.