
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарушы директоры Әлия Мұрзағалиеваның сөзінше, Президент бұл саланың ел өміріндегі орны мен маңызын айқындай отырып, «ақылды қала» концепциясын кеңінен енгізу, инфрақұрылымдық жобалардың ашықтығын цифрлық форматта жүргізу, мемлекет пен жеке сектор арасындағы серіктестікті күшейту қажеттігін ерекше атап өтті.
«Тапсырмаға сәйкес, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі 2025-2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының қаржылық операторы болып бекітілді. Холдингтің негізгі мақсаты – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесіндегі жобаларды қаржыландырудың бірыңғай моделін қалыптастыру және оны тиімді үйлестіру.
Жеке сектордағы табиғи монополия субъектілері үшін қаржыландыру Даму банкі арқылы жүріп жатыр. Бұл жұмысқа халықаралық қаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер тартылған. Ал коммуналдық және квазимемлекеттік секторда Қазақстан тұрғын үй компаниясы арқылы жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу тетігі қолданылады», дейді Әлия Мұрзағалиева.
Мұндай тәсіл инженерлік желілер мен жабдықтарды тез арада жаңартуға жол ашады, сонымен қатар қызмет сапасына қойылатын талаптар еш өзгеріссіз сақталады. Ұлттық жоба аясында арнайы электрондық платформа әзірленіп жатыр. Бұл жүйе табиғи монополия субъектілерінің өтінімдерін қабылдаудан бастап, мердігерлерді таңдау, сатып алу рәсімдерін жүргізу және келісімшарттарды рәсімдеуге дейінгі барлық үдерісті толық онлайн форматта біріктіреді. Платформа толық іске қосылғанға дейін уақытша онлайн bgov.kz порталында жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күнге дейін жалпы сомасы 182,8 млрд теңгені құрайтын 28 жоба тіркеліп, олар «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарына қарауға жіберілді.
«Қаржыландырудың алғашқы нәтижелері де көрініс бере бастады. Қазақстан тұрғын үй компаниясы Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің облигацияларын 22,5 млрд теңгеге сатып алды. Бұл қаражат жылу, су, электрмен жабдықтау және сумен тазарту бойынша он нысанды жаңғыртуға бағытталған. Осы жобалар жүзеге асқанда, аймақтардағы жүздеген мың тұрғынның тұрмыс сапасы жақсарады, желілердегі апаттар азаяды және коммуналдық қызметтердің сенімділігі артады», дейді сарапшы.
Сонымен қатар мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестік те жаңа деңгейге шығып отыр. Жеке сектордың қатысуы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыру қарқынын күшейтеді. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалып, ұзақ мерзімді әріптестік орнатылады.