
Бұрын, мысалы, қосымша құн салығы бойынша есепті 15 тамызда тапсырсақ, камералдық бақылау ондағы қателерді тек екі жылдан кейін ғана анықтайтын. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Жүйе барлық деректерді автоматты түрде өңдейді және екі-үш күн ішінде нәтижесін көрсетеді. Бұл – жасанды интеллектінің нақты іске қосылғанының дәлелі.
Қазір Мемлекеттік кірістер комитетінде жасанды интеллект белгілі бір үдерістерде қолданылып жатыр. Мысалы, камералдық бақылауда ықтимал заңбұзушылықтарды анықтау кезінде жүйе автоматты талдау жасайды. Бұрын бұл ұзақ уақыт алатын, ал қазір жасанды интеллект мәліметтерді бірнеше күн ішінде сараптап шығады.
«Шын мәнінде, бұл жұмыс біраздан бері жүріп жатыр, тек бұған дейін оны жасанды интеллект деп атай қойған жоқ. Президент Жолдауынан кейін осы бағыттағы жұмыстар ресми деңгейде жаңа кезеңге өтеді. Меніңше, келесі қадам – цифрландыруды одан да тереңдету. Салық органдары адамның бір жылда қанша табыс тапқанын, қанша қаражат аударғанын және оның қаншасын ресми түрде жариялағанын нақты көре алады. Бұл үшін мемлекеттік деректер базалары біріктіріледі, қажет болған жағдайда шетелдік деректер қорларымен де интеграция жасалады. Жасанды интеллект барлық ақпаратты талдап, кез келген сәйкессіздікті автоматты түрде анықтап отырады», дейді сарапшы.
Қаржы министрлігінің цифрлық трансформациядағы көшбасшылығы айқын. Бүгінде салықтық есептіліктің барлығы дерлік электронды форматта қабылданады. Министрліктің басты бағытының бірі – деректерді өңдеудің толық автоматтандырылуы. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде бизнес те, жеке тұлғалар да салық органдарының шешімдерін әлдеқайда жылдам көре алады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Мемлекеттік кірістер комитетін цифрландырудың флагманына айналдыруды тапсырды. Оның айтуынша, жасанды интеллектінің әлеуетін тиімді пайдалану салық төлеушілердің де, мемлекеттің де мүддесіне сай болуы тиіс. Президент кәсіпкерлерге түсетін қысымды азайтуға ерекше тоқталды. Бұған дейін бизнеске ескерту шараларының орнына жазалау тәсілдері жиі қолданылып келгені айтылды. Сондай-ақ Президент кәсіпкерлерді артық тексерістерден қорғау үшін міндетті талаптар тізілімін енгізуді және қолданыстағы нормаларды Кәсіпкерлік кодекске сәйкестендіруді жүктеді. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда белгілі бір жетістіктер болғанымен, бизнес үшін бюрократиялық кедергілер әлі де сақталып отыр. Президенттің пікірінше, бұл жағдайды өзгерту қажет және цифрлық шешімдер осы мәселені түбегейлі оңтайландырады», деп түсіндірді Д. Казанцев.
Расында, қазірдің өзінде алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Камералдық бақылауда жасанды интеллект қателерді автоматты түрде анықтап, салық төлеушілерге тез хабарлайды. Келесі кезеңде бұл технология мобильді аударымдар мен жеке тұлғалардың кірістерін талдау бағытында кеңінен қолданылатын болады.