
фото: ашық дереккөз
Солнечный кентіне қарасты шаруа қожалықтарының бірінде тұрғын үй мен өзге де шаруашылық ғимараттары жанған.
- Кенттен 7 шақырым жердегі шаруа қожалығының ғимараттары жанып жатқаны туралы хабарлама бүгін сағат 06.34-те келіп түсті. Оқиға орнына жедел түрде төтенше жағдай департаментінің күштері мен өрт сөндіру құралдары, Екібастұз ГРЭС-2 стансасының өртке қарсы құрылымдары, Солнечный кентінің өрт сөндіру бекеті жұмылдырылды. Құтқарушылар тілсіз жауды ауыздықтау барысында әрқайсысы 27 литрлік 8 газ баллонын сыртқа алып шықты. Белгілі болғандай, өрт жеке тұрғын үйді толықтай шарпып, жақын маңдағы шаруашылық ғимараттарына таралған. Жалпы ауданы 930 шаршы метр аумақты құраған, - деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.
Оқиға кезінде үйде 7 адам болған. 1972 жылы туған ер адам сыртқа өз бетімен шығып үлгерген. Құтқарушылар оқиға орнынан (үй ішінен) 6 адамның денесін тапқан. Марқұмдардың жеке бастары анықталып жатыр. Тергеу органдары қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Зардап шеккен адам емдеу мекемесіне жеткізіліп, қажетті ем-дом көрсетілуде.
Төтенше жағдай департаменті қайтыс болғандардың барлығы ересек екенін, араларында балалар болмағанын мәлімдеді.
Өртті сөндіруге құтқарушылардың жеке құрамынан 30 адам және 10 техника қатысқан.
Павлодар облысы