Форум • Бүгін, 08:53

Азаматтық қоғамды дамыту мүмкіндігі

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ХІІ Азаматтық форум қарсаңында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елордада үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында министр кейінгі уақытта ҮЕҰ мен салалық министрліктердің басшылары арасында онға жуық кездесу өткенін атап өтті. Сондай-ақ жиында азаматтық қоғамды дамыту саласындағы өзекті мәселелер, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен іске асырылып жатқан жобалар мен іс-шаралар талқыланды.

Азаматтық қоғамды дамыту мүмкіндігі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Бұл байланыс азаматтық қоғамды толған­дыратын бірқатар өзекті мәселе бойынша нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді. Министрдің пікірінше, бүгінгі жиын азаматтық сектормен әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

– Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы серіктестікті арттырудың маңызын атап өтіп, ҮЕҰ туралы заңнаманы және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың критерийлерін жетілдіруді тапсырды. Осы мақсатта министрлік құрамына өңірлік сарапшылар мен азаматтық сектор өкілдерінен тұратын жұмыс топтарын құрды, – деді А.Балаева.

Министрдің айтуынша, алдағы ХІІ Азаматтық форум қоғамдық институттардың қызметін жаңғыртуға және азаматтық қоғамның дамуы­на жаңа серпін бермек. Сондай-ақ А.Балаева азаматтық қоғаммен біте-қайнасқан, өзара бірлескен іс-қимыл дамудың шешуші тетігі екенін атап өтті.

– Біз әрдайым сындарлы диалогке мүдделіміз, өйткені қоғамдағы өзекті мәселелердің барлығы тек ашық әрі өзара құрметке негізделген диалог арқылы шешіледі. Расында, бір проблема шешілсе, алда жаңа мәселелер туындайды. Сол себепті диалог үзілмеуге тиіс. Қуантарлығы, бүгінде қоғамда мұндай өзара түсіністік пен ашық пікір алмасу бар. Біздің бүгінгі кездесуіміз осы байланысты нығайтып, кеңейте түсетініне сенімдімін. Алдағы 15-16 қазанда өтетін Азаматтық форумның сапалы әрі мазмұнды болғаны маңызды. Форум барысында жүйелі мәселелерді талқылап, нақты шешімдер қабылданады деп сенеміз. Бүгінде Азаматтық альянс мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы серіктестікті нығайтуда маңызды рөл атқарып отыр. Бұл ұйым мемлекеттік құры­лымдармен институционалды деңгейде өзара әрекеттесіп, үлкен жұмыс атқарып келеді, – деді А.Балаева.

Сондай-ақ министр қазір біздің басты міндетіміз дәстүрлі азаматтық форумды сапалы ұйымдастыру екенін де атап өтті.

«Қазақстанның Азаматтық альянсы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бану Нұрғазиева мемлекет пен қоғам жұмылған жұдырықтай серіктесе әрекет еткен жағдайда тұрақты даму болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде еліміз азаматтық қоғамның мықтылығына бұрынғыдан да көбірек мұқтаж болып отырған көрінеді.

– Өйткені алда тұрған реформаларды мемлекет жалғыз өзі жүзеге асыра алмайды. Әрбір үкіметтік емес ұйым өз саласына қарай реформалардың жүргізушісі әрі халыққа түсіндірушісі болып отыр. Аймақтарда өткен азаматтық форумдардың жартысына жуығы өңір әкімдерінің қатысуымен өтті. Бұл – үлкен ілгерілеу. Бұрын ұйым өкілдерімен кездесулер арнайы шақыру арқылы өтсе, қазір жергілікті билік өкілдері өздері келіп, бастама көтеріп отыр. Бұл – қоғамның шынайы серпілісі. Пре­зиденттің алға қойған стратегиялық мін­деттері тек мемлекеттік органдарға емес, бүкіл елге ортақ. Егер біз дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қосылғымыз келсе, үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналу жолында бәріміз бірігуіміз керек. Бұл оңай шаруа емес, бірақ азаматтық сектор бұл бағытта үлкен көмек көрсете алады, – деді Бану Ғаниқызы.

Кездесуде қатысушылар барлық тіркелген ҮЕҰ мен қайырымдылық ұйымдары туралы ашық ақпаратты қамтитын бірыңғай электронды портал (E-ҮЕҰ) құруды ұсынды. Бұл жүйе ұйымдардың қызметі, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен жобаларды іске асыру кезеңдері туралы деректерді ашық форматта ұсынуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар азаматтық жауапкершілікті арттыру, волонтерлікті дамыту және қоғамдағы келіспеушіліктердің алдын алу үшін медиация тетіктерін енгізу мәселелері талқыланды.

Министрлік тарапынан Мемлекет басшы­сының тапсырмаларын іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Атап айтқанда, үкіметтік емес ұйымдар туралы жаңа заң жобасын әзірлеу мақсатында өңірлік сарапшылар мен ҮЕҰ өкілдері қатысатын жұмыс топтары құрылды.

Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет­тік органдар мен үкіметтік емес сектор арасын­дағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сон­дай-ақ қоғамның дамуына бағытталған азамат­тық бастамаларды қолдауға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді.