Шаруашылық • Бүгін, 08:43

Апорттың бәсі артады

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алдағы үш жыл ішінде Алматы облысында 110 гектар жерге алма ағашы отырғызылып, әйгілі апорт сортының бәсі артады. Бұл туралы дәстүрлі «Бақ күні» форумында айтылды. Жері құнарлы Алматы облысында бүгінде аттестатталған 4 тәлімбақ жұмыс істейді. 772 шаруашылық жеміс-жидек дақылдарын өсірумен айналысады. 7 кәсіпорын жемістерді өңдейді. Сондай-ақ сыйымдылығы 48 мың тонна болатын 30 сақтау қоймасы бар.

Апорттың бәсі артады

«Кейінгі жылдары жеміс бақтары­ның ауданы 5 мың гектарға (16,5-тен 11,9 мың гектарға дейін) қысқарған. Сорттық құрамды жаңарту да проблема күйінде қалып отыр. Өңірде агротехнология да маңызды. Қазіргі заманғы агротехнологияларды енгізу бойынша Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында оң нәтиже барын ерекше атап өткен жөн. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданының «Юнифрут» серіктестігі кейінгі үш жылда алма­ның өнімділігін гектарына 15 тоннадан 45 тоннаға дейін арттырды. Сондай-ақ Талғар ауданындағы «Баймен» ЖШС жыл сайын бір гектардан 35–40 центнерден өнім алады», деді облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы.

Ұлттық ғылым академия­сының агро­биоресурстар және эко­логия ғылым­дары орталы­ғының жетекшісі Жанна Алма­нованың сөзін­ше, Жолдауда айтыл­ғандай ұлт­тық азық-түлік нарығының импортқа тәуел­ділігін барынша азайту және дәстүрлі отандық өнімдерді шетелдік нарықтарға белсенді түрде шығару маңызды страте­гиялық міндет болып тұр.

бақ

«Жеміс-көкөніс секторы азық-тү­лік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік кешен­ді әрта­раптандыруда маңыз­ды рөл атқарады. Атал­ған шаруа­шы­лықтың дамуын тежейтін негізгі фак­тор­лар – отандық се­лек­циялық және тұқым шаруа­шылығы базасының әлсіздігі, импорттық отыр­ғызу материалдарына тәуел­ділік. Біздің сорттар әлем­дік нарықта көбіне бәсе­ке­ге қабілетсіз, себебі селек­­циялық жетістіктерді ауыл шаруашылығы өндіру­ші­леріне жеткізудің заманауи жүйесі жоқ. Тұқым өсіретін шаруа­шылықтар дамыма­ған, сатудың кепілді нарығы мен сертификаттау және сақтаудың инновациялық инфрақұрылымы жоқ. Жеміс-көкөніс өнімдерінің қосылған құны терең өңдеудің әлсіз дамуына байланысты төмен деңгейде қалып отыр. Бұл алшақтықты еңсеру үшін ғылым­ның практикалық қай­тарымын қамтамасыз ететін жаңа тетіктер қажет», дейді Ж.Алманова.

Қазақстан жеміс-көкөніс ша­руа­шылығы ғылыми зерттеу институтының бас­қар­ма төрағасы Теміржан Айт­баев­тың пікірінше, негізгі мақсат – шаруа қожалық­тарына институттың ғылыми жетістіктерін, соның ішінде жеміс-көкөніс дақыл­дарының жаңа сорттарын, оларды өсіру технологияларын, тыңай­­ту, зиянкестерден қорғау, сақтау, қайта өңдеу бойынша ғылы­ми еңбектермен таныс­тыру, бөлісу.

«Бүгінде 70-80 пайыз кө­шеттерді шетелден әкеле­міз. Оған қыруар қара­жат жұм­салады. Сон­дықтан отандық сорт­тар­­дың тұқымын өсіріп, көше­тін ұсынамыз. Жеміс дақыл­дарының ішінде егістік кө­лемі үлкен, тұтыну мөлше­рі көбі – алма. Биылдан бас­тап апортты жандандыру жоба­сы жүзеге асырылып жа­тыр. Нәтижесінде, алдағы үш жылда 110 гектар жер­ге жаңа апорт бағы отырғы­зы­лады. Оны біздің институт­та ғана емес, шаруа қожалық­тары да отырғызады. Институттың бас­ты міндеті – осы 110 гектарға қажетті апорттың өте сапалы көшетін өсіріп беру. Алдағы уақытта оның гектарын 3 000–3 500-ге жеткізу жоспары бар. Алманың экспорттық әлеуеті өте жоғары және отандық бренд. Сол себепті көшеттеріне шетелден де сұраныс көбейіп жатыр», деді Т.Айтбаев.

«Сарыағаш ЖерСыйы» ЖШС жетекшісі Танабай Шынтасовтың айтуынша, 2017 жылға дейін Үкімет тарапынан алманы өндіру­шілерге де, егушілерге де суб­сидия бөлінетін. Қазір ол тоқтап қалыпты.

Іс-шара қорытындысында агроконсорциум құру және селек­циялық-генетикалық әрі тұқым шаруашылығы орталықтарын құру бойын­ша ұсыныстар қамтылған қа­рар дайындау туралы шешім қабылданды.

 

Алматы облысы