Шаруашылық • Бүгін, 08:33

Егінжайдағы еңбек ырғағы

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Қараөзек» серіктестігі бұл күндері егістік алқабының 80 пайыздан астамын жинап үлгерді. Күн ашық болса, төрт-бес күнде дала жұмысы толық аяқталмақ. Ерте көктемде серіктестік 8 150 гектар алқапқа дән сіңірген, оның 2 750 гектары – зығыр, 1 115 гектары – жасымық, қалған бөлікке бидай мен арпа егілген. Майлы және бұршақ дақылдарын егуге себеп болған жай – бағасының қымбаттығы.

Егінжайдағы еңбек ырғағы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Жасымықтың жасылын да, қызылын да ектік. Бабын тапсаң, тәп-тәуір өнім бере­ді, – дейді серіктестік басшысы Нартай Ысқақов. – Бір жақ­сысы, суыққа шыдамды. Ерте көк­темде де егуге болады. Қатты бидай мен арпаның өнімі жақсы. Шаруашылық 660 гектар жерге арпа егеді. Бұл арада бір айта кететін дүние – арпаның мал сүмесімен күн көріп отырған халыққа керектігі. Биыл көктен иіп, жерден беріп, арпа жақсы көтерілді. Қазір гектар берекесі 25 центнерден айналды. Ал бидай алқаптары гектарына 20 центнерден оралып тұр».

Осы арада «Қараөзек» серік­тестігі басшылығының елге пана болып отырған игілікті ісі туралы сыналап айта кетудің реті келіп тұр. 2023–2024 жылғы қыс малсақ қауымға сынақ болды. Жаздағы ересен құрғақшылықтан жайылымдағы шөп көтерілмеді. Қыста жаңбыр жауып, жылқы тебіндейтін алқаптың бәрі дерлік көк мұз болып қатып жатты. Төрт түліктің ішінде өз күнін өзі көреді дейтін Қамбар ата тұқымы қолға қарап қалды. Қыруар малға дайын тұрған жем-шөп жоқ. Қазақ жылқыға мал азығын дайындай қоймайды. Төңіректегі тәмам жылқы аш қалып, көтеремге айналып, жуан жіңішкеріп, жіңішке үзіліп жатқанда Қараөзек ауылының бір қотыр тайы шығын болған жоқ. Дәл осы тығырыққа тірелген сәтте Нар­тай Жұматайұлы келер жылғы егіннің пайын алыңдар деп жар салған. Тіпті екі жылғы пайды да беремін, тек күн көріп отырған малдарыңды аман алып шық­саңдар болды депті. Ел қамын жеген ердің шынайы көңілі, ізгі ниеті еді. Арпа егуі де сол ел жайын ойлағандықтан. Өзге шаруашылықтардай емес, сабанын да сатпайды. Қажет болса, керегінше жинап алыңдар дейді.

Серіктестік бірнеше жылдан – бері чех компаниясымен бірлесе жұмыс істейді. Зығыр егеді. Чехтардың өз талабы бар: алқапқа жоғары сапалы белгілі бір препараттарды ғана сіңіру керек. Егер өзге, арзанын сіңірсе, зығыр сапасы бүлінеді. Өндірілген өнім талапқа сай қапталып, тапсырыс берушінің көлігімен Еуропаға жөнелтіледі. Жұмыстың мұндай ырғағы тиімді. Өйткені арада делдал жоқ. Өз еңбегімен өсірген өнімнің нақты құнын ала алады.

«Дақылдар ішінде тұрақты табыс беретіні – бидай. Оны Пе­т­ропавл қаласындағы «Сұл­тан» макарон фабрикасы сатып алады. Алқапқа элиталық тұқым егеміз, – дейді серіктестік басшысы, – эли­талық тұқым құнының 70 пайы­­зы бюджеттен субсидияланады. Үшінші репродукциядан төмен тұқымды ешқашан пайдаланбаймыз. Жыл сайын «Қазагроқаржы» мемлекеттік бағдарлама желісі арқылы 2-3 астық комбайнын алуға мүмкіндік туып тұр».

Әйтсе де, шаруалардың алдынан кесе-көлденең шығатын қиындық бар, ол – ала жаздағы еңбектің нәтижесін бұлдап сату.

«Маусымдық жұмыстарға қажет болғандықтан алынған не­сиені уақытында төлеуіміз керек. Мемлекеттік бағдарламамен берілген қаржыны төлеу мерзімі барлығымызға бірдей. Қараша және ақпан айлары. Міне, осы уақытта алыс-жақын шетелдердің сатып алушылары өнімнің баға­сын түсіруге ұмтылады. Біздегі  жағдайды Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия мен Еуропа да жақсы біледі. Несие төлейтін уақыт жеткенде шаруалар амалсыздан сата бастайды, баға да түседі. Мысалы, мен 400 млн теңге несие алғанмын. Таяу арада төлей бастауым керек», – дейді шаруашылық басшысы.

Былайғы жұрт жоғары өнім алса, шаруа табысқа кене­леді деп есептейді. Ақиқатын айт­сақ, нарықтағы бидай бағасы жұмсалған қаражатты жабуға әзер жетіп тұр.

«2011 жыл берекелі болып, рекордтық деңгейде өнім жиналды. Көп болғаны не керек, бидай бағасы 8–10 мың теңге болып қалды. Міне, осы кезде мемлекеттен 5 млн тонна астықты тоннасына 25 мың теңгеден сатып алуға шешім шығарды. Осы шешімнің арқасында ауыл шаруашылығы құрылымдары аман қалды. Кейін астық бағасы өскен соң, мемлекет сатып алған астықты қайта сатып пайда тапты. Қазір де осындай шешім шығарылса, оң болар еді»,  дейді серіктестік басшысы.

Төрткүл дүниедегі тұрақсыздық астық бағасына да әсер етіп тұр. Бұрын қомақты астық Еуропаға жөнелтілсе, қазір бұл тарапта да мәселе бар. Белоруссия арқылы өтетін жүк көліктері үшін поляк шекарасы жабық. Міне, сондықтан ішкі нарықтағы бидай бағасы арзан.

«Сондықтан тікелей мемлекет сатып алатын астық көлемі көбейтілуі керек. Ал біздегі бағаға трейдерлер мен алыс-жақын шетелдердің сатып алушылары әсер етеді. Міне, осындай жағдайда тек бидай дақылын ғана егетін шағын және орта шаруашылықтар шығынға батуы әбден мүмкін»,  дейді Нартай Жұматайұлы.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы