
Нығмет Нұрмақов – 1920–1930 жылдар аралығында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени бағытын қалыптастыруға белсенді қатысқан тарихи тұлға. Түрксіб теміржолының салынуына атсалысқан, сондай-ақ ел астанасының Орынбордан Қызылордаға көшірілуіне ықпал еткен қайраткер.
Кітаптың таныстырылымына Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, тарихшылар, архив қызметкерлері, зерттеушілер, сондай-ақ Нұрмақовтың ұрпақтары, елордалық оқушылар мен студенттер қатысты.
Тұсаукесер барысында Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина сөз сөйлеп, жинақтың ғылыми және тарихи маңызына тоқталды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылы XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы ашылды. Бұл орталық үш жыл ішінде арнаулы мемлекеттік архивтерден 700 мыңнан астам іс қабылдады. Қазіргі таңда оларды жүйелеу, сараптау, консервациялау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Осы материалдар Мемлекеттік комиссия шығарған 72 томдық құжаттар жинағына кірді. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмысы шеңберінде былтыр Президент архиві 12 томдық «Алашорда ісі» материалдарын ғылыми айналымға енгізді. Бүгінгі Нығмет Нұрмақовқа арналған жинақ – осы ауқымды жұмыстың жалғасы. Бұл зерттеу еңбегі бірнеше жылға созылған мұқият архивтік ізденістің нәтижесі», деді ол.
Сенат депутаты Әсем Рахметова мен қайраткердің туған інісі Жәмелдің ұлы Мұқан Нұрмақов, сондай-ақ інісі Құрманғалидың қызы Тамара Чувакова да сөз сөйлеп, Нығмет Нұрмақовтың тарихи мұрасын сақтау ісіне қосқан үлесі үшін архив ұжымына алғыстарын білдірді.
Жинақ бес бөлімнен тұрады және хронологиялық тәртіппен құрастырылған. Онда Нығмет Нұрмақовтың Омбы семинариясындағы оқуынан бастап, әділет саласындағы алғашқы реформалары, ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы ретіндегі қызметі, Мәскеудегі кезеңі мен 1937 жылғы саяси қуғын-сүргінге дейінгі өмір жолы қамтылған. Сондай-ақ отбасына қатысты архивтік деректер де көрініс тапқан.
Жинақ ғылыми-анықтамалық аппаратпен толықтырылған. Бұл жөнінде ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы Гүлшат Нұрымбетова айтып берді.
«Жинаққа енгізілген құжаттар Президент архивінен, оның ішінде Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның арнайы архивтерінен алынған. Сондай-ақ Омбы қаласының тарихи архивінен (РФ), ҚР Орталық мемлекеттік архивінен, Ұлттық архивтен, Қарағанды облыстық архивінен және Қазақстан Республикасының кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік архивінен алынған материалдар енді. Сонымен қатар жинақ ғылыми-анықтамалық аппаратпен қамтамасыз етілген. Олар есімдер көрсеткіші, географиялық көрсеткіш, ескертпелер, қысқарған сөздер тізімі мен этномәдени және әлеуметтік-саяси ұғымдар сөздігінен тұрады. Бұл – жинақты ғылыми айналымға енгізуге және болашақ зерттеулерге үлкен серпін береді», деді ол.
Жинақтың тұсаукесерімен қатар ашылған «Дәуір және тұлға: Нығмет Нұрмақов» көрмесіне қайраткердің өмір жолына қатысты жүздеген түпнұсқа архивтік материал қойылды. Олардың қатарында сот және прокуратура жүйесін қазақыландыруға қатысты бұйрықтар, Түрксіб құрылысына байланысты үкімет қаулылары, Ф.Голощекинмен арадағы қайшылықтарға қатысты хат алмасулар, құпия тергеу құжаттары мен отбасына қатысты материалдар, Алашорда қайраткерлерімен түскен сирек фотосуреттер бар.
«Архивтің мұндай ғылыми бастамалары ұлт тарихындағы ақтаңдақтарды зерттеп-зерделеу ісіне, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге тың серпін беріп отыр. Бүгінгі іс-шара соның дәлелі деуге болады. Ұлт қайраткерлерінің тағдырын жас буынға көрсету арқылы біз өз тарихымызды көрсетіп, үйретеміз. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған Президент архивіне зор алғысымды білдіремін», деді елі үшін еңіреп өткен есіл ердің немересі Роза Нұрмақова.
Қазақстан Республикасы Президентінің архиві тәуелсіздік жылдарында шамамен 90 тарихи-құжаттық жинақ шығарды. Олардың арасында саяси репрессиялар, халықтарды жер аудару, ұлт-азаттық қозғалыстар мен Қазақстанның жаңа тарихына арналған еңбектер бар.