
Бала табиғатын танып, кішкентай оқырманның жүрек лүпілін дөп басатын шығарма жазу, кешегі ертегіні бүгінгі өмірден көріп жүрген технократтық дәуір жеткіншектерін таңғалдыру кез келген қаламгердің оңтайына келе бермейді. Түркі елдерінің жас оқырманына сапалы, мазмұны терең, тілі көркем шығармалар ұсынған қаламгерлерге берілетін мәртебелі сыйлық биыл жазушы Сәуле Досжанға бұйырғанын сүйіншілегеніміз жөн.
Түрік тіл қоғамы бұл марапатты 2022 жылдан бері табыстап келеді. Қолтаңбасында халқымыздың бай болмысын, ұлттық тәрбие, адамгершілік пен ізгілікті арқау еткен жазушының айтулы жетістігін тұтас қазақ әдебиетіне берілген құрмет деп қабылдадық.
Анкарадағы Ататүрік мәдениет, тіл және тарих жоғары мекемесінің Билкент кампусында өткен салтанатты рәсімге танымал ғалымдар, қаламгерлер мен мәдениет майталмандары қатысты. Сыйлық иегерлері қатарында Сәуле Досжанмен қатар, әзербайжандық Захид Халилов, қырғызстандық Сүлейман Рысбаев, өзбекстандық Миразиз Азам және Солтүстік Кипр Түрік Республикасынан Шырын Зафержұлдызы Заимағоғлу бар.
Салтанатты рәсімді ашқан Түрік тіл қоғамының төрағасы Осман Мерт: «Балалар әдебиеті – тек әдебиет емес, халықтың ертеңі. Себебі бала бойына дән себетін алғашқы күш – сөз. Ал сол сөздің жүйесін түзеп, жүрекке жеткізетін – балаларға арналған сапалы әдебиет», деп, түркі халықтарының әдеби кеңістігін ортақ бағытқа ұйыстыру жас ұрпаққа ортақ құндылық дарыту жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Әдебиет арқылы рухани бірлігімізді нығайтуға бағытталған беделді сыйлыққа ие болған Сәуле Досжанның балалар әдебиетіндегі орны – жеке тоқталуға тұрарлық. Жазушы оқиғаларды баяндап қана қоймай, жас оқырманның жандүниесін тәрбиелеуге, олардың бойына мейірім мен адамгершілік, әділет пен отансүйгіштік секілді асыл қасиеттер орнықтыруға ден қойған, «балалармен бір тілде сөйлесе алатын» қаламгер. Бұл – оның шығармашылық жолына берілген лайықты баға ғана емес, түркі дүниесіне ортақ құндылықтарды дәріптеу жолындағы табанды еңбегінің жемісі.
Осы орайда, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен «TURKTAV» қорының ұйытқы болуымен жазушының «Ауылдан шыққан миллионер» атты кітабының түрік тіліне тәржімеленген басылымының тұсаукесері өтті.
АЛМАТЫ