
Жарыстың салтанатты ашылуына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов, Propilon жобалау бюросының негізін қалаушы әрі басшысы, университет түлегі Даниил Логвиненко, Кемемодельдеу федерациясының президенті Сергей Оконечников, сондай-ақ «ARNNA MINERALS» компаниясының өкілдері мен университет ұжымы қатысты.
«Президентіміз елімізге техникалық бағыттағы мамандар қажет екенін жиі атап өтеді. Білікті мамандардың қалыптасуы дәл осындай қызығушылықтан басталады. Университетіміз – зерттеу бағытын ұстанатын жоғары оқу орны, сондықтан бізге осындай ізденімпаз жастар қажет», деді проректор Думан Айтмағамбетов.
Жарысты Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Бас демеуші – Propilon, серіктестер қатарында Shaurma Food, Miglior сынды компаниялар бар.
«Осындай сайыстардың себебімен балалар бос уақыттарын тиімді өткізіп, өз қолымен жаңа нәрсе жасауға дағдыланады. Олар әлеуметтік желіге телміріп отырмай, нақты техникамен айналысады. Біз дәл осы шығармашыл әрі ізденімпаз буынды қолдауға бел будық», деді Propilon басшысы Даниил Логвиненко.
Сайысқа Астана, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарынан келген 8 команда қатысты. Жас моделистер арасында ерекше көзге түскендердің бірі – Александр Заманов. Ол кемемодельдеумен бес жылдан бері айналысып келеді.
«Жасап отырған әрбір үлгім мен үшін кішкентай жаңалық сияқты. Себебі оның құрылымын ойластырып, қозғалтқышын реттеп, судың үстінде қалай жүретінін бақылау – нағыз тәжірибе алаңы. Болашақта осы бағытта кәсіби маман болуды армандаймын», дейді жас қатысушы.
Ал Батыс Қазақстан облысынан келген Сұлтанбек Мақсұтовтың айтуынша, ол кішкентай кезінен техникаға құмар болыпты. Түрлі үй техникаларын бұзып-жинап, өз бетінше үйренген. Қазір орталықта сүйікті ісімен айналысып жүр. Болашақта IT саласына бет бұрып, өндірістік кемелердің үлгілерін жасауды армандайды. Оның досы Жігер Бақтыгереев те 12 жасынан бері кемемодельдеумен айналысып келеді. Қазір ол мектеп бітірген соң Еуразия ұлттық университетіне техникалық мамандық бойынша оқуға түсуге ниетті.
Теректі ауданынан келген үйірме жетекшісі Манас Аққожин бұл техникалық өнердің жастар арасында үлкен қызығушылық тудырып отырғанын айтты.
«Кеме үлгісін жасау – бұл техникалық шығармашылық пен спорттық бәсекені біріктіретін ерекше сала. Қазір әлемде техника мен қашықтан басқарылатын құрылғылардың заманы. Мұндай сайыстар балалардың зерттеушілік, техникалық қабілеттерін дамытып, оларды ғылым мен өндіріс саласына бағыттайды. Бүгінде біздің шәкірттер ел көлеміндегі түрлі байқауларда жүлделі орын алып жүр», деді ол.
Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Қарағанды облысының командасы иеленді, екінші орын – Батыс Қазақстан облысына, ал үшінші орын – Қостанай облысына бұйырды. Жеңімпаздар мен 15 өнертапқыш арнайы дипломдармен марапатталды.