Мәдениет • Бүгін, 16:56

Ұлттық музей жанынан Реставрация орталығы құрылады

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Италия Мәдениет министрлігінің Реставрация жөніндегі орталық институтының директоры Луиджи Оливамен кездесті. Тараптар ҚР-ның Ұлттық музейі мен Италия Республикасының Реставрация жөніндегі орталық институты арасында Меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, Ұлттық музей жанынан Реставрация орталығы құрылады, деп хабарлайды Egemen.kz аталған  министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық музей жанынан Реставрация орталығы құрылады

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жаңа мекеме тәжірибе алмасу, бірлескен семинарлар өткізу және білікті мамандар даярлау орталығы болмақ.

«Бұл бағыттағы институционалдық негіз құру – стратегиялық мәселе. Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Екі ел басшыларының кездесулері, өзара қолдауы және барлық бағыттарда – экономикалық, сыртқы саяси, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуы соның дәлелі. Осындай мәдени байланыстар біздің халықтардың бірін-бірі тереңірек тануына ықпал етеді», деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, италиялық мамандардың тәжірибесі музей ісін, реставрация қызметін және ұлттық мұраны сақтау ісін дамытуға сеп болады.

«Реставрация орталығының жемісті жұмыс істеуі – жоғары деңгейдегі мамандардың еңбегіне байланысты. Біз металл, тас, мата, ағаш және басқа да материалдардан жасалған көркем және тарихи-мәдени құндылықтарды қалпына келтірумен айналысатын кәсіби кадрлар тобын даярлауға атсалысқымыз келеді. Бұл өте маңызды, себебі Ұлттық реставрация орталығын құру арқылы біз жаңа буын мамандарды даярлайтын аймақтық орталықтарды да қалыптастырамыз. Сондай-ақ, осы жұмыстың әлеуметтік және қайырымдылық тұсын да ескеру маңызды. Егер даярлық бағдарламасына мүмкіндігі шектеулі жастарды тартып, оларға реставратор мамандығын игеруге және сұраныстағы кәсіби маман ретінде дамуына мүмкіндік берсек, өте жақсы болар еді деп есептеймін», деді министр.

Италия Мәдениет министрлігінің Реставрация жөніндегі орталық институтының директоры Луиджи Олива өз тарапынан ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.

«Қазақстанда Ұлттық реставрация орталығын құру – бұл тек мәдени жоба емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік. Орталықтың қызметі металл, ағаш, мата, тас және басқа да материалдардан жасалған бұйымдарды қалпына келтіру бағыттарын қамтиды. Біз реставраторларды оқытуға және музей экспонаттарымен жұмыс істеудің озық технологияларын енгізуге дайынбыз», деді Луиджи Олива.

Кездесу барысында Аида Балаева Астанада өткен Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» картинасының көрмесі туралы да атап өтті. Бұл көрме отандық көрерменнің қызығушылығын тудырды. Министр италиялық тарап осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырып, Италия суретшілерінің басқа да туындыларының көрмесін өткізуге қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастық Қазақстан мен Италия арасындағы достықты нығайтуға маңызды үлес қосатынына сенім білдірді.