
Фото: egemen.kz/ Қырмызы Жұмағалиқызы
2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде дәрігерлер тапшылығы 3 954 маманды құраған. Сонымен бірге, орта буын медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі 4 505 адам деңгейінде қалып отыр.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елдің денсаулық сақтау жүйесінде шамамен 275 мың медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 83 мыңнан астамы дәрігерлер, ал 191 мыңға жуығы орта медициналық қызметкерлер.
Елімізде терапевт, жалпы практикалық дәрігер, педиатр, акушер-гинеколог, хирург мен анестезиолог-реаниматолог кадрлар тапшы.
Д.Тұрлыханов саланы бюджеттiк қаржыландырудың қысқаруы да мәселенің шешілуіне кедергі болып отырғанын айтты.
«2025 жылы денсаулық сақтау саласына 2 трлн теңге қарастырылған, алайда 2024 жылы қаржыландыру 2,8 трлн теңгені құрады.
Сақталып отырған кадр тапшылығы, дәрігерлік құрамның қартаюы және бастапқы буынға түсетін жүктеменің өсуі - бұл денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі ұлттық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруды айтарлықтай баяулатуы мүмкін», деді депутат.
Сондықтан Д.Тұрлыханов саладағы кадр тапшылығы ең жоғары өңірлердегі дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлеріне мемлекеттік қолдау шараларын қабылдауды ұсынды.
«Мәселен сала мамандарына әлеуметтік жеңілдіктер беру, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету, көтерме төлемдер мен мақсатты даярлыққа арналған білім гранттарын бөлу, сондай-ақ тәлімгерлік пен қайта даярлау жүйесін дамыту қажет. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігін қарастыру, әсіресе медициналық қызметкерлерді ынталандыру, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандарға еңбекақының қосымша коэффициентін енгізу және салалық бюджеттің құрылымында кадрлық дамуға арналған шығыстардың үлесін көбейту керек. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі концепциясының жобасында кадрларды бөлудің орнықты тетігін құру және тұратын жеріне қарамастан халықтың білікті медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ететін мобильді медициналық бригадаларды дамыту көзделсін», деді Д.Тұрлыханов.
Медицинада кадр тапшылығы сезіліп отырған аймақтар қатарында Қостанай облысы бар. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңірде кадр тапшылығы 326 маманды құраған. Дәл осындай мәселелер Ақмола, Жамбыл, Түркістан облыстарында тіркелген. Сондай-ақ жекелеген аудандық ауылдық жерлерде дәрігерлермен қамтамасыз етілу штаттық деңгейдің 75%-ына әрең жетеді.