
– Дархан Қуандықұлы, бұл жорық басқа жорықтардан өзгеше болғанын өз көзімізбен көрдік. Жоба мақсатына жетті ме?
– Жалпы, жылқының жалында өскен жаужүрек бабаларымыздың өмірі жорықта өткен ғой. Десек те бұл жорықтың мақсаты – ат жалын тартып мінген тәуелсіз, еркін ұрпақтың ұлы даланың қыр-сырын танып-білуіне мүмкіндік туғызу, жерімен, елімен мақтанатындай қасиет қалыптастыру, мұқалмас жігерін ояту, намысын қайрау. Ұлттық брендіміз саналатын жылқыларымыз бен қатысушылардың сабыры мен төзімін сапарда сынау. Бабалар жүріп өткен жолдан тағылым алу. Бұл тұрғыда алғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ұлы дала жорығы» – қазақ халқының атқа міну мәдениетін жаңғырту, ұлттық спортты дамыту әрі жастарды патриотизмге тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам», – деген сөзі жобаның мән-мағынасын толық ашады.
«Ұлы дала жорығы» – жарыстыра отырып, жарастыратын, ұзақ жолда команда мүшелерін тас-түйін табыстыратын ауқымды жоба. Сондықтан жорықты тек спорттық шара деп емес, өзіндік жолы бар идеологиялық жоба ретінде қарастыруымыз керек.
Көпшілік байқап отырғандай, әр жорық белгілі бір тақырыпты арқау етіп, мазмұнға, мәнге негізделеді. Мәселен, өткен жылы Көшпелілер ойындарының қарсаңында ұйымдастырылған жорық Ботай мәдениетін дәріптеуге, оны халықаралық деңгейде насихаттауға ден қойған еді. Ал осы жылы көктемде өткен жорық Жеңістің 80 жылдығы аясында батырларымыздың ерлігін, жанкешті қайсарлығына ұрпақ ризашылығын білдіру үшін өтті. Осы сіз айтып отырған шара – киелі Торғай жерінде өткен жорықтың бірқатар маңызды миссиясы болды.
Біріншіден, осы өңірдің тумасы, Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы аясында ұлы ағартушының еңбегін, жүріп өткен жолын жастарға тереңірек таныстыру мақсатын алға қойдық. Тұлғаны тұлға ететін кіндік қаны тамған жердің қасиеті, өскен ортасы екені анық. Мақсат – Міржақыптай арысымыздың мекенін көрсету болды. Туған жері Қызбел ауылына соғып, жерленген жері Бидайық ауылында орналасқан кесенесіне бардық. Ауыл ақсақалдарымен сұхбаттасып, Міржақыптың атқа жақын болғанын білдік. Оның Алагөз атты арғымағы болған екен.
Екіншіден, жобамызға алғаш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» командасы қатысты. Бұл команда қазақ, өзбек, тәжік және орыс этностарының шабандоздарынан құралды. Аты айтып тұрғандай, ел бірлігін көрсеткен команда жақсы нәтижеге қол жеткізді. Қиын қыстау кезеңде ел біріктіріп, пана болған қазақтың кең даласына тағзым етті.
Үшіншіден, маршрут барысында ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілері Амангелді батыр мен хас мерген Кейкінің кесенелеріне зиярат еттік. Олардың ұлтқа қызмет жолдарын дәріптеп, көпшілікке жаңа қырларын өнеге қылдық. Әрине, ең алдымен, бұл – олардың атқа жақындығы. Деректерге сай, қазір біз насихаттап жүрген Қостанай жылқы тұқымы сол батырларымыздың сенімді серігі болғанын көрсеттік.
Төртіншіден, өздеріңіз білетіндей, жорық идеясы 2019 жылы осы Торғай өңірінен басталған. Сол кезде жоба авторы Бақытжан Тұрлыбеков бірнеше жігітпен, Торғайдан Созаққа дейін атпен жүріп өткен еді. Дәл осы жолды Кенесары хан жүріп өткендігін тарихтан анық білеміз.
Араға алты жыл салып «Ұлы дала жорығы» Торғай жеріне халықаралық ауқымдағы жобасымен қайта оралды. Бұл – біз үшін аса маңызды рәміздік мәнге ие шара. Жалпы алғанда, жоба халықтың жадынан тыс қалған қазақ тұлпарларын қайта жаңғыртумен қатар, ағартушылық миссияны қатар атқарып келеді.
– Бұл жолғы жорықта командалар рекорд көрсеткені белгілі. Оқырмандарымызға сол жөнінде айта кетсеңіз.
– Иә, командалар 500 шақырымды қысқа мерзімде өтті. Бұл алты мәрте өткен жорықтың ең үздік уақыты болды. Оның бірқатар себептерін атап өтейін.
Ең алдымен, командалардың дайындығы бұрынғыдан әлдеқайда артқан. Бұл дегеніміз – жорыққа ат баптау мәдениетінің жаңғырып-қалыптасып, дамып келе жатқандығының айқын көрінісі.
Жорықтағы жылдамдықтың артуын заңдылық деп қабылдаймыз. Осы тұста бір мысал келтіре кеткен жөн. 1950 жылы алғаш ұйымдастырылған Формула-1 жарысында орта жылдамдық сағатына 150–154 шақырым болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш сағатына 220–250 шақырымды көрсетіп отыр. Жорықтың көрсеткіштері «Формула-1» сияқты жыл санап өзгеретіні сөзсіз. Жылдамдықтың жоғары болуының тағы бір басты себебі – Торғай даласының атқа қолайлығы. Жазық дала, тау-тас, қойтастардың жоқтығы, ауа райының қолайлығы. Бірінші орын иемденген қырғыз ағайындардың командасы жолды небәрі 26 сағат, 41 минут, 47 секундта жүріп өтті. Бұл – өте жоғары көрсеткіш.
Тағы бір мысал, осы жорықта үшінші орын алған Қостанай облысы командасының жалпы уақыты өткен жылы жеңімпаз атанған Ресей Федерациясы Қабардин-Балқар командасының уақыт көрсеткішінен әлдеқайда жақсы шықты. Қостанай командасы ресейліктердің уақытынан жарты сағатқа басым түсті. Бұл жорықтың жылдан-жылға дамып келе жатқанын айғақтайды.
– Қырғыз командасының бірінші орын алуының себебі неде? Біздің командалардың дайындығы аз болды ма?
– Жыл сайын өтіп жатқан жорық әділдік пен жүйелілікке негізделген. Мәселен, қырғыз ағайындар бұл додаға үшінші рет қатысып, мол тәжірибе жинап, тек осы жылы ғана бірінші орынды жеңіп алды. Бұл – жорықтың тек күш пен төзімділік емес, тиянақтылық пен жоспарлы еңбекті талап ететінін көрсетеді. Жоба бауырлас екі ел – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достықты одан әрі нығайта түсті. Көкпар таластырған бауырластықты жорық табыстырды деуге де болады. Сондықтан бұл жолы жорық өз миссиясын тек спорттық аренада ғана емес, дипломатиялық деңгейде де атқарды.
Отандық командаларымыздың дайындығы да өте жақсы болды. Әр команда – жорық шежіресінің бір парағын жазу үстінде. Барша қатысушыларға, әсіресе командаларды ұйымдастырып, бастап келген жетекшілерге ерекше алғыс айтамыз. Ескере кету керек, биылғы жорықтың өз деңгейінде өтуіне әрбір команда жетекшісінің еңбегі зор.
– Қостанай өңірін таңдаудағы мақсаттардың бірі – осы жерді халықаралық ат спортының орталығына айналдыру деп айтылып жүр. Осы ойды тарқатып өтсеңіз.
– Расында, бұл өңірдің ат спорты саласындағы орны ерекше, әлеуеті басым. Өзіңізге мәлім, Солтүстік өңіріндегі ежелгі Ботай қонысы – жылқының ең алғаш қолға үйретілген жер. Бұл тұжырым археологиялық қазба жұмыстары арқылы дәлелденгені белгілі. Осы құтты қоныста байырғы бабаларымыз адамзат тарихында алғаш рет атқа қонып, оны тізгіндеп, қолға үйретіп, қымыз ішкен. Оның үстіне бұл өңірдің табиғаты, климаты мен географиялық ерекшелігі өте қолайлы. Осындай факторлар мен тарихи негіз Қостанай аймағын халықаралық ат спортының орталығына айналдыруға мүмкіндік береді. Өткен жорығымыз жоспарлы түрде соның алғашқы бастамасы деп қабылдаған жөн. Біз осы бағытта Қостанай облысының әкімдігімен тығыз жұмыс жүргізіп, кешенді жоспар әзірлеп жатырмыз.
Жалпы, ат спорты деген әлемдік масштабы бар, қаржысы көп, кешенді индустрия. Мамандардың пікірінше, әлемдік ат спорты саласындағы қаржы 2030 жылы 800 млрд доллар болады деп болжанып отыр. Жаңа жұмыс орындарының ашылуымен қатар, туризмнің дамуына өз септігін тигізіп, Қостанай өңіріне жаңа серпін берері анық. Осындай игі бастаманы қолға алған Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлына ризашылығымыз мол.
– Қостанай жылқы тұқымы жорықта жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Осы жайында айта өтсеңіз.
– Жорық межелеген тағы бір миссия – қазақ тұлпарларының атын шығару, жаңа деңгейге көтеру. Жалпы, жорыққа ұзақ қашықтыққа төзімді келетін ат қана қатыса алады. Олардың қатарында Қостанай және Адай тұқымдары бар. Екеуі де жорықтың чемпионы атанып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Сонымен қатар Әулие Ата, Найман торы, Жетісу арғымағы және басқа да қазақ жылқы тұқымдары ресми тіркеліп, паттенттеледі деген жоспарымыз бар.
Осы ретте соңғы кезде байқаған бір маңызды үрдісті атап өтейін. Жорыққа кез келген ат қатыса алмайтынын айттым. Оның дайындалу барысы да басқа бәйгелерден өзгеше. Жорыққа қатысатын ат бағасының екі, үш есе қымбаттағанын айта кету керек. Ойдан мақсат, мақсаттан міндет туады ғой, соның біреуі – жорыққа ат баптау, дайындау тәсілін ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтарының қатарына енгізу болмақ.
Жалпы алғанда, қазақ қай кезеңде де жылқы малына жақын болған. Тіпті қоғамда «қазақ пен жылқы егіз ұғым», «ер қанаты – ат» секілді мағыналы ойлар қалыптасқан. Жеті қазынаның бірі болып табылатын жылқы бізді қашанда рухтандырады, жаңа бастамаларға жол аша түсетіні анық.
– «Алдағы өтетін жорықта жаңа технологиялар қолданылып, заманауи жүйе қалыптасады» деген пікір айтылып жүр. Ондағы мақсат қандай? Далада өтетін жорыққа ол қаншалықты қажет?
– Бүгінде жорыққа қатысушы командалардың өзіндік, жеке-дара мәдениеті қалыптасты. Әлі де дами береді. Бұл үрдіс тоқтамайды деп есептеймін. Жорық барда ол ұдайы жаңғыра бермек.
Қоғамда осы жорық пен әділдік тең ұғынылып жатыр. Ендігі мақсатымыз – қысқа уақытта қалыптасқан осы заңды үрдісті әрмен қарай жетілдіру. Бұл, әрине, жаңа заманауи технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырылатыны анық. Мәселен, командалардың мәреге келуінің есебі электрондық түрде есептеледі, қай команда қай жерде келе жатқаны, қанша атпен келе жатқандығын онлайн форматта, жанкүйерлері үйден шықпай-ақ көруге мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, келер жорықта осы бағытта бірқатар жаңалық болады.
– Келер жылы да «Ұлы дала жорығы» Қостанай облысында өткізіледі деген хабарды естідік.
– Иә, келер жылы жорық Қостанай облысында өтетіні туралы шешім қабылданды. Ол жөнінде аймақ басшысы Құмар Іргебайұлы осы өткен жорықтың салтанатты жабылу шарасында жұртшылыққа мәлімдеді. 2026 жыл – Арқалық қаласының мерейлі белесі. «Ұлы дала жорығы» – осы айтулы мерекенің негізгі шараларының бірі болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»